Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Денсаулық сақтау министрлігінің кешегі күнгі таратқан мәліметі бойынша 23 310 адам коронавирус инфекциясынан емделуде, олардың ішінде 7 811 пациент стационарда, 15 499 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. 348 адамның жағдайы ауыр, 81 пациенттің жағдайы өте ауыр, 52 науқас ӨЖТ аппаратында жатыр.
Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласында инфекциялық стационарларда COVID-19 жұқтырған 489 пациент емделіп жатыр. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов мәлімдеді. Ол елордада реанимация бөлімінде ем қабылдап жатқан науқастар саны артқанын, қазіргі уақытта 55 адам жансақтау бөлімінде жатқанын жеткізді.
«COVID-19 инфекциясын жұқтырған пациенттер саны наурыз айындағы мейрамдардан кейін күрт артқаны байқалып отыр.
Бұл санитарлық нормаларды сақтамай, жұрттың жаппай жиналатын орындарға баруы және карантин режімін сақтамауы себепті болып отыр.
Елордалық дәрігерлер мен медициналық қызметкерлердің бәрі екі есе жүктемемен жұмыс істеп жүр. Бүгінгі таңда инфекциямен күреске 3 700-ден астам медицина қызметкері тартылды. Қажет болған жағдайда жұмылдырылатын қосымша кадрлық резерв бар», деді Т.Мұратов.
Бүгінгі таңда елордада 11 аурухана, оның ішінде 10 инфекциялық, бір карантиндік «Рамада Плаза қонақүйі», үш медициналық ұйым базасында қосымша 300 инфекциялық төсектік орын бар.
«КВИ-мен күресу үшін аталған стационарлар басқа аурулармен ауыратын науқастарды бұрынғыдай жоспарлы да, шұғыл да тәртіппен емдей алатын болады», деп атап өтті қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.
Қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова Нұр-Сұлтан қаласы эпидемиялық жағдайды бағалау матрицасы бойынша 17 күннен бері «қызыл аймақта» тұрғанын, күніне 150-ден 280-ге дейін жағдай тіркелетінін мәлімдеді.
«Қала 17 күннен бері эпидемиялық жағдайды бағалау матрицасы бойынша «қызыл аймақта» орналасқан. Күніне 150-ден 280-ге дейін жағдай тіркеледі. Соңғы аптада сырқаттанушылық деңгейі алдыңғы аптадан 21%-ға жоғары, 100 мың тұрғынға шаққандағы қарқынды көрсеткіш – 129,6 құрады. Репродуктивті саны – 0,99», деді С.Бейсенова.
Санитарлық дәрігердің мәліметінше, 2021 жылдың басынан бері қала бойынша сырқаттанғандар саны 10 мыңнан асты, пандемия басталғалы 28 756 жағдай тіркелді (оның ішінде 18 285 – симптоматикалық және 10471 – симптомсыз). Ақпан айында сырқаттанушылық динамикасы қаңтармен салыстырғанда 25%-ға төмендегені байқалды. Алайда соңғы алты айдағы ең жоғары көрсеткіш – қаңтар айында орын алған жоғары деңгейдің қайталанып отырғаны байқалады.
«Осы мерекелік аптада науқастармен байланыста болғандар саны 10%-ға өсті, яғни 500-ден 735 адамға дейін, бұл қала тұрғындарының карантиндік шараларды, оның ішінде үй карантин режімін сақтамағанын көрсетеді. Сонымен қатар өткен аптамен салыстырғанда балалар арасында аурудың 5%-ға, яғни 210-нан 339-ға дейін өсуі байқалады», деп атап өтті елорданың бас санитарлық дәрігері.
Қазіргі уақытта белсенді ошақтар саны – 1 512, оның ішінде: үй – 976, ұйымдастырылған – 536, онда 3361 байланыста болған адам медициналық бақылауда. Сонымен қатар қала тұрғындары мен қонақтарына, сол сияқты кәсіпкерлік субъектілеріне карантин режімінің талаптарын қатаң орындау міндеттеледі. Елорданың бас санитарлық дәрігері С.Бейсенованың айтуынша, әрбір аудан әкімдігінде 8 мониторингтік топ құрылған.
«2021 жылғы 19-24 наурыз аралығында мониторингтік топтар 198 рейд жүргізді, оның барысында 756 нысан тексеріліп, шектеу және карантин талаптарын сақтамайтын 40 нысан анықталды. 2021 жылғы 1 қаңтардан 19 наурызға дейін аудандық полиция басқармаларынан 319 материал келіп түсті, оның ішінде 21 172 830 теңге сомасына 95 әкімшілік айыппұл қаралды және салынды, 12 276 370 теңге сомасына 72 айыппұл қысқартылған тәртіппен төленді, 59-ы қараусыз қалдырылды (фото, бейне материал жоқ), 19-ы назарға алынды, 21-інде бұзушылық фактісі расталмады, 2 материал бойынша жазаға тарту мерзімі (2020 жылғы қазан, қараша) аяқталды», деді С.Бейсенова.
Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа карантин талаптарын орындамайтын 47 «қасақана бұзушыға» қатысты 54 материал жіберілді. Қазіргі уақытта елорданың 13 кәсіпкерлік нысанының қызметі тоқтатылды, олардың ішінде: Тekuila караоке-бары, ZOLOTO мейрамханасы, Stories лаундж бары (қазіргі уақытта «Два грузина»), «Abba» лаундж бары, Алания» түнгі клубы, Echo лаундж бары, «Жаным сол» караоке-бары, Kango батут орталығы, Ginza караоке-мейрамханасы, Alanya караоке-мейрамханасы, Nirvana бары, «Лото-клубы» бар.
«Айта кету керек, Қазақстан заңнамасының талаптарын қасақана елемеу және кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін уақытша тоқтату бөлігінде сот және сот орындаушыларының қаулыларын орындамау фактілері бар. Бүгінгі таңда коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиялық жағдай тұрақсыз, елорда әлі де «қызыл аймақта» тұр, қала тұрғындары арасында коронавирус инфекциясы жағдайларының өсуі байқалады. Алайда бұған қарамастан жеке тұлғалар мен кәсіпкерлік субъектілері Қазақстан Республикасы мен Нұр-Сұлтан қаласының Бас мемлекеттік дәрігерінің бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салу туралы Қаулысының талаптарын сақтамайды», деп түйіндеді елорданың санитарлық дәрігері.