Аймақтар • 29 Наурыз, 2021

Синтетикалық есірткі жасайтын жасырын зертхана жойылды

415 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы қаласының полицейлері ірі есірткі зертханасын жойды, деп хабарлайды Egemen.kz

Синтетикалық есірткі жасайтын жасырын зертхана жойылды

Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, зертхана Медеу ауданындағы бау-бақша қоғамының аумағындағы жеке үйде орналасқан. Оны 25 және 24 жастағы екі жігіт басқарған.

«Үйді санкцияланған тінту кезінде «мефедрон» синтетикалық психотроптық затын өндіру барысында қолданылатын ұнтақ және кесек заттар, химиялық заттар салынған пластик ыдыстар, түрлі сұйыққа толы зертханалық ыдыс, электронды таразы және басқа да заттар табылды және олар іс жүргізу тәртібімен тәркіленді. Күдіктілердің есірткі әзірлеуге арналған компоненттерді Ресей Федерациясынан көлік-логистикалық компанияның қызметі арқылы алғаны анықталды», деді Алматы қалалық ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ерлан Алмағамбетов.

Үш келі кептірілген және он келі сатуға дайын тәркіленген заттарға сот-химиялық сараптама тағайындалды.

«Күдіктілердің әрекеттері Қылмыстық кодекстің 297-бабы бойынша тіркелді. Олар өздерінің кінәсін толық мойындап, өндірілген тауарлардың Медеу, Бостандық және Наурызбай аудандарының аумағында белгілі бір орындарға жасырып кету арқылы сатылатындығын айтты. Ұсталған азаматтар ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олардың басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі», деді Ерлан Алмағамбетов.