Қоғам • 21 Наурыз, 2021

Асыға күтетін мерекем

250 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тәуелсіздігімізбен бірге босағамызға еніп, төрімізге нық орныққан Наурыз мейрамы бүгінде барша қазақстандықтың жалпыхалықтық мерекесіне айналды. Ал Қостанай өңірінде Наурызды қарсы алудың ерекше дәстүрі қалыптасқан. 22 наурызда орталықтағы Достық үйінің маңындағы алаңда өз ұлттық киімдерін киген түрлі этнос өкілдері бас қосып, Ұлыстың ұлы күні – Наурызды мерекелейді.

Асыға күтетін мерекем

Орталық алаңға отау тіккен облыс­тағы 15 этномәдени бірлестік пен түрлі мекеме, кәсіпорын қала тұрғындарына наурызкөже, ыстық бауырсақ, сүмәләк, ұйқыашар, палау, қымыз ұсынып, бірлік пен ынтымақты ту еткен берекелі елдің ырыс-ырыздығы мол тату-тәтті тұрмысын көрсетеді. Бұл күні шынайы жүректен шығып, көңіл ернеуінен асып-тасып төгілген ақ тілектер жарасым тауып, балуандар белдесуі, арқан тартып, гір көтеріп күш сынасқан спортшылар сайысы мен сахнада сән құрған бишілер мен өңір өнерпаздарының ән шашуы мереке думанын қыздыра түседі.

Мен – көп балалы отбасынан шық­қан орыс қызымын. Қостанай ауданын­дағы Алтын дала ауылында қазақ мектебін тәмамдадым. Отбасымыздағы апа-сіңілі, інілеріммен қазақша, ата-анаммен орысша сөйлесемін, өйткені әке-шешем қазақ тілін білмейді. Маған тіл үй­реткен – қазақ мектебі, сыныптас құр­бы­ларым. Ұстазым Жұмабике Нұр­сейітова апайдың арқасында үш жыл­дың ішінде қазақша сөйлеп кеттім. Мектеп қабырғасында жүріп, облыс­та өткен Абай оқулары байқауында бірнеше рет жеңімпаз атандым. Ал Семейде өткен республикалық байқауда жүлделі екінші орынға ие болдым. Абай атамыздың 150, Шәкәрімнің 100-ден астам өлеңін жатқа білемін. Мұны жай мақтан үшін емес, өзгелерге үлгі болсын деп айтып отырмын. Өйткені қазақ тілін меңгеріп, қазақтың ұлттық салт-дәстүрін құрметтеген адамның өзі де құрметке бөленіп, өмірден өзіне лайық орын таба алатынына көзім жетті.

Қазір облыстық білім басқарма­сындағы Рухани жаңғыру бөлімінде сектор меңгерушісімін, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша білім саласында белгіленген 17 арнайы жобаның жүзеге асырылуын қадағалаймын. Біз­дің бөлімнің ұйымдастыруымен 15 нау­рыздан бастап облыстың білім беру мекемелерінде Наурыз мейрамына арналған «Бауырсақ пати» акциясы мен «Дәстүр» челленджі өтеді. Бұған өңірдегі қазақ, орыс мектептерінің бәрі қатысады. Мысалы, «Бауырсақ пати» акциясының ережесі бойынша мектептердегі әр сынып бауырсақ пісіреді. Көрші мектеп оқушыларынан құрылған қазылар алқасы бауырсақтан дәм татып, баға беріп, ең дәмді бауырсақты анықтайды. Одан кейін оқушылар сайысы басталады. Әр сынып пісірген бауырсақ ортаға қойылып, одан дәм тату үшін байқауға қатысушы шәкірттер Наурызға қатысты алдын ала әзірленген сұрақтарға жауап беруі керек немесе мерекеге байланысты ән салып, өлең оқуы тиіс.

Наурыз – біздің отбасымыздың, әсіре­се әке-шешеміздің ерекше асыға күтетін мерекесі. Өйткені үйдегі алты баланың бәрі қалада жұмыс істейміз. Наурыз мерекесіне орай берілетін демалыс күндерінде бәріміз үйде бас қосып, ата-анамызды құттықтаймыз. Шешеміз сүр ет асып, бауырсағын пісіріп, дастар­қа­ны­­на құрт, ірімшік, тәтті тағамдарын қо­­йып, бізді күтіп отырады. «Жаңа күн құтты болсын, Ұлыс оң, ақ мол бол­сын!» десіп, бір-бірімізге ізгі ті­ле­­гі­­­­міз­ді арнап, мәре-сәре болып, қара­ша­­­­ңы­­­­р­ақ­та екі-үш күн аунап-қунап қай­­та­­­­мыз. Бұл күндері дастарқанымыз жиыл­­­май­ды, ізгі тілектерін арқалаған көр­­ші-қолаң, ағайын-туыстарымыз ке­ліп, ша­­ңы­­­ра­­ғымыз қуаныш пен шат­тық­­қа ке­­не­леді. Наурыз мерекесінде ұс­таз­­­дарым­­­ның, құрбы-құрдас, сынып­тас­тарым­­ның үйіне барып, наурызкөже ішіп, ән айтып, өткенді еске алысып бір жасап қаламыз.

Ұлыстың ұлы күні – елдігіміз бен бірлігімізді арттыратын ұлық мереке. Наурыз жаңарудың, бейбітшілік пен жарқын өмірдің мерекесі. Бұл күнге адамдар көңілге кірбің ұялатқан барлық ре­нішін кешіріп және жамандық атау­лыны ұмытып, жаңа жылға жүрегін мейірімге, көңілін таза ниетке толтырып аяқ басады. Барша қазақстандықтарды әз Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, Отанымыз жылдан-жылға дамып, өміріміз гүлдене берсін деп тілеймін! Ұлық мереке баршамызға тек жақсылық әкелсін, әр үйге бақыт құсын ұялатсын!

 

Татьяна СИТНИКОВА,

Қостанай облыстық білім басқармасының маманы