Аймақтар • 18 Наурыз, 2021

Батыс Қазақстанда боранда жолда қалған 8 бала құтқарылды

380 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында боранды күні жолға шығып, далада қалып қойған жолаушылар құтқарылды. Оның ішінде балалар да болған деп хабарлайды Egemen.kz

Батыс Қазақстанда боранда жолда қалған 8 бала құтқарылды

Батыс Қазақстан облысында соңғы тәулікте құтқарушылар күшейтілген режимде жұмыс жасауда. Қар жауып, қатты соққан жел көз көрсетпес боранға айналды.

17 наурыз күні 20 сағат 58 минутта Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар министрлігінің Дағдарыс жағдайында басқару басқармасына Сырым ауданы, Шағырлыой кентінен 7 шақырым жерде орналасқан «Ахметжан» қыстағында трактормен жылқы іздеуге шыққан малшы жоғалып кеткені жөнінде хабар келіп түсті. Ең қиыны, трактор кабинасында кішкентай бала да болған екен. Департаменттің жедел-құтқару жасағы дабыл бойынша көтерілді. «ТРЕКОЛ» автокөлігімен іздестіру жұмыстары арада 4 сағат өткенде нәтиже берді. Түнгі 01 сағат 10 минутта балалы малшы құтқарылды. Олардың денсаулығына қауіп жоқ.

Дәл осы күні 22 сағат 06 минутта Сырым ауданы, Қоңыр ауылы аумағында Самара-Шымкент тас жолынан 10-15 шақырым қашықтықта Нива автокөлігі қар құрсауында қалып қойғаны туралы да хабар түскен. Құтқарушылар бұл жолы да жедел қимылдады. №14 өрт сөндіру пунктінің қызметкерлері оқиға орнына жетіп, 5 адамды құтқарды. Оның ішінде 1 бала болатын. Олар тұрғылықты жері Қоңыр ауылына жеткізілді.

Осы күні Сырым ауданы Тасқұдық ауылы шамасында қалың қардан жүре алмай жолда қалған Нива автокөлігінің 3 жолаушысы да құтқарылып, Жымпиты кентінің жылыту пунктіне жеткізілді.

18 наурызда түнгі 01 сағат 42 минутта Теректі ауданы Ақсоғым ауылы маңында, Барбастау-Индер тас жолының 71 шақырымында  3 жүк көлігі, 7 жеңіл көлік жүре алмай, жолда қалғаны анықталды. Құтқарушылар Ақжайық ауылындағы жылыту пунктіне адамдарды жедел түрде эвакуациялады. Құтқарылған 10 адамның ішінде 6-уы балалар екен. Автокөлік жүргізушілері эвакуациядан бас тартқан.

Наурыз айы бел ортадан асып кетсе де Батыс Қазақстан облысында қыс тағынан түсер емес. Сондықтан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті жолаушыларды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырып жатыр. «Жолдардағы жағдай туралы ақпаратты «Дәрмен» мобильді қосымшасынан алуға болады» дейді департаменттің баспасөз қызметі.