Тарих • 18 Наурыз, 2021

Азаттықтың «Алтын адамдары»

8471 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

«Алтын адам, Алтын адам... Адам жоқ! Алтын қалған жарқыраған. Білмейміз, саудагер ме, қолбасы ма? Сараң ба, алтын үшін қалтыраған? Сары алтынның белгілі нарқы маған, қайда, бірақ алтыннан артық адам», деп дауылпаз ақын Мұқағали Мақатаев айтқандай, қазақ жерінен алғашқы алтын киімді адам 1969 жылы Есік қорғанынан табылды.

Азаттықтың «Алтын адамдары»

Отандық археологтер бұл мұраға (К.Ақышев, Б.Нұрмұханбетов) ерте темір дәуіріне тән 17-18 жастағы сақ жауынгері деген ғылыми пайым жасады. «Бұл жауынгер талай тылсым құпияның бетін ашты. Жауынгердің алтынмен апталған киімдері ежелгі шеберлердің алтын өңдеу техникасын жақсы меңгергенін аңғартады. Сонымен бірге бұл жаңалық дала өркениетінің зор қуаты мен эстетикасын әйгілейтін бай мифологияны паш етті», делінген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында.

Сөйтсек, жоғарыда табылған алтын киімді адам – Ұлы даланың ал­ғашқы қазынасы екен. Еліміз тәуелсіз­дік алғаннан кейін республика терри­то­риясының әр тарапынан, әртүрлі кейіпте жеті алтын адам табылды. Енді соларға жеке-жеке тоқталсақ...

 

 1.Тақсай ханшайымы

Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміз­дің рухани қазынасына қосылған құндылықтың бірі – Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы жерінен табылған Тақсай абызы. Бұл жәдігер 2012 жылы археолог Яна Лұқпанованың жетекшілігімен жүргізілген экспедиция нәтижесінде жарыққа шықты. Отандық археологияда «Тақсай оба кешені» деген атқа ие. «Тақсай-1», «Тақсай-2», «Тақсай-3», «Тақсай-4», «Тақсай-5» қорғандарына қазба жұмысын жүргізу кездейсоқтық емес. Өйткені бұл өңірден 1965 жылы жер жырту барысында әртүрлі жәдігер табылған болатын. Сөйтіп, арада 37 жыл өткен соң Тақсай кешеніне қазба жұмыстары қолға алынып, нәтижесінде керемет қазыналар табылды. Бұл артефактілер б.з.д. V ғасыр үлесіне жатқызылып, табылған бұйымдар ата-бабаларымыз сарматтардан қалған дүние екені дәлелденді.

Осылардың ішінде, кешеннің шығыс жақ шетінде орналасқан – диаметрі 41, биік­тігі бір метр болатын №6 обадан әйел адамның мүрдесі қазылып алы­­нуы жаңа тарих бетін ашты. Бұл мүр­де – аса қымбат әшекейлі киім киген, шо­шақ төбелі сәукелесінің ұшына тау ешкі бей­несі орнатылған.

Мойнында тұтаса құ­йылған қос салпыншақты гривна, үс­тіндегі киімінің кеуде тұсына: шар­­шы һәм сопақша пішінді барақ ит пен қой­дың басы бәдізделген алтын әше­кей­­­­лер және дөңгелек формалы алтын мон­­шақтар қапсырылса, жеңіне қас­қыр­­дың азу тістері қапсырылған алтын құй­малы салпыншақ тағылған. Білегінде мысық тектес мүйізді жыртқыштың бұзаумен айқасы суреттелген білезігі бар. Сол қо­лында толқын өрнекті көкшіл түсті шыны ыдыс, оң қолына қоладан құ­йыл­­ған алтын сапты айна ұстаған... Сонымен қатар қабірдің бір шетінен – саз­дан жасалған жіңішке мойынды ыдыс, ағаш тарақ салынған қобдиша та­былса, үңгірдің орта тұсынан – түйе басты қола қазан, тана көзді шыны-аяқ, үң­гір­дің батыс бұрышынан – ат әбзел­де­рі қазылып алынған.

Алтыншы обадан табылған тарақта, арба және екі адамның бейнесі сипат­тал­ған. Алдыңғы жағында мерген, артында арбакеш, оның қолында тізгін. Археолог Яна Лұқпанова бұл бейнеде аттылы парсы жауынгері мен жаяу сармат сарбазы арасындағы айқас суреттелген десе, та­рих ғылымдарының докторы Мұрат Сыз­дықов: «Тарақта бейнеленген соғыс көрі­нісі ғылыми ортада үлкен қызы­ғу­шы­лық туғызды» депті.

Тақсай қорған кешенінен табылған әйел абызды қалпына келтіру ісімен ар­хео­­лог Яна Аманкелдіқызы айналысса, оның фотобейнесін суретші Л.Тұрғын­баев­а жасап шыққан. Сондай-ақ кешеннен табылған жәдігерлерге Жапонияның Токио, Германияның Бохум және Франкфурт-Дюссельдорф, Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Орынбор, Челя­бі, Пущино, Новосібір қала­ларынан келген мамандар зерттеу жүр­гі­зіпті.

 

 2.Елеке сазы дегдары

Шығыс Қазақстан облысы, Тарба­ға­тай ауданы Көкжыра ауылынан оңтүс­тікке қарай 90 шақырым жерде орна­лас­қан Елеке сазы қорымының №4 обасынан табылған (2018 жылы) жәдігерге отандық археологтер «екінші алтын адам» деген баға беруде. Танымал архео­лог Зейнолла Самашев бастаған ма­ман­дар аталмыш алтын киімді мүрде біз­­дің заманымызға дейінгі VIII ғасырда өмір сүрген, жас мөлшері 17-18-дердегі боз­бала дейді.

Алтын киімді адам табылған обаның диаметрі 33,25 м, биіктігі 1,6 м. Сырты ормен қоршалған. Обаның ішкі жерлеу ка­ме­расында жасөспірім қыз бен жігіт қа­тар қойылған. Сонау бір замандарда көрдің ішкі қабырғасы құлағандықтан алтын киімді мүрделер тасқа бастырылып, тоналмай аман қалған. Отандық антропологтардың мәліметіне жүгінсек, бұл бозбала еуропа нәсілдес һәм екі мәйіт аналық жағынан бір-біріне туыс.

Обадан табылған дегдар жігіттің бас киі­мі және үстіне киген ұзын жең­ді камзолының қос өңірі, оң жақ белдігіне іл­ген қынапты қанжары мен сол жақ бел­­дігін­дегі тері қорамсағы түгел­дей аң стиліндегі (бұғы, барыс, қа­бы­лан) алтын әшекейлермен безен­ді­­ріл­ген. Ая­ғын­дағы ұзын қоныш етігі де ұсақ алтын моншақтармен әдіпте­ліп­ті. Қорам­сақ­тың ұзындығы 1 метрге жуықтаса, мо­й­нындағы сом алтыннан доғалап жа­саған ал­қаның салмағы бір кило. Қо­рамсақ ішін­дегі жебе қалдықтары мен оны иық­қа ілетін қайыстың әшекей бұйым­да­ры да жақсы сақталған.

«Бұл жәдігерлер ашылмай келген көп жұмбақтардың сырын шешуге мүмкіндік берді. Біріншіден, сол заманда материалды өңдеу технологиясы өте жо­ға­ры болғанын аңғардық. Алтынмен өте нәзік бұйымдар жасау оңай шаруа емес. Мұның артында үлкен шеберлік жатыр. Екіншіден, сегіз мың жыл бұрын өмір сүрген халықтар тұрмысы, діни нанымы, жерлеу рәсімі, немен қоректенді, т.б. құнды мағлұматтарға қол жеткіздік», дейді археологтер.

Осы орайда ерекше назар аударар дүние, алтын киімді дегдар бек­зат­тың аяқ-қол сүйектері балзамдау мақ­сатында тесілген екен. «Ежелгі көш­пен­­ділер салтында алыстағы адамдар тү­гелдей қоштасу рәсіміне қатысуы тиіс болғандықтан, мүрдені мумиялап, сақтау үшін ішек-қарнын алып тастап, сақ­таған болуы керек», дейді Ресей Ғылым академиясы Этнология және антропо­логия институтының қызметкері Егор Китов. Антропологтың болжамынша, Алтын адамның бойы 170 сантиметр шама­сында көрінеді.

– Елеке сазы дегдарының ғылыми жаңғыртпасын жасау кезінде, мүрденің сүйектерімен бірге in situ қалпында табылған костюмнің әшекейлері мен қару-жарақты негізге алдық, – дейді мамандар. Нәтижесінде, алтын жапсырмамен әшекейленген, киізден жасалған ақ түсті шошақ күләпара киген, етегі төмен түскен күдері шекпені бар, бала­ғы етіктің сыртына салынған ұзын шал­барлы дегдар жігіттің бейнесі жаң­ғыр­тылып, бұл мүсін қазақ даласында өмір сүрген халықтың ерте дәуірдегі эли­талық бейнесін әйгілеуімен құнды бол­ды.

 

 3.Шілікті әміршісі

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бас­тамасымен 2003 жылы қабыл­дан­ған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағ­дар­ламасы негізінде қолға алынған ша­­руал­ардың бірі – Шілікті қорғандарына жүр­гізілген археологиялық қазба жұ­мыстары. Географиялық тұрғыдан аума­ғы 80 шақырымды алып жатқан «Шілікті жазығы» Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы жерінде орналасқан. Оң­түстігінде Тарбағатай, шы­ғысында Сауыр-Сайқан, солтүстігін Ма­ңырақ тау­­ла­ры қоршап жатыр.

«Шілікті даласының тек орта шенінде 200-ден астам сақ дәуірі ескерткіш жәдігерлері бар. Соның ішінде 50-ге жуы­ғы ақсүйектер мен патшалар зираты. Мұндағы көне сақ ескерткіштерінің та­рихы б.з.д.VIII ғасырдан бастау алады. Ал сақ заманынан кейінгі қор­ғандар б.з.д. I-II ғасырды құрайды. Ес­кер­т­кіштердің кейбірі үйсін, кейбірі түр­кі­лер­дікі. Сондай-ақ б.з.д. VI-VII ғғ. тән жәді­герлер де кездеседі» дейді өңірге қазба жұ­мыстарын жасаған архео­лог-ғалым Әбдеш Төлеубаев мырза.

Жалпы саны 17 обадан тұратын үлкен кешеннің бірі – Бәйгетөбе обасы. Бұл нысанды қазу барысында, барлығы 4303 алтын бұйым табылса, солардың ішінде: тұмсықты барыс бейнелі 153, бүркіт пошымдас 36, бұғы мүсіндес 20, бөлтірік-қонжық типтес 39, арқар түстес бір қапсырма, сонымен қатар 23 сылдырмақ әшекей, 63 бұдыр түтікті сәндік бұйым, 17 жіңішке тілік, 7 сым, 141 жартышар пішінді салпыншақ, 2835 дана дәнекерлі бүрме, 223 дана майда моншақ, 743 дана сақина, т.б. жәдігерлер қазақ қазынасын толықтырыпты.

Жоғарыда табылған бұйымдар аң стилі дәуірінің алғашқы кезеңіне тән дүние, дейді ғалымдар. Мұндағы мүсін­деу шеберлігі, жануар бейнелерінің тамаша стилизациясы, заттарды дәл жеткізе білу тәсілі айрықша екені анық.

Бәйгетөбе обасын қазу кезінде, бал­қа­ра­ғайдан қиюластырып салған көлемі 4,8х4,6 метр шаршы қима-таған табылады. Оның ішінде жатқан екі мәйітке сараптама жүргізген антропологтар бі­ре­­уі – 40-50 жастағы еуропа келбетті ер адам, екіншісі – 50-60 жас шамасында аралас нәсіл (еуропеоид-моңғолоид) еке­нін анықтады.

Осындағы ер адамның мүрдесі не­гізін­де қазынамызға «Шілікті әміршісі» деген атпен енген алтын киімді адамның жаң­ғыртпасы жасалды. Бұл істі атқару ке­зінде, ерте темір дәуірі мен орта ға­сырларда Еуразияны мекендеген тай­палардың киім үлгісі жайлы мәлі­мет­тер кеңінен пайдаланылып, ер адамға алтын әшекейлі шекпен, шалбар, етік, шошақ төбелі бас киім кигізіліп, оның сыртынан азиялық стильде алтынмен әдіптелген шапан жабылыпты. Белдігіне қанжар мен қыны бар қылыш бекітіліп, алтынды мойын алқа және сырға-жүзік тағы­лады. Әміршілік нышаны ретінде қо­лына – ұштығында таутеке мүсінді асатаяқ ұстатылған екен.

 

 4.Үржар ханшайымы

Ғылыми ортада «Үржар ханшайымы» атымен белгілі тағы бір археологиялық құнды қазынамыз 2011 жылы белгілі болды. Бұл жәдігерге мамандар б.з.д. IV-III ғасырларда өмір сүрген, билеуші әу­леттен шыққан әйел деген анықтама беріп отыр.

Жаңалықтың ашылуын кездейсоқ жағдайда туындаған оқиғаның жемісі деуге болады. Осыдан 20 жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауда­ны аумағын көктей өтетін Таскескен – Бақты тас жолын жөндеу кезінде, қорған алғаш рет көзге түскен. Бұл қорғанның орна­ласқан жері Алтыншоқы ауылдық округі. Семейлік ғалым Амантай Исин «қазы­на табылған жердің атауына зер салсаңыз, оның тегін емес екенін бай­қай­сыз. Алтыншоқы «Алтынды төбе» дегенді білдіреді» дейді.

Сөйтіп екі жылдан кейін 2013 жылы қорғанға қазба жұмысын жүргізген Темір Смағұлов басқарған археологтер үлкен олжаның үстінен түсті. Олар диаметрі 16, биіктігі бір жарым метр обаны қазу барысында оның екі бөлек құрылымнан тұратынын анықтады. Көлемі 7х0,6 метрді құрайтын бірінші нысаннан ер адамның екі мың жыл бұрын кепкен мүрдесінен басқа ештеңе табылған жоқ. Ал аумағы 3,3х5 метр, биіктігі жарты құлаш келесі нысанды қазғанда тереңнен тасқабір (саркофаг) анықталып, оның ішіне жерленген 30-35 жастағы әйелдің сүйегі табылады. Тас саркофагты ашу барысында би­леу­ші әйелдің қасынан алтын сырға мен құрбандық шалуға арналған тастан жа­сал­­ған бұйым анықталады. Со­нымен бірге ханшайымның сол жа­ғын­дағы шұң­қырдан ағаш табақ, ішіне қой­дың жам­басы салынған керамикалық қазан қатарлы бұйымдар шыққан екен.

Әйел адамның қаңқа сүйектерінде көк және жасыл түсті мата қалдықтары сақталған. Ең басты құндылық – биіктігі 28 см конус тәрізді әйелдің алтын бас киімі. Бұл бас киім – өсімдік тәріздес өрнектер және зооморфты айшықтары бар қиял-ғажайып жануар бейнелерімен әдіптелген. Сәукеленің ұшар басы алтын сымдардан шиыршықталып әше­кей­ленсе, төменгі жағындағы бұ­йым­дар­дың беті кедір-бұдырлы іл­мек­термен бәдізделіпті. Мұндай үлгідегі дүние­лер сақ жауынгерлерінің салтанатты шарада киетін киімдері, дейді мамандар.

Жоғарыдағы құнды жәдігердің жаң­ғырт­пасын жасаған реставратор Қырым Алтынбеков, мұраны қалпына келті­ру үшін қолда бар археологиялық ма­териал­дарды пайдаландым және Па­зы­рақ мәдениетіне қатысты стильдік үлгілер де жинақталды, дейді. Сөйтіп ұзын көйлекті, оның етегі қырыққұлақ жапырақтарымен көмкерілген, басында қызыл жібек жамылғы, оның үстінде көк матамен қапталған сәукелесі бар, аяғында жұмсақ былғары етек, бас киімі фантастикалық құс бейнелі һәм киік пішінді алтын әшекеймен безендірілген, құс­тың екі жағында желпуіш түрінде қос шашақ орналасқан...

«Ханшайымның бұл реткі жаң­ғырт­­па бейнесі ежелгі көшпенділер қо­­ға­мындағы әйелдің орны мен оның әлеуметтік мәртебесін анықтайтын бірден-бір мұра» дейді тарихшылар.

 

5.Берел сұлуы

Отандық археологияда орны зор қазы­наның бірі ж.с.д. IV–III ғғ. үле­сі­не тән Шығыс Қазақстан облысы, Ка­тон­қарағай ауданы жеріндегі Бұқтыр­ма өзені алқабында орналасқан – Берел қорымы. Бұл нысанға 1997 жылдан бас­тап қазба жұмыстарын жүргізген археолог Зейнолла Самашев, «ежелгі көшпе­лі­лер көсемдерін жерлеуде табиғаты ғажап мұндай өңірді таңдауы тегін емес. Оба­лар орналасқан аумақ орманмен көм­керіліп биік таулармен қоршалған. Қорым үстінен қарағанда эллипс тә­різ­дес төрт обалар тізбегінен тұрады. Әрбір тізбекте доминат оба бар», дейді.

Қазіргі таңда обалар тізбегіндегі 40-тан астам нысанға зерттеу жасалды. Жұ­мыс әлі аяқталған жоқ. Осы аралықта археологтер көшпенділер қолға үйретіп, иесімен бірге жерленген толық жарақты жыл­қы­ларды тапты. Оның сыртында, ең үлкен жаңалық 5-ші қорғаннан бұдан 2300 жыл бұрын өмір сүрген, алтын киімді 14-16 жасар қыз баланың мүрдесі табылуы.

Қызбен бірге екі жылқы жерленген және қасына үлкен-кіші қос құмыра қойылған, оның қасында алтын сапты ырым пышақ бар. Қыздың сүйектерінде тері-мата қалдықтары сақталған. Осын­дағы артефактілер негізінде өткен жылы археолог З.Самашевтың жетек­ші­лігі­мен, суретші Қалиолла және Райгүл Ахметжановтар атсалысуы­мен «Берел сұлуының» ғылыми жаң­ғырт­пасы жасалды.

Атап айтқанда, жас қыздың басында қызыл матамен әдіптелген биік сәуке­ле­сінің ұшына бұғы мүсінді титул қон­дырылса, қарқараның өн бойы жа­пырақты алтын әшекейлермен бәдіз­делген. Үстіне киген жұмсақ тері жар­ға­ғының қос өңірі шаршы алтын бұйым­дар­мен көмкеріліп, аяғына сырты жүнді терімен қапталған қысқа қоныш, басы алтын оюлы етік кигізілген. Бұл мүсін қазір Өскемен қаласындағы облыстық тарих және өлкетану музейінде тұр.

 

6.Талды ханзадасы

Тәуелсіздік жылдары табылған құн­ды қазынамыздың бірі – Талды ханза­дасы. Бұл жәдігер Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы орталығынан 44 шақырым қашықта орналасқан. Обаға 2009-2010 жылдары археолог Арман Бей­сеновтің жетекшілігімен қазба жұ­мыс­тары жүргізілді. Өңірде бір-біріне жалғасып жатқан жеті қорған-оба тізбегі Талды өзені аңғарын көлбей қоныс теп­кендіктен ғылыми тілде «Талды қор­ған­дары» деген атауға ие.

Арқа өңіріне тән ежелгі кезең тарихын зерттеуші Игорь Кукушкиннің пікіріне жүгінсек, мұндағы қорғандар тізбегі Алтын Орда заманынан бастап, қола дәуірді қамтитын нысандар көрі­неді. Сондықтан да шығар, археологтер Талды – 2 қорымының № 2 обасын ж.с.д. VІІ ғ. үлесіне жатқызса, ір­гелес тұрған № 5 обаға ж.с.д. VІ ғ. деген анықтама бе­ріпті.

Қорымға қазба жұмыстарын жүргізу нәтижесінде, 200-ге жуық ірі алтын бұйым, 22 мыңнан астам ұсақ бұйымдар табылған. Сөйте тұра, мамандар барлық оба ерте кезде тоналғанын айтады. Десек те, көпшілік назарын аударған дүние – №5 обада жерленген 30-35 жастағы ер адам мен №2 обадан табылған 50-55 жастағы әйелдің мүрдесі. Антрополог А.Исмағұлова бұл адамдар аздаған моң­ғо­лойд қоспасы бар еуропалық нәсіл еке­нін айтады.

Экспедиция жетекшісі, археолог Арман Бейсенов «қорымнан табыл­ған сақ жауынгері алтын киіммен жерлен­ген­діктен бұл да кезекті «алтын адам» ретінде танылуы тиіс. Екіншіден, бұл пенде әрі билеуші, әрі жауынгер болған сыңайлы» деген жорамал айтады.

 Өйткені адамның кеудесі толықтай алтынмен апталған. Сонымен қатар аталмыш қорған ішінен 130 дана дара алтын бұйым, сонымен қатар алтыннан жасалған көптеген інжу-маржан мен қабыршақ, қоладан жасалған 14 жебе, тас моншақ табылса, алтын бұйымдар арасында мысықтектес жыртқыштың шебер мүсіндері, садақ оқтарын салып белде тағып жүруге арналған оқ­шан­тай қорамсақ, сырғалар, алқалар, т.б. бұйымдар анықталған.

Талды ханзадасының ғылыми жаң­ғырт­пасын жасаған археолог А.Бейсенов пен реставратор Қ.Алтын­беков, Тасмола мәдениетінің ескерткіш­те­рінен алынған киім элемент­терін қолдана отырып, Тыба жерінен ашылған Аржан-2 қорымынан алынған деректерді пайдаландық, – дейді. Нәтижесінде, алтын жапсырмалы қысқа күртеше киген, конус тәрізді ала­са бас киімі бар, шалбарлы, мүсін­нің тұла бойы аң стилінде жасалған алтын бұйымдармен әшекейленген, жауын­герлік биік мәртебесін әйгілейтін мойынал­қалы, белдігіне қос қанжар асынып, ар­ғымақ жетелеген «Талды ханзадасын» мүсіндеп шығыпты.

 

7.Сармат көсемі

Ұлы даланың ежелгі тұрғындарының бірі – сарматтар. Бұл қауым б.з.б. VІІІ ғ. – б.з. VІІІ ғасыр аралығында еліміз­дің батыс өңірі Орал-Жайық алқабын ме­кен­дегені жайлы деректі білеміз. Соның бір дәлелі іспеттес – Аты­рау облысы Жылыой ауданы, Құл­сары қаласынан 70 шақырым жерде орналасқан, уақыт тұрғысынан б.з.д. ІІ – І ғасыр аралығына жататын Аралтөбе қор­ған­дары. Бұл нысан 12 бөліктен тұрады.

Осылардың ішінен таңдап алынған үш қорғанға 1999 жылы археолог З.Самашев қазба жұмыстарын жүргізіп, бі­рін­ші қорғаннан – адам сүйектері, қан­жардың сынығы, жүзден астам оғы бар қорамсақ, екінші қорғаннан – садақ жебелері, балшық құмыралар, мон­шақ­тар және б.з.д. І ғ. - б.з. І ғ. саналатын темір қылыш тапты. Ал жартылай то­нал­ған үшінші қорғаннан – біз сөз етіп отырған сармат көсемінің мүрдесі қазып алыныпты. Көсемнің сауыт-сайманын безендіріп тұрған алтын жапсырмалар мен асатаяғы және құрбандыққа шалынған екі жылқы мен бүркіттің сүйек қалдықтары зерттеушілер назарын аударады. 45-55 жас шамасындағы көсемнің киімі – алтын заттармен безендірілумен қатар, шашын түйген байламшасы, қару-жарақтары, қорамсақ жиектері, аса­таяғындағы самұрық бейнесіне шейін алтынмен апталған. «Мұндай қымбат артефактілер бұл адамның тайпа көсемі екендігіне дәлел», дейді тарихшылар.

Сөйтіп ғылыми ортада «Сармат кө­семі» деген атқа ие құнды жәдігердің ғы­­лыми жаңғыртпасы (З.Самашев, Қ.Алтынбеков) жасалды. Бұл істі атқар­ғанда, сарматтар мен ерте темір дәуі­рін­дегі басқа да тайпалардың жерлеу орнынан алынған материалдарға сүйене отырып, көсемге әуелі сәнді көйлек жабылып, оның сыртынан алтын әшекейлі қысқа күртеше мен бұтына тар шалбар кигізіліпті. Беліне алтынды белдік тағылып, оның доғалығына жусап жат­қан қошқар мүсіні жапсырылады. Ал аяғына қысқа қонышты былғары етік сай келсе, көсемнің алдына қазбадан табылған темір қылыш көлденең тартылып, сол жақ бүйіріне қорамсағымен қоса садақ асындырылып, оң қолына алтын пластиналы ұзын асатаяқ ұсталған екен.

Түйін: Міне, бұлардың бәрі тә­уел­сіз­дік жылдары табылған жә­ді­гер­лер. Яғни азат­тықтың арқасында өз жерімізге, өз ма­мандарымыз ғылыми қазба жұмыс­та­рын жүргізіп, нәтижесінде 30 жылдың ішінде қазынамыз жеті Алтын адаммен толықты.