24 Сәуір, 2010

ТІРКЕУГЕ ТҰРМАҒАНДАР АЙЫППҰЛ ТӨЛЕЙДІ

540 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Алматыда биылғы жылдың сәуір айының басында қалалық мәслихат азаматтарды тіркеудің жаңа ережесі туралы шешім қа­был­­даған болатын. Ал, азамат­тарды тіркеудің жаңа ережесі негізінен миграциялық үдерістерді зерттеуге бағытталып отыр. Тұр­ғын үй жағдайына және сани­тар­лық нормаға орай әр адамға тиесі­лі көлем – 15 шаршы метр, үй иелері өз пәтерінде осындай мүм­кіндік болса, шаңырағына және тағы бір адамды тіркей алады. Дегенмен, алматылықтар өзінің жеке шаңырағына жақын туыс­тарын (заң актісінде оның тізімі көрсетілген), сонымен қатар өз беті­мен өмір сүре алмайтын, емде­летін, ұзақ іссапарда жүрген, бас бостандығынан айрылған туыста­рын үй көлеміне қарамастан, тір­кеу­ге де құқылы. Үкіметтің 2000 жылғы қаулысына сәйкес, Алматы қаласына үш айдан көп уақытқа келгендер әділет органдарында тір­кеуден өтіп, тіркеу картасын алу­лары тиіс. Уақытша тіркеудің мер­зімі бір жылға дейінгі уақытты қамтиды. Алматы қаласы әділет департа­менті­нің бастығы Бағбан Таим­бетов бұл шара Алматыда тұратын Қазақстан Республикасы азамат­тары­ның мүддесін қорғауға, қала­ның криминогендік ахуалына едәуір әсер ететін келеңсіз жағдай­лар­дың алдын алуға, ішкі және сырт­қы миграцияны реттеуге бағыт­талғандығын атап айтады. Ол сонымен қатар жеке баспанасы бар бір азаматтың өз үйіне 150 адамнан астам жанды тіркегенін, осылайша пайда тапқандығын айтып, нақты деректер де келтірді. Азаматтарды тіркеу әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру үшін де көпшілікке ауадай қажет. “Мемлекет өз азамат­тарын қажетті құндылықтар­мен қамтамасыз етуге міндетті, тіркеу барысында адам­ның әлеуметтік құқына қатысты мәселелер пайда болып жатады. Осыған орай, қала­да тіркеудің жаңа ережесі өте қажет болды, бұл іс тәртіпті реттеуге, адам­дардың қауіп­сіздігі мен денсау­лығын сақ­тауға ойдағыдай ықпал жасайтын болады”, – дейді әділет департа­менті­нің бастығы. Мәслихат депутаты Андрей Мор­гуновтың пікірінше, статисти­калық деректер бойынша бүгінде Алматыда ресми түрде 1 миллион 500 мың адам тіркелгенін айтты. Миграциялық қызмет мәліметтері қалада бір миллионнан астам адам­­ның тұрып жатқандығын айтады. Қаламызға еліміздің өзге өңірлері­нен, жақын шетелдерден келушілер өте мол, олар жабайы саудамен айналысып, антисани­тар­лық жағ­дай­дың қалыптасуына әкеліп соқ­тыруда. “Біз азаматтар­дың бостан­дығына шектеу қой­май­­мыз. Оңтүс­тік астанаға өз өңірлерінде әлеу­меттік мәселелері шешіл­ме­ген­дер көбірек келеді. Соның сал­дары­нан олар жабайы саудамен, ­адам тасы­малдаумен айналысады, Ал­маты­дағы көліктің 30 пайызы сырт­тан келетіндерді құрайды. Ең сорақы­сы, қаладағы қылмыстық ахуалдың одан әрі күрделенуіне, ең алдымен сырттан және жақын шетелдерден келген­дер ықпал жасап отыр” – деп атап өтті А.Моргунов. Миграциялық полицияның де­рек­терін, орын алған жағдайларды сараптай келіп, Алматы қаласы­ның ерекше мәртебесіне қатысты заңның 3-бабының 8-тармағына орай, миграциялық үдерістерді рет­теу мақсатында қалалық мәсли­хат комиссиясы арнайы шешім қабыл­дап, қалада азаматтарды тір­кеу­дің жаңа ережелерін ұсынып отыр. Қазіргі кезде заң жобасы әді­лет департаментіне тіркеуге жіберілді, онда бұл құжат арнайы сарапта­ма­дан өтпек. Содан кейін ол баспасөз бетінде жарияланып, өз күшіне енетін болады. Сонымен қатар, тіркеудің жаңа ережелерін бұзған азамат Әкімшілік кодексі­нің 377-бабы бойынша жауапқа тартылады. Бақыт БАЛҒАРИНА. АЛМАТЫ.