Қоғам • 20 Наурыз, 2021

Ұлттық халық санағы: ұпай түгенделетін тарихи сәт

2797 рет
көрсетілді
36 мин
оқу үшін

Алдағы күз айларында тұтас бір мемлекеттің ішкі болмыс-бітімі, халықтың тыныс-тіршілігі таразыға тартылатын тарихи сәт күтіп тұр. Олай дейтініміз, он жылда бір рет өткізілетін Ұлттық халық санағы еліміз егемендік алғалы бері осымен үшінші мәрте ұйымдастырылғалы отыр. Үш он жылдықта жеткен жетістігіміз болса, жіліктеп жіпке тізетін, кеткен есеміз болса, кері бұрылып кем-кетігін айқындап алатын сәт бұл. Әрине, халқымыздың барын бағамдайтын бұл санақ өз дәстүрінен жаңылмағанда осыдан тура екі жыл бұрын қолға алынып, нәтижесі сарапталуы тиіс еді. Алайда түрлі себептерге байланысты бұл жұмыс алдымен 2020 жылға, кейін пандемияның кесірінен 2021 жылға шегерілді. Осылайша, ұпайымыз түгенделетін Ұлттық санақты өткізудің сәті биыл келген секілді. Жалпы, халық санағы – белгілі бір уақыт шеңберінде халықтың демог­ра­­фиялық, экономикалық, әлеу­мет­тік си­паттағы ақпаратын жинау, өңдеу, жа­риялау, тарату мақсатындағы жал­пы­ұлт­тық статистикалық сараптау са­нал­­ғанымен, оның ауқымы әлдеқайда кең. Себебі санақтың қорытындысы есеп-қисап үшін ғана емес, ең алдымен мемлекеттің алдағы даму бағытын айқындау, басқарушылық шешімдер шығару үшін қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің үшінші отырысында Ұлттық санақты ұйымдастыру мәселесін айта келе, халық санағы тұр­ғын­дардың нақты санын, оның жас және гендерлік құрамын, урбанизация деңгейін, табыс көлемі мен басқа да маңызды талдау деректерін анық­тап, тексерілген әрі дәйекті бас­қа­ру­шылық шешімдер қабылдауға мүм­кін­дік беретінін атап өткен болатын. Сон­дық­тан мәнге де, мазмұнға да бай бұл науқанға біржақты қарауға болмайды.
Келелі іске дайындық барысы да кеңі­нен қолға алынып жатыр. Ел Прези­денті­­нің тапсырмасы бойынша осы Ұлт­тық санақты ұйымдастыру және өткі­зу жұмыстарымен айналысатын арна­йы комиссия құрылды. Бұл ретте «Egemen Qazaqstan» газеті елді елең еткізген енді­гі науқан алдында дөңгелек үстел ұйым­дастырған еді. Оған Премьер-Министр­дің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статис­тика бюросы басшысының орынбасары Нияз Көшкімбаев, Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Экономика институтының ғылыми қызмет­кері, әлеуметтанушы Айсұлу Молда­бекова, БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілді­гінің баспасөз хатшысы Эльнара Байна­зарова қатысып, орамды ой-пікірлерін ортаға салды.

Ұлттық халық санағы: ұпай түгенделетін тарихи сәт

Ұлттық санақты ұйымдастыру басталды

– Әлихан Асханұлы, алғашқы сұра­ғы­мызды сізге қойсақ деп отырмыз. Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақстан Республикасының 2021 жылғы Ұлттық халық санағын жүргізу жөніндегі арнайы комиссия­ құрылған болатын. Осы комис­сия­ның төрағасы ретінде комиссия жұ­мысының негізгі мақсатын қалай түсін­діріп бере аласыз?

Әлихан СМАЙЫЛОВ:

– Өзіңіз айтып отырғандай, елімізде Қазақстан халқының ұлттық санағын ұйымдастыру мен өткізу барысында ұйымдастырушылық және нұсқаулық мәселелерін шешу үшін арнайы комиссия құрылды. Комиссия жұмыс барысында Ұлттық халық санағын ұйым­дас­ты­ру мен өткізу кезінде туындайтын ұйым­дастырушылық мәселелер мен проб­лемаларды шешу жөнінде ұсы­ныс­тарды әзірлейді, сондай-ақ орта­лық атқа­рушы және басқа да мемле­кет­тік органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды.

– Ұлттық халық санағын өткізу ке­зінде қандай қаулылар мен шешім­дер­ге, қандай бағдарламаларға сүйе­не­­сіздер?

Нияз КӨШКІМБАЕВ:

– Ұлттық халық санағын өткізу кезінде 2015-2024 жылдар аралығындағы кезең­де әрбір мүше мемлекет кемінде бір халық және тұрғын үй қоры санағын өткізуге шақырылған БҰҰ-ның 2020 жылғы Халық санағы және тұрғын үй қоры жөніндегі дүниежүзілік бағ­дар­ла­масына, ТМД Мемлекеттері басшылары кеңесінің ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде 2020 жылға барынша жақын мерзімде кезекті халық санағын өткізу туралы шешіміне, Қазақстанның «Мемлекеттік статистика туралы» заңы­на, Үкіметтің 2010 жылғы 11 қазан­дағы «Ұлт­тық санақтарды жүргізу қағи­да­­сы мен мерзімдері туралы» №1049 қаулысына, сондай-ақ Үкіметтің 2019 жылғы 19 маусымдағы «2020 жылы Ха­лық­тың ұлттық санағын өткізу туралы» № 419 қаулысына, іс-шаралар жоспарына сүйенеміз.

– Ұлттық халық санағын ұйымдас­ты­­руға, өткізуге байланысты дайын­дық жұмыстары басталды ма?

Нияз КӨШКІМБАЕВ:

– Қазіргі уақытта барлық дайындық іс-шаралары аяқталды. Тиісті нормативтік-құқықтық базаға өзгерістер енгізілді, 2021 жылы халық санағын өткізу жос­пары бекітілді. Санақ мақсаттары үшін тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді бар­лық қажетті мемлекеттік сатып алу жүргізілді. Санақ құжаттамасы да­йын­­далып, өңірлерге жіберілді және қанат­қақты санақ жүргізілді.

– Үкіметтің бұл ауқымды науқанға дайындығы қалай жүріп жатыр?

Әлихан СМАЙЫЛОВ:

– Осы жылғы 10 ақпанда 2021 жылы Қазақстан халқының ұлттық санағын да­йын­дау мен өткізуге байла­нысты ұйым­дастырушылық және нұсқаушылық мәселелерді шешу жөніндегі арнайы комиссияның ең алғашқы отырысы өтті. Онда орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарының ха­лық санағын өткізу жөніндегі бекі­тілген іс-шаралар жоспарының тар­мақ­та­ры­ның орындалуы және жалпы санаққа дайындық барысы талқыланып, қажетті хаттамалық тапсырмалар берілді.

– Комиссия өз жұмысын бастаған соң Ұлттық халық санағын өткізу күні де бекітілген болар? Нияз Жеңіс­ұлы, тақырыпты одан әрі өзі­ңіз тар­қатып берсеңіз. Дайындық ке­зін­­де қандай мәселелер ескеріледі? Са­нақ жүргізуге жауапты жұмыс органдарына тоқтала кетсеңіз?

Нияз КӨШКІМБАЕВ:

– Қазақстанда Ұлттық халық санағын 2021 жылдың қазан айының 1-30 күндері аралығында өткізу жоспарлануда. Халық санағын өткізуге дайындық барысы пандемия шектеулерін ескере отырып, жүргізілетін болады. Осы жылғы санаққа жауапты орган – Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы. Әлихан Асханұлы айтып өткендей, Қазақстан халқының ұлттық санағына дайындық және өткізу жұмыстарына байланысты ұйымдастырушылық, нұсқаушылық мәселелерді шешу үшін арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына орталық мемлекеттік органдардың басшылары, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері кіреді. Бұл ретте, Стратегиялық жос­парлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы мен Қор­ға­ныс, Ішкі істер, Сыртқы істер, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау минис­трлік­те­рінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арасындағы өзара іс-қимыл тәртібі әзір­ле­ніп, бекітілді. Сондай-ақ, осындай іс-қимыл тәртібі жергілікті атқарушы органдармен, облыстардың және Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қала­лары әкімдіктерінің арасында да ай­қын­далды.

– Халықтың әлеуметтік жағдайы мен демографиялық ахуалдың байла­ны­сы жөнінде жүргізілген отандық зерт­теулер мәселесі қаншалықты жол­­ға қойылған? Мемлекеттік органдар тарпанынан мұндай зерттеулерге сұ­­ра­ныс бар ма?

Айсұлу МОЛДАБЕКОВА:

– Халықтың әлеуметтік жағдайы мен демографиялық ахуалын болжау туралы зерттеуді Президент Әкімшілігінің тап­сырысымен Білім және ғылым ми­нис­трлігі Ғылым комитетінің Эконо­ми­ка институты жүргізді. Сондай-ақ осы сипаттағы зерттеулерді Білім және ғы­лым министрлігі өткізетін ғы­лы­ми конкурстар шеңберінде де жүзеге асы­ру­ға болады. Осы мәселеге қатысты салалық ведомстволардың, Білім және ғы­лым, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері мен ғылыми инс­титуттардың қатысуымен кешенді ғы­лы­ми-техникалық бағдарлама әзірлеу қа­­жет деп есептеймін. Осы секілді стра­тегиялық маңызы бар мәселелер ғы­­лыми конкурссыз, мақсатты қаржы­лан­­дыру арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Бұл зерттеулерге мемлекеттік ор­ган­дар, ғылыми институттар мен са­рап­­шылар қауымы бірлесе жұ­мылуы керек. Демография мен әлеу­мет­тік-эко­но­микалық жағдайдың байланысы іргелі әрі практикалық маңызы бар тақырып деуге болады. Бұл – Қазақстан үшін, тіпті, стратегиялық бағыттардың бірі.

 

Осы жылы олқылық болмауы тиіс

– Әлемде туындаған күрделі жағ­дай биылғы санақ нәтижелерінің са­па­­сына қаншалықты әсер етеді?

Эльнара БАЙНАЗАРОВА:

– Кейінгі кездесулер барысында айқындалған басты қиындықтарға тоқ­тал­­сақ, ең алдымен, санақ ауқымын қыс­қарту немесе бетпе-бет сауалда­ма­ны мейлінше азайту туралы хабар­ланды. Оған қоса, деректерді жинау әдістемесін өзгерту және онлайн немесе телефон арқылы өтетін сауал­дамаларды енгізу мәселелері талқы­лан­ды. Кейбір елдер халық санағы әдіс­темесіне үлкен өзгеріс енгізуді және әкімшілік деректерді кеңірек пай­далану мүмкіндігін қарастырып отыр. COVID-19 дағдарысынан туын­да­ған ресми статистикаға қатысты қиын­дық­тар уақыт өткен сайын арта береді. Статистикалық кеңселер қайта ашылып, мәліметтер жинау тәжірибесі қа­лып­ты жағдайға келгеннен кейін де дағдарыстың салдары туралы ақпаратқа жаңа сұраныс пайда болады. Пандемия салдары туралы деректерді барлық ұйым мен мекеме қажет ететіні анық. Оның ішінде карантин шаралары қаншалықты тиімді болғаны болашақ тәжірибе үшін де маңызды. Індет салдарынан қанша адам кедейлік шегінде өмір сүріп жатыр, қаншасы мигрант немесе босқын болды, экономика қалай өзгергені секілді өзге де сауалдар түбегейлі зерттеуді қажет етеді. Жаңарған статистикалық мәліметке деген қызығушылық жоғары екені түсінікті. Ал пандемияның санақ сапасына қалай әсер ететінін дөп басып айту қиын. Бұл мәселе болашақтың еншісінде. Дегенмен, пандемия статистика саласына да өзгерістер мен қиындықтар ала келгені анық.

– Ұлттық халық санағы барысында бірқатар маңызды талдамалық деректер жиналатыны белгілі. Алдағы уа­­қытта бұл деректер мемлекеттік ор­ган­дар тарапынан қалай пайдаланады?

Әлихан СМАЙЫЛОВ:

– Ұлттық халық санағы халық өмі­рі­нің экономикалық, демографиялық және әлеуметтік аспектілері бойын­ша маңызды мәліметтер алуға мүмкіндік береді. Халық санағы барысында алынған статистикалық деректер сонымен қатар стратегиялық құжаттарды және барлық деңгейдегі бюджеттерді объективті қа­лыптастыруға негіз болады. Атап айтқанда, бұл әлеуметтік сая­саттың тиім­ділігін және әлеуметтік кө­мектің атау­лылығын арттыруға мүм­кіндік береді.

Қазіргі уақытта халық санағын жүр­гізу аса қажет. Себебі мемлекеттік ор­гандар, бизнес, қоғам және ғылым өз қыз­метінде қамту мен сапасының ар­қа­сын­да неғұрлым дәлірек және толық мә­лі­меттер болып табылатын санақ дерек­те­рін пайдаланады.

– Халық санақтары нәтижесінде алынған ақпарат тұрғындардың әлеу­мет­тік жағдайын қаншалықты шы­найы бағалай алады?

Айсұлу МОЛДАБЕКОВА:

– Халық санағы – қоғамның әлеу­мет­тік-демографиялық бейнесін бағалаудың құралы. Санақ арқылы мемлекетте ең үлкен мәліметтер базасы қалыптасады. Біз жасайтын түрлі әлеуметтік сауална­ма­лар, өзге зерттеулердің іріктеуінің кө­лемі 1600, 2 мың, 7 мың, ең көбінде 10 мың болады. Статистика комитеті жүргізетін сауалдамаларға қатысатын адам­дар саны 10 мыңнан аспайды. 100 мың, 200 мың не 1 млн адам қатысатын сауалдамалар жүргізілмейді деуге де болады. Халықтың тұрғын үй жағдайы, отбасылық құрамы, этностық сипаты, ұлты, діні, тіл білуі, білім деңгейі, көші-қон, болашақта көшу жоспары, неке туралы мәліметтер, жұмыспен қамтылу деңгейі, табыс көздері, денсаулығы, тұрмыста айрықша күтімді қажет ете­тін­дігі секілді маңызды әлеуметтік көр­сет­кіштерді анықтауға болады. Ал бұл өлшемдер бойынша жалпыхалықтық деңгейде жиналған ақпарат бізге құнды мәлімет береді. Нәтижесінде халықтың әлеуметтік тұрмысын бағалауға мүм­кін­дік туады. Әлеуметтік жағдайды сан­дық тұрғыда өлшейтін болсақ, біз азаматтардың табыс көлемін де білгіміз келеді. Мұндай мәселе өзге елдерде де кездеседі. Алайда, халықтың көпшілігі табысы туралы сауалдан жалтарып, жауап бергісі келмейді. Бұл сұраққа жауап алу ықтималдылығы төмен не шынайы болмауына байланысты бізде бұл сауал қойылмайды. Сол себепті халықтың тұрмысын, әлеуметтік жағдайын сандық тұрғыда бағалау өте қиын.

– Елімізде өткен соңғы 2009 жылғы Ұлт­тық халық санағында жіберілген қа­те­ліктерден қандай қорытынды шы­ға­рылды?

Нияз КӨШКІМБАЕВ:

– 2009 жылғы халық санағы дәстүрлі әдіспен өтті. Яғни санақшылар респонденттерден алған мәліметтерді қағаз блан­кілерге қолмен толтырды және санақ­шыларға міндетті түрде баспа әріп­терімен жазу талабы қойылды. Санақ аяқталғаннан кейін толтырылған бланкілер деректерді тану үшін сканерден өткізілді. Алайда, жоғарыда атал­ған талапты кейбір санақшылар дұрыс орындалмауына байланысты, бланкілердегі деректер (әріптер мен сандар) сканерден өткенде оқылмай, оларды операторлардың қайтадан толтыруына тура келді. Бланкілерді қайтадан толтыруға байланысты, деректерді форматты логикалық бақылаулардан тексеру барысында көптеген қателер анықталып, респонденттерден мәліметтерді қайтадан нақтылау қажет болды.

Респонденттердің ЖСН-і қолданыл­ма­ғандықтан, қайталанған деректерді салыстыру мүмкіндігі болған жоқ. Осы мәселелердің барлығы халық санағы қорытындысы бойынша статистикалық деректерді қалыптастыру үшін сапасына қосымша уақытты және қаражатты талап етті. Осы орайда аталған қателіктерді болдырмау мақсатында, биылғы халық санағын өткізу барысында, алғашқы 15 күнде, интернет сауал салу өткізіледі. Онда респонденттерге санақтан өздігінен өтуге, санақ парақтарын толтырудың әрбір кезеңіндегі нұсқаулықтар мен әзір-жауаптар, сондай-ақ виртуалды кө­мекшінің көмегімен оларды толты­ру­ға мүмкіндік беретін sanaq.gov.kz. мамандандырылған сайтта интернет желісі арқылы респонденттер өзіне және өзінің отбасы мүшелеріне санақ парақтарын өздігінен толтыра алады.

Интернет сауал салуымен қатар, сұх­баттар мен мәліметтерді жинау үшін халыққа жаппай сауал салу жүргі­зіле­тін болады. Алынған жауаптар бар­лық арифметикалық-логикалық бақы­лауларды ескере отырып, планшеттерге тірке­леді. Интернет арқылы мәліметтер ұсын­ған респонденттер сұхбаттардың сауал салуына жатпайды. Халыққа сауал салу кезінде респондентті сәйкестендіру ре­тінде сауал салынатын адамның ЖСН-і пайдаланылатын болады.

 

32 509 адам уақытша жұмысқа тартылады

– Халық санағын жүргізудегі қа­лыптасқан стандарттар пандемия сал­­­­дарынан қалай өзгерді?

Эльнара БАЙНАЗАРОВА:

– Халық пен тұрғын үй санақтары қоғамның әлеуметтік-экономикалық даму үрдісі мен экологиялық тұрақ­ты­лық­ты сараптауда стратегиялар мен бағдарламалар үшін қажетті мәліметтер жи­наудың бірден-бір құралы саналады. Дүниежүзі бойынша халық және тұрғын үй санағы барлық елдер мен аумақтарда 2015-2024 жылдар ара­лығында кемінде жылына бір рет жүргізілуі тиіс. Бұл міндеттеме БҰҰ-ның 2015 жылғы 10 маусымдағы қарарына сәйкес қабылданған. Алайда COVID-19 пандемиясы санақты жалпы республикалық деңгейде жүзеге асыруға тосқауыл болды. Көп елдерде санақ уақыты кейінге қалдырылды. Одан бөлек, осыған дейін дәстүрлі әдісті қолданып келген мемлекеттер сандық тәсілді қолданып, онлайн өткізу туралы шешім қабылдады. Соңғы деректерге сүйенсек, 2020 жылы 49 ел мен аймақ халық санағын өткізуді жос­парлаған еді, ал 53 ел 2021 жылға жос­парлаған. 2020 жылғы халық және тұрғын-үй қоры санағының дүниежүзілік бағдарламасына БҰҰ-ның Еуропа бойынша экономикалық комиссиясы мен ұйымның Статистикалық комиссиясы жауапты. Былтырғы жылдың басында қабылданған жоспарға сәйкес, ТМД елдері бойынша халық санақтары 2019-2023 жылдары аралығында өтуі тиіс еді. Қазақстанда 2020 жылы 1-30 қазан аралығына жоспарланған Ұлттық санақ пандемия салдарынан кейінге шегеріліп, биыл өтетіні белгілі. Стандарттарға ке­ле­тін болсақ, мәліметтер жинаудың кез келген қолайлы тәсілін қолдануға болады.

Алдағы жылдары дәстүрлі жолмен қатар, онлайн тәсілді енгізетін елдер қатары көбейеді деген болжам бар.

– Онлайн тәсіл демекші, Ұлттық халық санағын жүргізу жөніндегі арнайы комиссияның алғашқы отырысында онлайн режімде жұмыс істейтін ма­мандандырылған портал қызметі қол­данылатыны айтылды. Бұл ретте, порталға енгізілетін мәліметтердің, қол­данушылардың жеке дерегінің қауіп­сіздігі қалай қамтамасыз етіледі? Мұн­дай құнды мәліметтерді кім және қа­лай қорғайды?

Әлихан СМАЙЫЛОВ:

– Ұлттық статистика бюросының ақпа­раттық жүйесі ақпараттық-ком­му­ни­кациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілерінің тізіміне енгі­зілген және Ұлттық қауіпсіздік коми­тетінің «Мемлекеттік техникалық қыз­мет» акционерлік қоғамында мониторингте тұр. Халыққа сұрау салу планшеттер арқылы және интернет же­лісі арқылы онлайн режімде өтеді. План­шетте санақ парақтарын толтыру кезін­де шифрланған күйде сақталатын контейнер қалыптасады және деректерді Ұлттық статистика бюросының сервер­ле­ріне МОБТЖ (Мемлекеттік орган­дар­дың бірыңғай транспорттық жүйесі) бо­йынша қорғалған каналдар арқылы жолданады.

Sanaq.gov.kz сайтын қорғау үшін әлемдегі ең ірі арнайы коммерциялық сертификаттау орталықтарының бірі – Sectigo SSL сертификаты сатып алынды. Онда пайдаланушы мен сервер арасында деректер алмасу қорғалған https хаттамасы бойынша жүреді. Қа­зақ­станның «Ақпараттандыру туралы» заңына сәйкес, тоқсан сайынғы не­гіз­де кемшіліктердің бар-жоғына зерт­теулер жүргізіледі. Сонымен қатар Ақ­параттандыру саласындағы заңнама талап­тарына сәйкес ақпараттық жүйенің ақпа­раттық қауіпсіздік талаптарына сәй­кес­тігіне сынақтар жүргізілді және оң нәтиже алынды. Алынған деректердің құпиялылығы мен сақталуын Қазақстан заңнамасымен реттелетін процестер шеңберінде және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органмен ынты­мақ­таса отырып қазіргі заманғы техни­ка­лық құралдарды пайдалану арқылы жүзе­ге асырылады.

– Санақ жүргізуге қанша адам тар­ты­лады? Олар қалай іріктеледі? Ай­­мақ­­тарда санаққа санақшы­лар­ды тар­­ту мәселесі қалай ұйым­дас­ты­ры­ла­­ды?

Нияз КӨШКІМБАЕВ:

– Халық санағын өткізу кезінде

32 509 адам уақытша жұмысқа тартылатын болады. Жұмысқа Қазақстанның 18 жастан асқан бастамашыл, жауапты, тіл табысқыш, дербес компьютерде жұмыс істеу дағдысы бар азаматтары жұмылдырылады. Олардың жұмыс өтіліне және кәсіби біліміне талаптар қо­йылмайды. Сондай-ақ санақ жүр­гі­зе­тін ұйыммен өтеулі қызмет көр­се­ту шарттары жасалатын болады.

– Ұлттық санақ нәтижесінде алын­ған талдамалық деректер халық­тың әлеу­­меттік жағдайын арттыруда қан­­­­дай рөл ойнайды? Бұл деректер зерт­­­­теушілер үшін қаншалықты ма­ңыз­ды?

Айсұлу МОЛДАБЕКОВА:

– Ұлттық санақ нәтижесіндегі мәсе­ле­лер біздің қоғамның әлеуметтік порт­ре­тін қалыптастырады.                Ұлттық халық санағының нәтижесі еліміздің әлеуметтік саясатының негізгі бағыттарын анық­тау­ға, жүзеге асып жатқан кейбір бағдар­ламаларға түзетулер енгізу үшін маңыз­ды. Одан бөлек республикалық және аймақтық деңгейде жаңа мемлекеттік бағдарламаларды даярлауда қолдануға болады. Санақ нәтижесі түрлі салада тиімді пайдаланылатынын ескерсек, оның сапалы жүргізілуіне көңіл бөлінуі керек. Санақтың маңызын ха­лық­қа түсіндіру маңызды. Бұған тек кезек­ті статистикалық мәлімет ретінде нем­құ­рай­ды қарап, сауалдарға дұрыс жауап бер­мейтіндер болуы мүмкін. Биылғы санақ дәстүрлі әдіспен қатар, онлайн өтетіні белгілі. Бұл жұмыстың сапасына әсер етуі мүмкін деген қауіп те бар. Онлайн толтырған азаматтар кейбір сұ­рақты дұрыс түсінбеуі мүмкін. Сол себеп­ті санаққа жұмылдырылатын әр қыз­меткер, волонтердің біліктілігі мен да­йындығы жоғары деңгейде болуы тиіс. Онлайн платформаның барынша оңай әрі жеңіл болғаны дұрыс. Аза­маттардың уа­қытын арнап, сауал­дар­ға шынайы жауап беруі үшін алдын ала түсіндіру жұ­мыс­тары жүргізілуі тиіс.

 

Жиналған деректерді тиімді пайдаланған жөн

– Деректерді пайдалануға қатысты қандай ұсынысыңыз бар?

 Айсұлу МОЛДАБЕКОВА:

– Жиналған мәліметтерден елдегі же­ке­ле­ген өңірлердің, аудан ауылдардың порт­­ретін жасап шығаруға болады. Жауап­­ты орган статистикалық жинақтар шы­­ғарып, нәтижесін жариялайтыны бел­гілі. Әлеуметтанушы, зерттеуші ре­тін­де санақ нәтижесінде жиналған мә­лі­меттерді көшіріп алу, өңдеу мүм­кін­дігі берілсе деген ұсыныс бар. Адамдардың жеке басына қатысты деректерді жасырып, әлеуметтік, тұрмыстық жағдайына қатысты ақпараттың ғалымдарға қолже­тім­ді болуы болашақ зерттеулер­ге сүбелі үлес қосар еді. Бұл зерттеу­ші­лер­дің өз бетінше гипотеза жасап, оны тек­серуіне не дәлелдеуіне жол ашып, ауқым­ды мәліметтер базасына айналары сөзсіз.

– Санақ жүргізуге бюджеттен қан­ша қаражат бөлінеді?

Нияз КӨШКІМБАЕВ:

– 2018-2023 жылдарға арнал­ған Ұлттық халық санағын қаржы­лан­ды­ру­дың қажетті көлемі 8,2 млрд теңгені құрайды. Қазіргі уақытта одан 3,6 млрд теңге (44%) игерілді (қажетті жаб­дық­ты, бағдарламалық қамтамасыз етуді және атрибуттарды сатып алу). 4,2 млрд теңге мөлшеріндегі қалған бөлі­гі ұлттық халық санағын өткізу мер­зі­мі­нің ауыстырылуына байланысты республикалық бюджетке қайтарылды. Алдағы нақтылауда бұл қаражат халық санағының мақсаттарына (еңбекақы төлеу қоры, іссапар шығыстары, дерек­тер­ді өңдеуге және таратуға арналған шы­ғыстар) бағытталатын болады деп күтілуде. Алайда Ұлттық халық сана­ғының пандемияға байланысты кейінге шегерілгендіктен, сәйкес көз­дел­ген қаражат мөлшері қайтадан қарас­ты­рыл­уы мүмкін.

– Елдегі демографиялық өсімге ха­лық­­тың әлеуметтік жағдайы қалай әсер етеді? Бұл ретте, көп балалы от­ба­­­сыларды, әлеуметтік осал топтар­ды қолдау шаралары елімізде қанша­лық­ты жолға қойылған деп ойлай­сыз?

Айсұлу МОЛДАБЕКОВА:

– Демографиялық өсімі жоғары және төмен мемлекеттерді салыстырар болсақ, әлеуметтік-экономикалық жағдайы жоғары елдерде өсім аз, ал керісінше әлеуметтік-экономикалық жағдайы төмен елдерде демографиялық өсім жоғары екенін байқауға болады. Бұл парадокс халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы демографиялық өсімге әлем бойынша айтарлықтай әсер етпейтінін көрсетеді. Бұл жағдайда қо­ғам­ның құндылығы басты рөлге шы­ға­тынын айта кеткен жөн. Десе де біз жүргізген әлеуметтік сауалдамалар мен сарапшылардың пікіріне сүйен­сек, Қазақстанда демографиялық өсімді тежейтін факторлардың бірі ретінде осы әлеуметтік-экономикалық жағдайды алға тартады. Біздің қоғамда негізгі құндылықтар қатарынан отбасы, бала және денсаулық түскен емес. Сондай-ақ әлеуметтік сауалдамалар некеге тұру, отбасында бала санының көбеюіне табыс көлемі мен баспана жағдайы тікелей әсер ететінін көрсетеді. Жалпы, демографиялық өсім­ге қоғамның құн­ды­лықтары тікелей әсер ететінін ескере отырып, Қазақстан жағдайында аза­мат­тардың отбасындағы әлеуметтік-эко­номикалық жағдайға да баса мән бере­ті­нін айтар едім.

– COVID-19 пандемиясы 2020 жылы санақ өткізуді жоспарлаған ел­дер­­ге қалай әсер етті? Қандай шара­лар қабылданды? БҰҰ тарапынан қан­­дай кеңес берілді?

Эльнара БАЙНАЗАРОВА:

– Біріккен Ұлттар Ұйымының Ста­тис­тика бөлімі ұйымға мүше ел­дер­дің ста­тистика мекемелеріне әдістемелік база­ны әзірлеу мен дамыту бойынша үздіксіз қолдау көрсетеді. 2020 жыл­ғы бағдарламаның орындалуын бақылап, табысты жүзеге асырылуы­на да көмектеседі. Деректерге, нақ­ты сандарға деген сұраныс жоғары. Дегенмен дүние жүзін әуреге салған пандемия кезінде жаңа қиындыққа тап болдық. Төрткүл дүние түбегейлі өзгер­ген жағдайда санақ жүргізу мүмкін болмады. Әдетте мәліметтің көбі үй-үйді аралап, не жұмыс орындарында сауалдамалар жүргізу арқылы алынады. Карантин кезінде тұрғындардың мекен-жайына бару қауіпті, ал жұмыс орындары жабық болды. Мұндай жағдайда экономикалық немесе әлеуметтік статистиканы жасақтау, тіпті мүмкін емес. Оған қоса статистикалық бюролардың қыз­меткерлері де үйден жұмыс істеуге мәжбүр болды. Деректерді өңдеу құ­рал­дары мен есептеу техникасы үй жағ­дайында қол жетімсіз екенін ескерсек, мамандардың тиімділігі төмендегені сөзсіз. Кедергілер статистикалық өн­ді­ріс­тің барлық қадамында ұшырасып отырды. Санақ операциялары көбінесе қабылданған заңнамаға сай өткізіледі. Алайда кейбір елдерде заң шығару процестері де тұралап қалды, сауалдама жүргізу үшін уақытша жұмыс күшін жалдау қажет, кадрлық жұмыстар бұрынғы қалыппен жұмыс істемейтіні айтпаса да түсінікті, халықтың жұмыспен қамтылуы туралы деректерді анықтау үшін қойылатын жұмыс орны, жұмыс уақыты секілді кейбір сұрақтардың мәні өзгеріп кетті. CAPI, CAVI, PAPI секілді мәліметтерді жинау әдістерін үйлестіру үшін жаңа бағдарламалық қосымшаларды әзірлеу қиынға соқты.

– Пандемия санақ жүргізуге теріс әсер етіп, көпшіліктің «қолы бай­лан­ған» тұста БҰҰ тарапынан қан­дай қа­дам­дар жасалды? Бәлкім, биыл са­нақ өткізуді көздеп отырған еліміз­дің де ха­­лықаралық тәжірибеден ескерері бар шығар?

Эльнара БАЙНАЗАРОВА:

– Статистикалық ведомстволар бет­пе-бет келген мәселелерді ха­лық­ара­лық деңгейде шешу қажеттілігі ту­ған­­дықтан, БҰҰ Еуропалық эконо­ми­­калық комиссиясы ұлттық статис­ти­ка ведомствола­ры­на арнап арнайы

statswiki.unece.org онлайн платформасын іске қосты. Онда жауапты органдар мен статистика қолданушылары өз ойларын, пандемия кезіндегі тәжірибесін және өзге де пайдалы материалдарды жариялай алады. Сондай-ақ онда өзге де пайдалы ресурстарға сілтемелер беріліп, алдағы өтетін санаққа қатысты ақпаратты, нұс­қаулықтар мен дағдарысқа қарсы мә­лі­мет топтастырылған.

 

Санаққа алынбайтын азаматтар да бар

– Санақ кезінде Қазақстандағы қандай азаматтар санауға алынады? Ше­телде оқу, демалу, қызмет бабы бо­йынша жүрген отандастарымызға са­нақ жүргізіле ме?

Нияз КӨШКІМБАЕВ:

– Қазақстан Респуб­ликасындағы ха­лық санағы кезін­де келесі азаматтар санақтан өткізілетін бо­лады:

– халықты есепке алу сәтінде елдегі тұр­ғылықты жерінде жүрген Қазақ­стан Республикасының азаматтары, шетел­дік­тер және азаматтығы жоқ адамдар;

– Қазақстан Республикасының мем­ле­­кеттік билік органдарының желісі бо­йынша қызметтік міндеттерін (дипло­ма­­тиялық корпус) немесе ұзақ мер­зімді қызметтік іссапармен бай­ла­ныс­­­ты 12 ай және одан көп мер­зі­ммен шетелде жүр­ген Қазақстан Рес­пуб­ли­касының азамат­та­ры (олармен бір­ге жүрген олардың отбасы мүшелерін қоса);

– Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын, бірақ 12 айдан аз мерзімге қыз­меттік іссапарға, келісімшарттар бо­­­йынша жұмысқа, оқуға шетелге уа­қыт­­ша кеткен адамдар («Болашақ» ха­лықаралық білім беру бағдарламасы бо­йынша оқитындарды және студенттермен алмасу бағдарламалары бойынша оқитындарды қоса алғанда – олардың елдегі болмаған мерзіміне қарамастан);

– Қазақстан Республикасында тұрақ­ты тұратын және демалуға, емделуге, туыстарына немесе таныстарына қонақ­қа баруға шетелге уақытша кеткен адам­дар (олардың болмаған мерзіміне қара­мас­тан);

– Қазақстан Республикасында тұрақ­ты тұратын, халықты есепке алу сәтін­де жү­зіп жүрген отандық балық аулау және сауда кемелеріндегі теңізшілер;

– тіркеу құжаттарын ресімдеп үлгер­ме­г­ендер немесе тұрғылықты тұруға ық­тиярхат алмағандарды қоса, шетелден Қазақстан Республикасына тұрғы­лық­ты тұруға немесе пана іздеп келген Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар;

– 12 айдан көп мерзімге шетелден Қазақстан Республикасына жұмыс­қа немесе оқуға келген Қазақстан Респуб­ли­касының азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар (олардың Қазақстан Республикасында қанша уа­қыт­тан бері тұратынына және тағы қан­ша уақыт жүретініне қарамастан).

– тұрақты тұратын жері басқа елде, бі­рақ халықты есепке алу сәтінде Қазақ­стан Республикасының аумағын­да уақытша (12 айдан аз) жүрген шетел­дік­тер, азаматтығы жоқ адамдар және Қазақстан Республикасының азаматтары.

– Қандай азаматтарға санақ жүр­гі­зіл­мейді?

Нияз КӨШКІМБАЕВ:

– Қазақстан Республикасындағы халық санағы кезінде келесідей азаматтар санаққа алынбайды:

–  шетелде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары;

– «Болашақ» халықаралық бағдар­ла­масы және студенттермен алмасу бағдарламалары бойынша оқитын сту­дент­­терді (магистранттарды) қоспа­ған­да, 12 ай және одан ұзақ мерзімге ше­телге жұмысқа немесе оқуға кеткен Қазақ­стан Республикасының азаматтары (12 айдан асатын болмау ұзақтығына қарамастан);

– өз мемлекеттерінің дипломатиялық және басқа өкілдіктерінде жұмыс іс­тей­тін шетел азаматтары, шетелдік әске­ри қыз­метшілер және олардың отбасы мү­ше­лері;

– Қазақстан Республикасының аума­ғын­дағы халықаралық ұйымдардың өкіл­­дік­терінде жұмыс істейтін шетел аза­­маттары;

– өз мемлекеттерінің үкіметтік немесе өзге де делегацияларының және заңды органдарының мүшелері болып табылатын шетел азаматтары.

– Ұлттық санақ туралы айтқан кезде жергілікті жерлерде атқарылатын жұ­мыстарды аттап өту мүмкін емес. Аймақтарда халық санағын ұйым­дас­ты­ру және өткізу жұмыстары қалай үй­л­естіріледі? Облыс басшыларына қан­дай міндеттер жүктеліп отыр?

Әлихан СМАЙЫЛОВ:

– Ұлттық халық санағын өткізу тура­лы іс-шаралар жоспарына сәйкес, жер­гі­лікті атқарушы органдарға бірқатар мін­­дет жүктелген. Қазақстандағы ұлт­тық халық санағын өткізуге жәр­дем­десу жө­­нінде өңірлік комиссиялар құру көз­де­луде. Сондай-ақ әкімшілік-аумақ­тық бірліктердің тізбесін және шекараларын нақтылау, көше атауларын, орам, үй және пәтер нөмірлерін ретке келтіру бо­­йынша іс-шаралар өткізу, тұратын халық санын нақтылау бойынша жұмыстарды жүргізу, картографиялық материалдарды (елді мекендердің карталарын және схемалық жоспарларын) дайындау да назардан тыс қалмайды. Сонымен қатар тұрғындар арасында Ұлт­тық халық санағын өткізу мақсаттары мен тәртібі туралы жаппай түсіндіру жұмыстары да жүргізіледі. Санақ персоналын үй-жайлармен қамтамасыз ету мәселесі де ескеріледі. Сондай-ақ халық санағын өткізу барысында өңірлік статистика департаменттеріне жәрдемдесу көзделіп отыр.

– Өткен кезеңдегі халық санағымен салыс­­тырғанда Қазақстанның халық са­на­ғын өткізуге дайындығын қа­лай баға­лайсыз? Қазақстан са­нақ жүр­гі­зу­де халықаралық жаңа стан­дарт­тар мен методологияға қанша­лық­ты ашық?

Эльнара БАЙНАЗАРОВА:

– Індетке байланысты, жағдай күн сайын өзгеруде. Сондықтан биылға жос­парланған санақты өткізуге дайын­дық­ты бағалау қиын. Өткен санақтарды алсақ, Қазақстан БҰҰ мүшесі ретінде халық санағын жүргізгенде халықаралық стандарттарға барынша сүйенеді. Жоға­ры­да айтылғандай, індет санақтың жаңа әдістемелеріне көшуді ұсынады. Халық санағының жаңаша әдістемесі мен құралдары қандай нысанда болатыны әлі де пысықталып жатыр. Былтыр БҰҰ мен Қазақстан Үкіметі Тұрақты даму мақсаттары бойынша жаңа ынты­мақ­тастық бағдарламасына қол қойды. Ол бойынша Қазақстанның тұрақты дамуындағы басты бағыттар анықталған. Олар адам капиталының дамуы және тең құқылы қатысуы, тиімді институттар, адам құқықтары және гендерлік теңдік, инклюзивті экономикалық өсу мен экологиялық тұрақтылық. Алдағы санақ нәтижесі осы басым бағыттардың елдегі ахуалын көруге мүмкіндік бермек. Халық санағының тек статистикаға қажет сандар емес, мемлекеттік саясат­тың, стратегиялық құжаттар мен бағдар­ла­малардың негізіне алынатынын еске­ріп, халыққа кеңінен түсіндіру де маңызды екенін атап өту керек.

– Санақ нәтижесі қай салалардың жұ­мысын дамыта алады? Жалпы, Ұлт­тық халық санағы елімізге не үшін қажет? Сауалдамаға дұрыс жауап беру несімен пайдалы?

 Нияз КӨШКІМБАЕВ:

– Санақ нәтижесі экономикалық және бюджеттік бағдарламаларды жос­парлау және дамыту үшін қажет, яғни құрылыс және баспаналарды бөлу, демографиялық және көші-қон процестері, білім, денсаулық сақтау салаларында және жұмыс орындарын құру бағдарламаларын дамытуға көмектеседі. Халық санағы жұмыс орындары туралы, ал бизнес үшін маңызды және нақты соңғы тұтынушы туралы толық сипаттама береді. Халық санағына қатысқан әрбір азамат мемлекеттің әлеуметтік бағдарламаларын жоспарлауға және әзірлеуге салмақты үлес қосады.

P.S. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статис­тика бюросы келтірген мәліметке сенсек, биылғы 1 қаңтардағы Қазақстандағы халық саны 18 877 128 адамды құрап отыр. Тоғызыншы территория үшін бұл тым төмен көрсеткіш екені айтпаса да анық. Арттыру үшін не істеу қажет? Ең алдымен, осы 18 млн халықтың жай-күйін алдымызға жайып, анықтап қарап, дамуға, көбеюге тиетін теріс әсерден тездетіп құтылғанымыз жөн. Бұл ретте, Президент аталған шарадан мейлінше мол мағлұмат алу үшін сауалдаманың мазмұнына көп көңіл бөлу қажет екенін айтқан болатын. Президент тапсырмасы назардан тыс қалмайды деп сенеміз. «Балапанды күзде санайды» демекші, санымыз бен сапамызға қазан бойы қан жүгіретін түрі бар. Ал соның анық-қанығын 2022 жылдың ортасына қарай Үкімет нақты мәліметтерді жариялаған кезде білетін боламыз.

Рауан ҚАБИДОЛДА,

Меруерт БҮРКІТБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»