Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметі бойынша, алғашқы екі айда республикада барлығы 15 807 тұрғын үй салынып бітіп, тұрғындар игілігіне ұсынылған. Соның 5 487-сі жеке үйлер екен. Қаңтар-ақпан айларының қорытындысы бойынша тұрғын үйді пайдалану тұрғысынан барлық облыста өсім байқалады. Көрсеткіш Атырауда – 225,7, Қостанайда – 123,5, Павлодарда – 119,3, Ақтөбеде – 118,7, Маңғыстауда – 114,1, Қарағандыда – 113,6, Батыс Қазақстанда – 112,6, Атырауда – 112,4, Солтүстік Қазақстанда – 111,4, Ақмолада – 110,6, Шығыс Қазақстанда – 107,9, Жамбылда – 102,8, Қызылордада – 101,9, Алматыда – 101,6, Түркістанда – 101,5 пайызға өскен.
Сонымен қатар Шымкент (456,5), Алматы (110,9) және Нұр-Сұлтан (106,4) қалалары да тұрғын үй құрылысымен белсенді айналысып жатыр. Министрлік тұрғын үй құрылысына салынған инвестицияның 231,2 млрд теңгені құрап отырғанын мәлімдеді. Бұл былтырмен салыстырғанда 36,5 пайызға көп.
Қазақстан биыл 17 млн шаршы метр тұрғын үй салуды жоспарлап отыр. Ақпанның соңында өткен Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин Елбасының 2030 жылға қарай баспанамен қамтамасыз етуді 1 адамға 30 шаршы метрге дейін жеткізу туралы тапсырмасын орындау керек екенін еске салған. «Бес жылда 100 млн шаршы метр үй салып, 1 млн-ға жуық отбасын баспанамен қамтимыз» деген еді Үкімет басшысы.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, 2025 жылға дейін 100 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салу – отандық құрылыс материалдары нарығын дамытуға да септігін тигізеді.
– Қазіргі кезде отандық өндірушілер 10 тауар позициясы бойынша ішкі нарықтың қажеттілігін өтеп отыр. 11 позиция бойынша кәсіпорындар 50 пайызды қамтыса, линолеум, түсқағаз, санфаянс секілді 3 позиция бойынша ішкі нарық өндірісі болмай тұр. Ішкі нарықты толықтай отандық құрылыс материалдарымен қамту үшін қазір шетелдік трансұлттық компаниялармен Қазақстанда импортты алмастыратын өндірістер құру мәселесін пысықтап жатырмыз, – дейді министр.
Мемлекеттің жоспарлауынша, 2025 жылға таман «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында барлық қаржыландыру көзі есебінен тұрғын үйді пайдалануға берудің жылдық көлемінің ұлғаюы – 20,7 млн шаршы метрге жетуі тиіс. Сондай-ақ алдағы бес жылда тұрғын үймен қамту көлемі – бір адамға 26 шаршы метрден тиіп, халықтың сумен жабдықтау қызметіне қолжетімділігі 100 пайызға жетуі қажет.