Қазақстан • 30 Наурыз, 2021

Алаш атын аспанға шығарады олар...

328 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан жастарының бәсекеге қабілеттілігі қандай? Қай қырымызбен асып, қай қырымыздан кемшін түсіп жатырмыз? Жалпы, қазақ жастарының портреті қандай болуға тиіс? Дәстүрге айналған «Азаматтық алаң» отырысында отандық сарапшылар мен қоғамдық пікір көшбасшылары өзектілігін жоғалтпайтын жоғарыдағы сұрақтар аясында ой қозғады.

Алаш атын аспанға шығарады олар...

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» қоғамдық даму институты ұйымдастырған «Азаматтық алаң» жобасының биылғы бірінші отырысы «Жастардың бәсекеге қабілеті: Қазақстанның әлемдік көшбасшылығының негізі» тақырыбына арналды. Бүгінде әлемдік аренадағы қазақ жастарының жетістіктеріне тоқталған Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Рухани жаңғыру» департаментінің директоры Нұрлан Күнтуов жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызын атап өтті.

– Бүгінде қай салада болсын, еліміздің намысын халықаралық аренада абыроймен қорғап жүрген жастарымыз жетерлік. Бұл спортқа да, өнерге де, техника салаларына да қатысты. Мәселен, кеше ғана отандасымыз, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Иманбек Зейкенов әйгілі Grammy жүлдесін жеңіп алды. Дегенмен «Жастарымыздың бәсекеге қабілеті қандай?», «Бәсекеге қабілетті жастарымыздың бейнесі қандай болуы керек?» деген сұрақтар көпшілікті толғандыратыны рас. Біз бірінші кезекте елін сүйетін патриот азаматтар тәрбиелеуіміз қажет, – деді Нұрлан Күнтуов.

Отырыс барысында «Рухани жаңғыру» қоғамдық даму институтына қарасты «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Аян Сакошев Қазақстан жастарының портретіне тоқталды.

– Ресми деректерге сүйенсек, 2020 жылы 14 пен 29 жас аралығындағы республика жастарының саны 3,7 млн адамды құраған. Бұл – жалпы халық санының 20,4 пайызы. Олардың 56,4 пайызы қалада тұрса, ауылда тұратындары – 43,6%. Тағы бір айта кетерлігі, дәл осы жас аралығындағы қазақстандықтардың 92,9 пайызы ешбір партияға мүше емес, – деді А.Сакошев.

Бүгінде қай салада болсын, әлемдік аренада Қазақстанның абыройын асқақтатып, елімізді әмбеге танытып жүрген жастарымыз – ел мақтанышы. Мәселен, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, әнші Әлібек Альмадиев «Қазақстан дауысы», «Хочу к Меладзе» сынды байқаулардың финалисі болған.

Өз жоспарларымен бөліскен Әлібек заманауи жастардың бейнесіне қатысты өз пікірін айтып өтті.

– Ұзақ уақыт ресейлік «Хор турецкого» ұжымының құрамында болдым. Сапарларға жиі шығатынбыз. Жалақым жақсы болды. Қазіргіден 5-6 есе артық ақша таптым. Бірақ табысымнан ләззат ала алмадым. Өйткені өзге елдің мүддесіне қызмет етіп жүргенімді іштей түйсінетінмін. Содан елге оралу қажет деп шештім. Қазір табысым аздау болса да, өз елім үшін қызмет етемін. Менің түсінігімде жастар отансүйгіш болуы керек. Қайда жүрсең де, бірінші кезекте өзіңнің емес, өз еліңнің атын асқақтату үшін еңбек еткенге ештеңе жетпейді», – деген пікірін білдірді Ә.Альмадиев.

Сондай-ақ Forbes Kazakshtan рейтингісінен орын алған жас инженер Мәулен Бектұрғанов роботтехника саласындағы Қазақстан жастарының жетістіктеріне тоқталып, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы қандай болу қажеттігін айтып берді.

– Шынымды айтсам, бұл жобаға қатысам деген ой әуелден болған. Бірақ өтінішті менің атымнан басқалар жолдады. Менің кішкентай да болса жетістігіме қызығушылық танытып, ілтипат танытқандары үшін ризамын. Жобаға қатысқандар арасында еліміздің абыройын күллі әлемге асқақтатып жүрген замандастарымыз да бар. Меніңше, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы өзіне ғана емес, еліне пайдасын тигізер патриот және көшбасшылық қабілеті зор болуы керек, – деді ол.

Естеріңізге сала кетсек, Мәулен кәдімгі қолдың прототипін жасап, мүмкіндігі шектеулі жандарға зор мүмкіндік берген болатын. Бұл роботқол ми арқылы басқарылып, кәдімгі қолдың қызметін атқара алады. Ендігі кезекте жас инженер бастаған компания роботаяқ жасап шығармақшы.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырған «Азаматтық алаң» жобасының отырысына қоғам белсенділері, мемлекеттік қызметшілер, блогерлер, журналистер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен танымал тұлғалар қатысты.

 

Соңғы жаңалықтар