Аймақтар • 18 Наурыз, 2021

Қызылорда облысынан Қалқай ишанның мөрі табылды

623 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің Ақмешіт филиалы жаңа бастаманы қолға алды, деп хабарлайды Egemen.kz

Қызылорда облысынан Қалқай ишанның мөрі табылды

«Киелі мұра» деп аталатын жоба шеңберінде Сырдағы тарихи тұлғалардың көзіндей құнды дүниелерді зерттеу және насихаттау жұмыстарын бастаған музей қызметкерлерінің алғашқы жаңалығы атағы алысқа кеткен әулие, діни ағартушы Марал ишан Құрманұлының үлкен баласы Қалқай (азан шақырып қойған есімі Қалмұхаммед) ишанның мөрінің табылуы болып отыр. Құнды дүниені Марал бабаның Қармақшы ауданындағы ұрпақтары сақтап келіпті.     

– Бір қызығы, осыған дейін мөр Марал бабаға телініп келген екен. Филология ғылымдарының кандидаты, белгілі түркітанушы-ғалым Серікбай Қосанов мөрдегі жазудың мағынасын ашып берді. Онда «Қалмұхаммед ибн Марал ишан, хиджраның 1247 жылы» деп жазылғаны анықталды, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің Ақмешіт филиалы меңгерушісі Кенже Ахметова.

Қалқай  ишан Алаштағы белгілі діни қайраткерлердің бірі. 1815-1870 жылдары өмір сүрген ғұлама Бұқара мен Бағдат медреселерінен ілім алып, елге келгеннен кейін мешіт-медресе ұстаған. Елді егіншілік кәсіпке баулыған, Шығыс­тың қисса-дастандарына жетік білген қайраткер ел аузындағы жырларды жазып, жинақтаған деген дерек те бар. Әйгілі Шыңғыс сұлтанның ұлы Шоқанның есімін «Оғы белден өтсін, даты дұшпанына жетсін. Құдайым Қалқайдың айтқанын қабыл етсін, аты Мұхаммед-Ханафия болсын, атағы аталарынан да асып, ахиретке жетсін!» деген бата-тілекпен қойған да осы Қалқай ишан.  

Осыған дейін Сыр бойындағы тарихи тұлғалар жайлы жазбаша деректер ғана сақталып келсе, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Асхат Сайлаудың идеясымен жүзеге асырыла бастаған «Киелі мұра» жобасы өткенімізді тани түсудегі тың бастама болып отыр. Алда ертеде өткен билер мен батырлар, діни қайраткерлерден қалған дүниелерді жинастыру жалғаса бермек.  

Ұйымдастырушылар биыл жыл соңына дейін табылған жәдігерлерден көрме ұйымдастырып, арнайы кітап шығаруды да жоспарлап отыр.