Таным • 25 Наурыз, 2021

Баукең айтқан естелік

2236 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Тіршілік иірімдері адам баласын сан арнаға салады. Өмірден көргенің мен түйгенің жолыңда кездескен ғибратты ғұмыр иелерінің өлмес өнегесімен өлшеніп, өмірің сонымен арайлана түсетіндей. Тағдыр менің маңдайыма ел басқару ісіне ерте араласып, халықпен үндесе еңбек етуді жазыпты. 1976-1983 жылдар аралығында Алматы облысы Жамбыл ауданында аупарткомның бірінші хатшысы болып қыз­мет атқардым. Сол тұста көңіліме өшпестей із қалдырған бір ғала­мат кездесу күні бүгінге дейін көз алдымнан кетпейді. Бұл қазақ­тың маң­дайына біткен батыр ұлы Бауыржан Момышұлымен болған жүздесу еді.

Баукең айтқан естелік

Тәмам елдің көңіліне тұман ор­натқан қатыгез соғыс салған айғыздар әлі де ұмытыла қоймаған жылдар болатын. Бір күні облыстық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінен алда келе жатқан Мәскеу түбіндегі алапат шайқастың қырық жылдығын атап өтуге әзірлік жұмыстарын жүр­гізу жөнінде нұсқау келді. Аталған қаулы негізінде көзі тірі майдангер­лермен кездесулер өткізу, дәріс ұйым­­дастыру, соғыс тақырыбын ар­қау еткен кинотуындыларды көрсету сын­ды іс-шараларды қолға алуымыз керек болды. Мұның бәрі де кейін­гі жастарға рухани тәрбие беру, отан­шылдыққа баулу мақсатында қолға алынуы тиіс шаралар еді. Осы орайда мен ауданның барлық партия ұйым­дарының хатшыларын, мектеп дирек­тор­ларын, мекеме басшыларын жинап, осы мәселеге байланыс­ты жиналыс өткіздім.

Осы жиналыстан соң араға көп уақыт салмай ауданымыздағы ір­гелі шаруашылықтың бірі Қастек қой совхозының партком хатшысы Әс­кербек Абаев маған келіп, қан майдан­да ерен ерлік көр­сеткен қайсар батырымыз Бауыр­жан Момышұлымен кез­десу ұйым­дастыратыны туралы хабар берді. Ол кезде Баукеңнің есімі дүркіреп тұрған кез еді. Партком хатшысы Бауыржандай көрнекті тұлғаның тоқсанға тарта көзі тірі майдангері бар Қастекке келуі кейінгі жастар үшін ғибраты мол тарихи оқиға болатынын, кездесу жайында батырмен алдын ала уағдаласып қойғанын алға тартты. Оның сөзінше, мінезі жай отындай қайсар тұлғаны жұрт­шылықпен жүздесуге көндіру де оңайға соқ­паған, араға майдангер-жазушы Әзілхан Нұршайықовты салып, ақеділ ағайынның ықыласын жеткізгеннен кейін ғана батырдың көңілі жіпсіп, тілегін хош көріпті. Мұның өзі – бір мақалаға жүк бо­ларлық өз алдына бөлек әңгіме.

Бастапқыда ауданымызға Бауыр­жан Момыш­ұлы келетінін айтқанда не дерімді білмей абдырап қалдым. Өйткені бұл кездесудің жөні де, жосығы да, жауапкершілігі мен салмағы да ауыр еді. Баукеңнің көңілін таба аламыз ба, кездесу қалай өтер екен деген са­уал иектеп келіп иіріміне тартты. Мен Әскербекке дайындықты жоғары деңгейде жүргізу қажеттігін, бұл оқиғаның маңыздылығын айтып пысықтаған болдым. Партком хатшысы да әзірлік қызу жүріп жатқанын, бұл шараға Мәдениет үйінің қызметкерлері, ауылға жақын маңдағы әскери бөлімшенің сарбаздары да жұмылдырылатынын, тұтас ауыл-ел осынау маңызды күн­ді ынта-ықыласпен күтіп жүрге­нін жеткізді. Мен болсам тағы да тап­сырманы нығыздай түсіп: «Полк­тің командиріне айтыңыз, мәде­ниет үйінің қасындағы әскери ес­керт­кіштің жанына солдаттарын тұр­ғызып, өзі әскери тәртіппен рапорт берсін. Қалай рапорт береді, оны өзі біледі. Мықтап айтыңыз, ол кісінің мінезі қатал. Солдаттардың алдында ұятқа қалып, сөгіс алып жүрмесін. Солдаттарын жақсылап киіндірсін», деп сөзімді жалғадым...

1981 жылдың 3 желтоқсаны. Бауыржан Момышұлы, Әзілхан Нұр­шайықов, Баукеңнің жұбайы Жә­ми­ла апай қатарлы құрметті қо­нақ­тардың табаны қастерлі Қас­тек топырағына тиді. Кездесуге жи­нал­ғандардың санында есеп жоқ. Әскери ескерткіштің қасында сай­дың тасындай сарбаздар тізіліп тұр, олардың командирі полковник Сид­жак қарсы алдында қасқайып тұр­ған Баукеңе әскери тәртіпке сай: «Ұлы Отан соғысының даңқты жауын­гері, гвардия полковнигі Бауыр­жан Момышұлының келу құр­метіне құрметті қарауыл сапта тұр» деп баяндады. Баукең де әскерилерге ілтипат танытып, назары алаңқайда сап түзеп тұрған майдандастарына түсті. Сөз басында айтып өткеніміздей, ол уақытта соғыс даласынан аман оралған тоқсанға тарта қастектік ардагер арамызда болатын. Олардың арасынан суырылып шыққан майдангер Ермек Далабаев: «Құрметті қолбасшы Бауыржан Момышұлы! Сіздердің біздің зауытқа келген қадамдарыңыз құтты болсын! Қатардағы соғыс ардагері старшина Ермек Далабаев», деп рапорт берді. Рапорттан соң Баукең көпшілікке алғысын білдірді де, Әзіл аға екеуі мәдениет үйіне қарай бет алды. Зал­ға халық лық толып, біраз адам кездесуді тікесінен тік тұрып тамашалады. Құрметті қонақтарымызды төрдегі орнына жайғастырғаннан кейін кездесуді жүргізген партком хатшысы қос майдангер жазушы туралы аз-кем айта келіп, алғашқы сөз кезегін Бауыржан Момышұлына ұсынды.

Жұрт назары ел аузында ерлігі аңыздай айтылып жүрген құрметті қонаққа бұрылып, залда сілтідей тыныштық орнады. Баукең қайратты даусымен: «Мен қос тілде сөйлеп, қос тілде жаза беретін жазушымын. Бұл соғыс – адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған ең бір қасіретті майдан. Қаншама жанның тағдырын шайқаған ауыр нәубетті сөзбен жет­кізу мүмкін емес. Адам шығыны көп болды. Біз бүкіл Еуропаға айбар көрсеткен, «жеңілуді білмейміз» деген ұранды алға ұстаған неміс әскерін сабасына түсірдік. Сексенге қараған жасым бар (Баукең ол кезде 72 жас­та болатын). Соғыста бірнеше рет жараландым. Сіздердің алдарыңызда оның бәрін тізбектеп айтып жатудың қажеті қанша, менің кітабым шықты, мен туралы кітаптар жарық көрді, бұл материалдармен сіздер сол арқылы таныссыздар деп ойлаймын», деп қысқа қайырды. Баукең айтқан сөздің бәрі есімізде болмаса да, осы мағынада өрбіді. Жұрт қошемет танытып, батыр­ға ризашылығын жаудырып жатты.

Аталған кездесуде келесі сөз ке­зегі Қастек совхозында тұратын Қа­рабек есімді сұрапыл соғысқа бір қолын берген майдангерге берілді. Ол кісі де майдан салған зобалаңның қасіреті туралы өз ойын ортаға салды. Келесі кезекте сөз тізгінін алған Ермек Далабаев қайраттана үн қатып: «Біз соғысқа барғанда Бауыржан Момышұлының атағы дүркіреп тұр екен. Бұл бізге қайрат берді» деген рухты сөздерімен тынши бастаған зал ішін бір дүрілдетіп тастады. Сөз орайы келгенде айта кету керек, Әзілхан Нұршайықовпен бір сапта болып, 1942 жылы майдан даласына аттанған Ермек Далабаевтың соғыс туралы естеліктері де жетіп артылады.

Бауыржан Момышұлының жазу­шылық қыры, шығарма­ларындағы ерекшелік туралы мектеп-интернат директоры, қазақ тілі мен әдебиетінің маманы Жәдрин Жұмабай өз па­йымын айтып, көрерменге әдебиет әлеміндегі Баукең туралы ой тастады. Сөйлеушілер тізімін түйіндеген полковник Сиджак: «Батыр Бауыржан салған даңқты жол болашаққа керуен тартып жалғаса береді, сіздің әскери әдіс-тәсілдеріңізді жауынгерлерге үлгі ете бермекпіз» деген сарында ой толғамын білдірді.

Жиналыс аяқталған соң қаза­қы қалпымызға салып, дәм татыңыз­дар деген ниетпен батырларымызды көлікке отырғызып, партком хатшысы Әскербектің үйіне алып келдік. Әрі қарай келісті әңгіме кең дастарқан басында жалғасын тапты.

Қазақтың әдеті бойынша дастар­қанға қойдың басы келді. Ырым бойынша бас табаққа бата берілді. Асықпай отырып ет жеп, шай ішіп, әртүрлі әңгіме айтылды. Бір кезде Бау­ке аға маған қарап: «Сен қай туған­сың, өзің ата-бабаңды білесің бе?» дегені. «Бауке аға, жас кезімде Ақшал атты атам болған. Сол кісіден біраз шежіре үйрендім. Арғы жағын айтпағанда, Шапыраштының ішінде Болай деген атаданбыз. Әкем Тұрысжанды 1938 жылы халық жауы деп атып жіберді. Ол әкем 1917 жылдан атылғанға дейін Кеңес өкіметіне аянбай қызмет етіпті. Қатардағы (1917 жылы) комсомолдан кейін үш ауданда кеңес атқару комитетінің төрағасы болған екен. Анам – Дашан Сұраужанқызы Ақ­шалова. Осы ауданда «Октябрь» атты колхоз болатын. Өмір бақи дербес демалысқа шыққанға дейін темекі плантациясында күндіз-түні жұмыс істеп, стахановшылар қатарында болып, 1946 жылы Сталиннің суреті бар медальмен марапатталды. Марқұм анам қарындасым екеумізге «тірі жүрсем, оқытып, жоғары білімді маман болу­ларың үшін аянбаймын» деуші еді. Осы сіздердің жандарыңызда сөйлесіп отырғаным – сол анамның арқасы, жаны жаннатта болғыр», деп бір күрсіндім. Баукең: «Болды, болды. Мен сені батыр деп отырсам, өзің жасық неме екенсің ғой. Тәубеңе кел, ба­тыл бол», деп жігер сыйлағандай болды.

Сөз орайы келгенде Бауке аға­дан: «Бауке, өзіңізге көптен көкей­де жүр­ген бір сұрақты қойсам деп едім. Осы жұрттың біразы сізді Сталин­нің қабылдауында болған дейді, енді біреулер болған жоқ дегенді айтады. Осының түйінін өз аузыңыздан естісек» деп емеурін таныттым. Бау­кең ойланып отырып: «Одан бері бірталай уақыт өтті ғой. Бұл туралы ол кезде айтуға мүлде болмайтын еді, енді айтуға болады», деп оқиғаны баян­дай жөнелді. Дастарқан басында отырған жұрт не айтар екен дегендей бар зейінін Баукеңе қадады.

«Мен соғыстан кейін әскери академияда оқыдым. Біз оқыған академия басшысы армия генералы Захаров мені бір күні өз кабинетіне шақырды. Барсам, қасында бір ма­йор отыр екен. Академия басшысы маған қарап: «Жолдас Момышұлы, алдыңызда тұрған майор мырзамен бірге Кремльге барасыз!» деп айтты. Алғаш не үшін екен деп сес­кеніңкіреп қалғаныммен, келістім. Ше­гінерге жол жоқ еді. Майорға еріп, қаптаған тексеруден өткеннен кейін, Сталиннің қабылдауына кірдім. Майор сонда қалды. Сталиннің әйгілі Поскрёбышев деген көмекшісі қарсы алды. Өңі өңменіңнен өтетін сұсты адам екен. Сталиннің кабинетіне алып кірді. Ол кісі бөлме ішінде әрлі-берлі жүр екен. «Отырыңыз» деп орындықты нұсқады. Мен отырдым. Көз қиығымен шолып өтті де менен «Момышулы, это как Азер­байджанский уғлы?» деп сұрады. Мен орнымнан тұрып: «Так точно, товарищ Сталин» дедім. «Ну ладно, садитесь, мне доложили что вы занимаетесь в академии, хорошо, занимайтесь, до свидания» деп қолымды алып қоштасты. Бар болғаны осы, кездесу бір минутқа толар-толмас уақытта өте шықты. Мен шығып кеттім. Академия басшысы бұл кездесу құпия күйде қалу керектігін ескертті. Мен осы күнге дейін сол кезде не үшін шақырды екен деп көп ойланам. Мүмкін, кітаптарым шығып, әскердегі атағым құлағына жеткен соң, «өңі-басы кім екен, кав­каздық па, азиат па, бет-жүзін көрейін» деп шақырған болуы керек»,  деді Баукең сөзін түйіндеп. Сәл кідірген соң, күліп қойып, «Может быть, Мамашвили ме екен?» деп ойлаған шығар», деп әңгі­месін жалғады. Дастарқан басында батырдың өз аузынан өрбіген осы әңгіме құлағымызда ерекше қалып қойыпты.

Сол күні батыр Баукең ақ дас­тарқан жа­йып, көлдария көңілін танытқан үй иелері Әскербек Абаев пен Нұршагүл Жабаеваға риза­шылығын білдіріп, батасын беріп еді. Қызыр қонып, құт-береке дары­ған киелі шаңырақтан одан кейін де қонақ үзілген емес. Осы бір құт­­ты шаңырақта көптеген мем­лекет және қоғам қай­рат­кер­і, қан­шама қабырғалы қаламгер, зиялы қауым өкілдері мен өнер майталман­дары қонақ болған екен. Осыған қарап халқымыздың «Батаменен ел көге­рер, жаңбырменен жер көгерер», «Баталы ер ары­мас» дейтін бәтуалы сөзді тегін айт­пағанын осыдан-ақ анық аңғарамыз.

Осы мақаланы жазып отырғанда өмір шіркіннің қалай өтіп бара жат­қанына тағы бір көз жүгірттім. Қазір жасым 87-ге келді. Қарап отырсам, бұл жас есікті ашып-жапқандай көрі­неді. Осы жылдар ішінде қандай жағ­дайларды көрмедім, өмірдің тәт­тісін де, ащысын да бастан өткіз­дік, оған тәубе, ризамын. Сол тарихи суретке, Бауыржан Момышұлы мен май­дангер жазушы Әзілхан ағалармен суретке түскенімізге 40 жыл болыпты. Екеуі де бақилық болып кетті, жатқан жер­лері жайлы болсын. Оның үстіне Бауыр­жан аға­мыздың 110 жылдығы өтті.

Бүгінде бәріміз құшақтаса суретке түсіп, батыр Баукеңмен дастар­қандас болған сол бір шуақты шақ та ес­телікке айналып қала берді. Десе де, сондағы батыр ағамыздың бол­мысы, Әзіл­хан көкеміздің әсерлі әңгі­месі, жақсылармен бас қосқан келелі кездесу, жылы жүздесу кө­ңіл­ден қалай өшсін?! Сынаптай сырғыған уақыт дейтін құдіретке тоқтам жоқ. Замана көші ілгері жылжи береді, буын алмасады, ұр­пақ өрбиді, заман өзгереді. Әсем уақыттың әсерін жеткізетін осын­дай естеліктер баспасөз арқылы тарих­қа қатталып, болашаққа үн қатса деймін.

 

Бекболат ТҰРЫСЖАНОВ,

зейнеткер

 

Алматы облысы