Өнер • 23 Наурыз, 2021

Үрмелі аспаптар квартеті үздік атанды

633 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Астана Опера» симфониялық оркестрінің музыканттары, танымал «Astrobones» квартетінің мүшелері Фархад Болатов, Алмас Сағымбаев, Альбина Өтегенова және Ерасыл Әмешов GRAND MUSIC ART бейнежазбалары бойынша музыканттар арасындағы X Үлкен Халықаралық байқауда бірінші жүлдені иеленді, деп хабарлайды Egemen.kz

Үрмелі аспаптар квартеті үздік атанды

Байқауға қатысушылардың өнерін бағалау үшін шет елден жетекші музыканттар шақырылған болатын. Үрмелі және соқпалы аспаптар аталымы бойынша әртістердің шеберлік қабілетін Мәскеу консерваториясының доценті, Ресей Мемлекеттік академиялық Үлкен театры оркестрінің солисі Алексей Корнильев, Ресей Мемлекеттік академиялық Үлкен театры оркестрінің кларнеттер тобының концертмейстер-солисі Сергей Петров және Мәскеу консерваториясының профессоры, Шнитке атындағы МММИ профессоры, Ресей Мемлекеттік академиялық Үлкен театры оркестрінің солисі Эркин Юсупов бағалады.

Мәскеуде өткен халықаралық байқауға 200 қаладан 2760 музыкант қатысты.

– Біз үшін бұл күтпеген жаңалық болды. Сайыста жаңа құраммен өнер көрсеттік, әрине алғашқыда қобалжыдық, бірақ қойылған талапты мінсіз орындап, еліміздің музыкалық өнерін Халықаралық байқауда лайықты таныстыра білдік. Әсіресе бұл жеңіске Наурыз мейрамы қарсаңында қол жеткізгеніміз мерейімізді өсірді. Қандай байқау болсын музыкант үшін өте маңызды, өйткені мұндай жобалар музыкамен көбірек айналысуға, күрделі, қиын шығармаларды үйренуге мүмкіндік береді. Бұл жеңіс бізді шын мәнінде шабыттандырды, енді түрлі қызықты бағдарламалар дайындауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ алдағы уақытта Ресейде арнайы концерт бермек ойымыз бар. Басқа да фестивальдерге шақырту алдық, егер эпидемиологиялық ахуал жақсарса, онда жақын күндерде Қазақстанның өнерін Өзбекстанда таныстыратын боламыз, – деп атап өтті квартет жетекшісі Фархад Болатов.

Одан бөлек, байқау аясында өзекті тақырыптарға онлайн-дәрістер мен шеберлік сыныптары өткізілді. Ұйымдастырушылар кері байланыс мүмкіндіктерін барынша пысықтап, көрсетілім кезінде тыңдармандар дәріскерлерге сұрақтар қойды.

Айта кететін жайт, GRAND MUSIC ART байқауы бейнежазбалар бойынша өткізілді. Халықаралық байқауға қашықтан қатысу орындаушыларға заманауи жағдайда өнер көрсетіп, географиялық алшақтықты еңсеруге мүмкіндік берді. Ең бастысы, дарынды оқушылардың біліктілігі мен кәсіби шеберлігін ұштауға жол ашып берді деуге толық негіз бар.