Сондай-ақ жобаға қатысқан төрт келіншек тұрақты еңбекақысы бар тігіншілік жұмысқа орналасты. 13 әйел жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, өз істерін ашса, көп балалы үш әйелге тігіншілік құрал-жабдықтарды сатып алуға қайтарымсыз грант берілді.
Жобаның негізгі шарты бойынша әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың қыз-келіншектері қолөнер, тігіншілік курстарын аяқтаған соң бірден табыс табуы тиіс болатын. Өткен жылдың наурызында әлеуметтік жобаның басталғаны туралы хабарландыру жарияланған бойы оған қатысуға тілек білдірген қыз-келіншектер тігіншілік пен қолданбалы өнер бойынша шеберлік сабақтарымен қоса бизнес жүргізудің қыр-сырын да оқи бастады. Осындай нақты қолдаудың арқасында бұрын атаулы әлеуметтік жәрдемақыдан басқа табыс көзі жоқ бірнеше ақтөбелік әйел кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеруге кірісті.
«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Сұлупан Шынтасова, жоба қатысушылары үшін аспаздық шеберлік сабағын ұйымдастырған «Таксим» ЖШС басшысы Күлшат Масалимова, «Samal_cаkes» ЖК басшысы Самал Асанова оқу курстарын аяқтап, өз істерін бастаған жоба қатысушыларына ақыл-кеңестерін айтып, тәжірибелерімен бөлісті. Бір жыл бойы тігіншілікті меңгеріп, қазір жеке тапсырыстарды қабылдай бастаған Шалқар ауданынан келген көп балалы ана Алмагүл Сейітова ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Жақында осы жоба аясында аспаздық курстар да ашылды. Жиын соңында дәмді тағамдар әзірлеудің қыр-сырын үйреніп жатқан 30 келіншекке нан өнімдерін пісіретін пештер табыс етілді. Айта кету керек, өткен жылы Ақтөбе облысында 298 көп балалы ана қысқа мерзімді кәсіби дайындық курстарында оқып, 514 көп балалы және аз қамтылған отбасы аналарының әрқайсысы 555,6 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант алып, кәсіптеріне қажетті құрал- жабдықтарды сатып алған.
Ақтөбе облысы