Аймақтар • 19 Наурыз, 2021

«Масатыдай құлпырған...» кілемдер көрмесі ашылды

779 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы Мемлекеттік Орталық музейінде музей қорында қалпына келтірілген кілем және тоқыма бұйымдарының негізінде «Масатыдай құлпырған...» кілемдер көрмесі ашылды, деп хабарлайды Еgemen.kz

«Масатыдай құлпырған...» кілемдер көрмесі ашылды

«Масатыдай құлпырған...» көрмесін еліміздің оңтүстік, солтүстік және батыс өңірлері дәстүріне сай тоқылған, көркемдік-тарихи маңызы жоғары бірегей қазақ кілемдерінің музей қорындағы бірегей коллекциясы ұсынылып отыр. Қалпына келтірілген кілем және тоқыма бұйымдары музей қорында ұзақ жылдар бойы сақталуының сыры ұлттық жәдігерлерге жаңа тыныс беріп, көркемдігін қалпына келтірген музей реставраторларының кәсіби шеберлігімен тығыз байланысты.

Орталық музейдегі қалпына келтіру бөлімінің отыз бес жылдық тарихы бар. Негізі  1986 жылы қаланған бөлімнің қалыптасуына ұзақ жылдар бойы осы салада еңбек еткен тәжірибелі мамандардың тарихи-мәдени ескерткіштерді жаңғырту, қалпына келтірудің қыр-сырын, тәсілдерін игерудегі атқарған еңбектері зор.

Орталық музейдің қоғаммен байланыс мамандарының деректері бойынша, тарихи-мәдени артефактілерді қалпына келтіру жұмыстары тарихи, мәдени, музейлік маңызы бар музей заттарының бұзылуының алдын алуға, сондай-ақ оларды ұзақ уақыт сақтаудың оңтайлы жағдайларына қол жеткізу Мемлекеттік Орталық музейі қызметінің маңызды бағыттарының бірі дейтін болсақ,  музей қорында сақталып келген музейлік бұйымдар мен заттардың жай-күйі және олардың әрмен қарайғы «өмірі» қалпына келтіру (реставрация) жұмыстарының қаншалықты жолға қойылғандығымен байланысты.

Музейде қазіргі кезде музейде кескіндеме, графика, қыш, мата бұйымдары, кілем-киіз, т.б. құндылықтар түрлері бойынша маманданған 8 біліктілігі жоғары  суретші-қалпына келтіруші жұмыс істейді.

Көрменің мақсаты музейі қоры негізінде қазақ халқының кілем және тоқыма бұйымдарының тіршілік қамы функциясын, сонымен қатар, олардың жасалу материалдары мен техникасын, қолданыс аясын, шаруашылық, тұрмыстық және де дәстүрлі кілем тоқу мәдениетінің алуан түрлілігін көрсету болып табылады. Сондай-ақ, еліміздің ұлттық мәдени игілігі болып табылатын аталмыш  құндылықтарды жандандырудағы қалпына келтірушілердің күрделі жұмыстарымен таныстыру. Көрмеге келушілер музей жұмысының түрлі қырлары мен «құпияларын», музейлік заттарды қалпына келтірудегі барлық күрделі әрі көпсатылы жұмыс барысын тамашалай алады. Әрі еліміздің әр өңіріндегі кілемдердің сипатын, стилін және жасау техникасын салыстырып қана қоймай, сонымен қатар, қазақ киіз үйінің жабдықтары мен интерьерінің саналуан түрлерін  көруге мүмкіндік туып отыр.