Таным • 29 Наурыз, 2021

Жерді ғарыштан бақылау – оңтайлы тәсіл

1067 рет көрсетілді

Жерді қашықтан бақылауға мүмкіндік беретін ғарыш жүйелерінің артықшылығы көп. Айталық, ғарыштан мониторинг жасау арқылы елімізде пайдаланылмай бос жатқан 1 млн гектардан аса жер мен заңсыз қоқыс полигондары, сондай-ақ көктемгі су тасқынының ықтимал ошақтары анықталып отыр.

200 мыңға жуық жер учаскесіне талдау жүргізілді

Қазір ғарыш индустриясында АҚШ оқ бойы озып тұрғаны баршаға мә­лім. Бұрынғыдай салада NASA ға­рыш агенттігі ғана жеке-дара көш бас­тап тұр деп ойласаңыз қателесесіз. Мә­селен, Құрама штаттардағы жекелеген компаниялар, атап айтқанда, Илон Маск басқаратын SpaceX, Джефри Безос негізін қалаған Blue Origin сынды коммерциялық ұйымдар ғарыш әле­міндегі жаңа үрдістерді енгізіп, алдарына жан салмай келеді. Қазақстан әлемдік алпауыттармен жаһандық жарысқа түспесе де бұл бағыттағы жетістіктері жоқ емес.

Соңғы жылдары елімізде түрлі салада ғарыштық мониторинг ұтымды пайдаланылып келеді. Мысалы, ауыл шаруашылығы саласын алып көрелік. Бүгінде республика аумағында аталған бағытта пайдаланылмай бос жатқан жерлер сот тәртібімен алынады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жауапты ведомство бос жерлерді алу рәсімін дайындап, жеңілдетті. Біріншіден, ауыл шаруашылығы жерлерін тексеру кезеңдері мен оны алу мерзімі екі жыл­дан бір жылға дейін қысқартылды. Екіншіден, жердің қолданылу процесін бақылау ғарыштық мониторинг арқылы автоматты түрде жүргізіледі.

«Шартты түрде белгілі бір азаматтың иелігінде мың гектар жер бар делік. Алай­да бұл аумақ мақсатсыз бос жатыр. Ал кейбір фермерлер шаруашылығын жүргізейін десе, жер таппай қиналып отыр. Осы орайда ғарыш технологиялары арқылы (жерді қашықтан зондтау деректері негізінде өзгерістерді уақтылы анықтау) тиісті олқылық анықталып, егер де жер пайдаланушы бір жылдың көлемінде сын-ескертпені түземесе, онда жер учаскесін тәркілеу туралы сотқа арыз беріледі», деп түсін­дірді «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ мамандары.

Ғарыштан мониторинг жүргізуде «Қазақстан Ғарыш Сапары» компания­сының маңызы үлкен екенін айта кет­кен жөн. Ал жер ресурстарының тиімді пайдаланылуын Кеңістік дерек­тер депар­таментіне қарасты ауыл ша­руа­шылығы өндірісі мониторингі бас­қармасының жерді пайдалану мони­торингі бөлімі бақылап келеді. Жерді қашықтан зондтау (ЖҚЗ) деректерінің талдауы көрсеткендей, бос жатқан егістік жердің көлемі 1 млн гектардан асып жығылады. Бұл орайда 185 760 жер учаскесіне талдау жүргізілген.

Басқарма мамандарының айтуынша, ауыл шаруашылығы алқаптарының цифрлы картасын дайындап, оларды жаңартып отыру маңызды. Себебі уақыт өткен сайын алқаптардың шекаралары өзгеріп тұратындықтан, карталарды нақты өңделетін аудандарға сай етіп үнемі реттеп отыру қажет. Дәлдігі жоғары алқаптардың электронды карталары орта және жоғары шешімдегі ЖҚЗ деректерінің негізінде фермерлердің қатысуынсыз әзірленеді. Сонымен қоса жерді пайдалануға қатысты ғарыш­тық мониторингте Мемлекеттік жер кадас­трының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің, сол секілді жер теңгерімі мен үш жылдық кезеңді қамтитын ЖҚЗ мәліметтерінің маңызы зор. «Қазақстан Ғарыш Сапары» ақпаратына сүйенсек, қазір 13 195 330,1 гектар егістік жер цифр­ландырылды. Оның ішінде Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыс­тарының жерлері қамтылған.

Бұдан бөлек, есепке алынбаған егістік жерлері де анықталып отыр. Мысалы, жоғарыда аталған 6 өңірде ғарыштық технологиялар арқылы 367 878,1 гектар есепке алынбағаны белгілі болды.

 

Жайылымды игеруде ұқыптылық қажет

Еліміз жайылымдық жер ресурстары жағынан әлемде бесінші орында тұр. Әйтсе де бұл отандық агроөнеркәсіптік секторда қордаланған проблемалардың бірі екені әмбеге аян.

«Жайылымды жерлер тиімсіз, шекті жүктемеден артық пайдаланылып келеді. Бұл аталған жерлердің тозуына немесе толық көлемде игерілмеуіне алып келеді. Жайылымды алқаптарды пайдалануын бағалау ЖҚЗ жүйелері, атап айтқанда KazEOsat-2 спутнигінің орташа рұқсат етілген ғарыштық суреттері арқылы және ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру ақпараттық жүйесінің деректері негізінде жүргізіледі», деді «Қазақ­стан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ Ауыл шаруашылығы өндірісін мони­торин­гілеу басқармасының басшысы Гүлнәр Қабжанова.

ЖҚЗ деректеріне сенсек, жайылымдарды тиімді пайдалануды бағалау нәтижелері мынадай: Ақмола облысында – 30,2%-ға, Солтүстік Қазақстан облысында – 18,4%-ға, Қарағанды облысында – 19,3%-ға, Шығыс Қазақстан облысында – 11,6%-ға, Жамбыл облысында – 12,7%-ға және Алматы облысында 11,9%-ға жүктеме төмен екені анықталған.

Жер ресурстарын тиімді пайда­ла­нудың ғарыштық мониторингі жұмыс­тарының нәтижелеріне байланысты деректер мемлекеттік органдарға zher.gharysh.kz геосервистік қызметі арқылы беріледі.

«Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ ақпаратына сәйкес әзірге ғарыштық технологиялар тек алты облыста қолда­нылады. Биыл Бас прокуратураның сұра­нысы бойынша ауыл шаруашылығы алқап­тары мен жер ресурстарын пайда­ланудың ғарыштық мониторингі барлық өңірде іске асады деп жоспарлануда.

Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрлігінің мәліметіне сүйенсек, былтыр ғарыштық бақылау арқылы елімізде 9 мыңға тарта заңсыз қоқыс орындары анықталып, заңды бұз­ғандар жауапқа тартылған.

Бұдан басқа, жерді қашықтан зондтау жүйелерінің орман өрттерінің ошағын анықтауда да септігі мол. 2020 жылы ірі орман өрттері 5 өңірде тіркеліпті. Нақты айтқанда, Шығыс Қазақстанда 4 346 гектар жер, оның ішінде «Семей орманына» қарасты 3 785 гектар жер тілсіз жау­дың құрсауында қалған. Сонымен қатар Түркістан облысында – 4 681 гектар, Павлодар облысында – 2 мың гектар, Батыс Қазақстанда – 1 316 гектар, сол секілді Алматы облысында 7 836 гектар жер өртенген. Ғарыштық мони­торингтің көмегімен қызыл жалын­ның таралу ауқымы тежелді. Жыл­жы­майтын мүліктің орналасқан жерін анықтауда да ЖҚЗ жүйелерінің пайдасы жетерлік. Тұтастай алғанда, ғарыш тех­нологияларының игілігі есепсіз және оның қамтымаған салалары жоқ десек те болады. Қуантарлығы сол, Қазақстан зама­науи үрдістен қалыс қалмай, бұл бағытта табысты жобаларын жүзеге асырып келеді.

 

Соңғы жаңалықтар

Ертең Үкімет отырысы өтеді

Үкімет • Бүгін, 11:31

Тәуелсіздік тұлғалары

Елорда • Бүгін, 09:16

Аида – әлем чемпионы!

Спорт • Бүгін, 09:14

Алматы қаласы «сары» аймаққа өтті

Коронавирус • Бүгін, 09:09

«Ақ бидай» ойындары аяқталды

Ұлттық спорт • Бүгін, 09:03

Жастар жәрдемі

Аймақтар • Бүгін, 08:55

Сенім арт маған, туған ел!

Аймақтар • Бүгін, 08:54

Сақтанған сау қалады

Медицина • Бүгін, 08:47

Оқушыларға абай болайық

Аймақтар • Бүгін, 08:42

Дамудың сенімді іргетасы

Қазақстан • Кеше

Іні-досқа ілтипат хат

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар