Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VII шақырылымдағы Парламент сессиясында сөйлеген сөзінде: «Біз бала құқықтарын қорғау жөніндегі ауқымды мәселелерді шешуге тиіспіз. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, балалар арасындағы суицид пен буллингтің алдын алу үшін мемлекеттік бақылауды күшейтіп, тиімді тетіктерді қарастырған жөн», деген болатын. Бұл ретте еліміздің Ішкі істер министрлігі маңызды рөл атқаруға міндетті екендігі анық.
– Кейінгі 7 жылда қабылданған шаралардың нәтижесінде елімізде кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған құқық бұзушылықтардың саны жыл сайын азайып келеді. Мәселен, 2013 жылмен салыстырғанда мұндай құқық бұзушылықтардың саны 4 есеге азайды (2013 жылғы 8966-дан 2019 жылғы 2098-ге дейін). Ал өткен жылдың 10 айының қорытындысы бойынша жасөспірімдер арасындағы қылмыс 15 пайызға төмендеп отыр (1916-дан 1694-ке дейін), – дейді Әкімшілік полиция комитетінің Ювеналдық полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау басқармасы бастығының орынбасары Дилбар Төлегенова.
Оның айтуынша, 2015 жылдан 2019 жылға дейін кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстар саны елімізде 35 пайызға (1225-тен 787-ге дейін) азайыпты. Өткен жылдың 10 айында Қазақстанда осы санаттағы 821 қылмыс тіркелген. Ал 2019 жылы дәл осы кезеңде 735 қылмыс тіркелген болатын. Яғни жасалған қылмыстардың саны 4 пайызға ұлғайған.
– Былтыр аталған қылмыс санының өсуі статистикалық деректерді қалыптастыру тәсілдерінің өзгеруіне байланысты болып отыр. Мәселен, өткен жылы Қарағанды облысында кәмелетке толмаған қыз балаға қарсы жасалған 57 қылмыстың беті ашылды. Тексеру барысында зорлау фактісі бойынша – 28, жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылыққа қатысты – 16, азғыру фактісі бойынша 13 қылмыстық іс қаралды. Әр эпизод жеке қылмыс ретінде назарға алынды, – дейді Д.Төлегенова.
Елімізде балаларға қарсы жасалған қылмыстардың шамамен 40 пайызын 16 жасқа толмағандармен жыныстық қатынасқа түсу фактілері құрап отыр. Полиция қызметкерлері мұндай қылмыстардың 46,7 пайызын денсаулық сақтау органдарының мәліметтерін сәйкестендіру барысында анықтапты. Осылайша, Қылмыстық кодекстің 122-бабы бойынша тергеп-тексеру амалдары қолға алынған екен.
Кәмелетке толмағандардың қылмыстың құрбанына айналуына бірқатар себеп бар көрінеді. Мәселен, балаларды ата-аналарының бақылауынсыз қалдыруға болмайды. Сондай-ақ балалардың ересектерге сенгіштігі мен аңқаулығы, алдау-арбауға қарсы тұра алмауы да үлкен мәселе болып отыр. Яғни көптеген балалар ата-анасы үйретпегендіктен, бейтаныс адамдармен қалай қарым-қатынас орнатуды және қандай да бір қауіпті жағдайларда дұрыс әрекет етуді білмейді. Бұл ретте әлеуметтік желілердің жағымсыз әсері мен интернетке қадағалаусыз қолжетімділіктің де зияны барын ұмытпауымыз қажет. Бұған қоса, адамгершілік және отбасылық құндылықтардың төмен деңгейі мен шаңырақтағы әлеуметтік жағымсыз жағдайлардың, ата-аналардың алкогольді асыра пайдалануының да салдары сан соқтырып жатады.
– Полиция қызметкерлері өткен жылы түнгі мезгілде заңды өкілдерінің бақылауынсыз ойын-сауық орындарында немесе үйден тыс жерлерде жүрген кәмелетке толмағандарды анықтап, 57 мың ата-ана Әкімшілік кодекстің 442-бабы бойынша жауапқа тартылды. Қас қарайған соң ойын-сауық орындарында жасөспірімдердің болуына жол бергендері үшін Әкімшілік кодекстің 132-бабы бойынша 700-ден астам кәсіпкерге әкімшілік шаралар қолданылды, – дейді Д.Төлегенова.
Осылайша, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзғаны үшін жыл сайын 40 мыңнан астам ата-ана мен заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылады екен. Сот органдары жыл сайын полиция қызметкерлерінің өтінішхаты бойынша бір мыңға жуық ата-ананың құқығын шектейді немесе ата-аналық құқықтарынан мүлде айырады. Сонымен қатар жазалау шараларынан әлеуметтік-бағытталған шараларға ауысу мақсатында Ішкі істер министрлігінің бастамасымен 2019 жылдың сәуір айынан бастап өмірлік қиын жағдайға тап болған және полицияда есепте тұрған кәмелетке толмағандар мен тұрмысы нашар отбасыларды медициналық-әлеуметтік тіркеу енгізілген.
– Балаларға қатысты жасалатын зорлық-зомбылық тыйылмай тұр. Сондықтан ішкі істер органдарының тарапынан кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығы мәселесіне қатысты қылмыстардың алдын алу мақсатында бірқатар шара қолға алынып жатыр. Бүгінде кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қатысты қылмыстары үшін 1800-ден астам адам түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатыр, – дейді полиция қызметкері.
«Балалы үй – базар». Базарымыз тарқамасын десек, ең алдымен, бала тәрбиесіне, оның бүгіні мен ертеңіне ерекше назар аударғанымыз жөн-ақ. Оларды қызылды-жасылды дүниенің жетегінде жіберіп, ақпарат ағынының арбауында қалдырсақ, асыл ұрпақтың өсіп-өнбейтіні анық. «Балам – бауыр етім» деп жүрсек те, оның ішкі жан-дүниесіне, толғандырған мәселесіне үңіле бермейміз. Сөйтеміз де, оның тұлға ретінде қалыптасу кезеңінен көз жазып қаламыз. Осы олқылықтың орнын толтыратын кез келген секілді...