Елордада 24 наурыздан 25-іне қараған түні карантин режимін бұзған 5 мекеме анықталды.
Есіл ауданында «VZлетный» ресто-бары мен «Шишка» лаундж-бары шектеулерге қарамастан тиісті режимді бұза отырып жұмыс істеді.
Мобильді топ осыған ұқсас бұзушылықты Алматы ауданында орналасқан «WEST» компьютерлік клубында тіркеді.
Сонымен қатар, сағат 00.00-ден кейін Сарыарқа ауданындағы «Среда» ресто-бары мен «Red House» монша кешені келушілерге қызмет көрсетті.
Елорданың бас санитарлық дәрігерінің қаулысында жазылған шектеулерді «Мята»лаундж-бары, сондай-ақ Байқоңыр ауданында орналасқан кафелердің бірі сақтамаған.
Жиналған материалдар ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабына сәйкес әкімшілік шаралар қабылдау және тәртіп бұзушыларды жауапкершілікке тарту үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жолданды.
Айта кетейік, елордада коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз болып отыр. Нұр-Сұлтан 10 наурыздан бастап эпидемиологиялық жағдай бойынша «қызыл» аймаққа енді. Қала тұрғындары мен қонақтарына адам көп жиналатын орындарға бармауды, маска режимін, әлеуметтік қашықтықты және басқа да санитарлық нормалар мен талаптарды сақтауды кеңес етеді.