Аймақтар • 29 Наурыз, 2021

Оңалту орталығының көмегі көп

319 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тараз қаласындағы «Мамыр» тоғайында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Асар» оңалту-сауықтыру орталығы жұмыс істейді. Мемлекет қолдауының нәтижесінде, өткен жылы мүгедектігі бар балаларды оңалту және бейімдеу орталығы жаңа ғимаратқа көшірілген болатын. Ол үшін облыстық бюджеттен 170 млн теңге қаралған. Ал қосымша бөлінген 12 млн теңгеге жиһаз және қажетті құрал-жабдықтар сатып алынған. Нәтижесінде аталған орталықтағы тәрбиеленушілер саны 40-тан 68-ге артқан.

Оңалту орталығының көмегі көп

Өткен жылдың тамыз айында «Атлетик» спорт кешенінің базасында оңалту орталығы іске қосылды. Бүгінгі таңда мұнда коронавируспен ауырған науқастар емделуде. Дегенмен де алдағы уақытта аталған орта­лық кеңейтіліп, мүгедектігі бар адамдарды оңалтумен де айна­лысады деген жос­пар бар. Мәселен, «Айқын МСБ» жауап­кершілігі шектеулі серік­тестігінің демеушілігімен кешен құрылысына 57 млн теңге жұмсалған. Оған ешқандай бюджет қаржысы шығындалмаған. Бірақ бұл мақсатқа облыс әкімдігінің тарапынан 0,9 гектар жер бөлінген. Орталықтағы нысандардың жалпы ауданы 900 шаршы метрден асады. Кешен мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамға бейімделуіне, оларды кәсіпке баулып, өздерінің физи­калық мүмкіндіктеріне сәйкес табыс табуға ықпал етуге баулып келеді. Орталықта бір мезетте 60 адамға дейін оқып, жұмыс істей алады. Кешен негізгі және бизнес-инкубатордан, яғни шеберханалардан тұрады. Оның біріншісінде 30 бөлме болса, бизнес-инкубаторда тағы 8 бөлме бар. Мүгедектігі бар адамдар үшін жеті тігін, үш токарлық, фрезерлік және лазерлік станоктар, сондай-ақ ұсақтағыш қондырғылар орнатылған. Орта­лықта өз бетінше қозғалып немесе отырып жұмыспен айналыса алатын келушілер жұмысқа орналасу немесе өз жұмысын бастау үшін жаңа кәсіптерді игеретін болады. Барлық бөл­ме қажетті жиһаздармен жабдықталған. Ал спортпен шұғылдануға ниетті жандар үшін велотренажер, теннис үстелі және жүгіру жолақтары да қамтылған. «Орталық ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ашылып отыр. Әлеуметтік салада мемлекеттік қолдаудың жыл сайын артып келе жатқаны белгілі. Соңғы жылдардағы қиын жағдайларға, әлемдік эко­но­микалық дағдарысқа және коронавирустық пандемияға қарамастан, бірде-бір әлеуметтік пакеттің қысқаруына жол берілген жоқ. Керісінше, қолдау шаралары артты», дейді «Асар» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Руслан Төлегенов.

Ал Сивара Нурматованың айтуынша, инватакси диспетчерлік қызметі кеңсесінде өткен жыл­дың өзінде 17 мыңнан астам көліктік қызмет көрсетілген екен. Сонымен қатар «Мүгедектердің жастар қоғамы» қоғамдық бір­лестігінің төрағасы Әйгерім Дәу­­­летбаева мұнда балаларды жалпы білім беретін мектепте оқытуға дайындайтынын, пси­хологиялық қызмет, күндізгі ста­ционар палаталары, массаж, дәрігерлік қабылдау және ем-дом, электрофорез кабинеттері жұмыс істейтінін айтты. Сондай-ақ бизнес-инкубаторда ересектер ағаш ою, тігін, токарлық жұ­мыстармен де айналыса алады. Ал бүгінде іргедегі 2,6 мың шар­шы метр жерге иппотерапия орталығының құрылысы басталуда. Орталықтың ашылу салтанатына қатысқан кезде де Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдің әр аудан орталығы мен қалаларында мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектерге арналған оңалту ор­талықтарын ашу міндеті тұр­ғанын айтқан еді. Енді мұндай мекеме биыл Талас ауданының орталығы Қаратау қаласында да ашылатын болады.

 

Жамбыл облысы