Екі мың жылдан астам тарихы бар көне қаланың басшысы барлық тұрғынның таза, жасыл желекті және қауіпсіз қалада өмір сүргісі келетінін, шаһардың көркі мен тазалығын сақтау қала әкімшілігіне жүктелгенімен, әрбір саналы азамат өзі тұратын ортаның таза, әрі қолайлы болуына үлес қосуы керектігін жеткізді.
«Тараз күн сайын көркейіп, аллеялар мен демалыс орындары көбейіп келеді. Көгалдандыру жұмыстарына да мән беріліп, жасыл желектер мен гүлдер егіледі. Алайда, Тараз қаласының өзіне тән сәулеті мен келбетін жөнсіз ілінген жарнамалар мен заңсыз орын тепкен нысандар бұзып тұр.
Осы орайда, әкімдік қала сәулетін біркелкі етуді қолға алады. Сіздерді ғимараттардың сырты мен жарнама құралдарын орналастырғанда біркелкі үлгіні ұстануға шақырамын. Құрылыс компаниялары мен өңірдің кәсіпкерлері жаңадан салынып жатқан нысандардың көріксіз қоршауларын ретке келтіргені жөн. Қаланы жайлы ету үшін «қақпасыз қала» қағидасы негізінде мекеме сыртындағы қақпалар мен қоршаулар алынып, сәулеттік жоба бойынша бірізділікке көшіріледі. Туған қаласына шын жанашырлық танытатын тұрғындар осы игі бастамаларға қолдау білдіріп, шаһардың шырайын ашуға өз үлестерін қосады деген сенімдемін», делінген әкімнің үндеуінде.
Бүгінде Тараз қаласының сәулеттік келбетін арттыру, шаһарға жайлы орта қалыптастыру, жергілікті тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі кезде облыс орталығында көптеген нысандар салынып, тұрғын үйлер пайдалануға берілуде. Сондай-ақ, алдағы уақыттарда да әкімдік тарапынан жүзеге асырылатын жоспарлар баршылық.