Жалпы жол – салғырт қарайтын мәселе емес. Жол – экономиканың күре тамыры. Сондықтан жолды жөндеу – қашан да өзекті, ал жөнделген жолға күтім керек. Мамандардың айтуынша, жөнделген жолдарды бүлдіретін факторлар аз емес. Соның ішінде шамадан артық жүк артқан ауыр көліктер асфальт жолдарға зиян келтіруде. Жолдың ту-талақайын шығаратын ауыр көліктерге қатысты тексерулер үнемі жүргізіліп келеді. Мысалы, 2020 жылдың қаңтар-қазан аралығында көліктік бақылау инспекторларымен бірлесе жүргізілген рейдтік шаралар кезінде 1207 жүк көлігі тоқтатылып, салмағы тексерілген. Нәтижесінде мөлшерден көп жүк артып, заңды бұзған тұлғаларға 33 млн 90 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.
Сондай-ақ Баянды мен Аташ ауылдарында болған шулы оқиғалар жолдарға құзырлы органдар тарапынан бақылауды күшейту қажеттігін көрсеткен болатын. Нақтырақ айтсақ, 2020 жылдың шілде айында Мұнайлы ауданының Баянды ауылында болған жайт елдің назарын Маңғыстауға аударды. Ауыл азаматтары әлі қатып үлгермеген жол төсемелерін қолмен көтергенде оның асты ештеңе төселмеген қуыс екені мәлім болды. Бұл жайт әлеуметтік желілерге лезде тарады. Осы оқиғадан кейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұловтың тікелей тапсырмасымен тексеру жүргізіліп, өрескел қателіктер анықталды. Жол инженерлері жобаның сметалық құжаттарының толық еместігін, Баянды ауылындағы 6 көшеге ортақ бір ғана құжат жасалғанына көз жеткізді.
– Құжаттарда көшелердің ұзындығы, төсемнің құрылымдық қабаттарының ені мен қалыңдығы туралы бірде-бір ақпарат жоқ. Бұдан өзге, мердігер мекеме асфальт-бетон қоспаны төсеу кезінде де қателескен. Негізгі өңдеуге арналған битум шығынын нормадан екі есеге аз көрсеткен. Соның салдарынан асфальт төсемі мен астыңғы қабаты бір-бірімен дұрыс қабыспай қалған. Осының барлығы жолды салушы мердігер мен қабылдап алушы әкімдік қызметкерлерінің кәсіби деңгейінің төмендігін байқатты, − дейді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Маңғыстау облысы филиалының директоры Елтай Таялиев.
Көп ұзамай Баяндыдағы жолдың кем-кетігі толық түзелді. Кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ 2020 жылдың 23 қыркүйегі күні Түпқараған ауданының Аташ ауылындағы Б.Ақсамбаев көшесіне асфальт төсеу кезінде газ құбыры жол ортасында қалып қойғаны жайлы ақпарат елді тағы дүрліктірді. Жолды жобалаушы серіктестік көше бойында төмен қысымды газ құбыры тұрғанын ұмытып кеткен. Оның орнын ауыстыру туралы техникалық талаптарды ауылды газбен жабдықтаушы мекемеге де жолдамаған. Жол салып келе жатқан жұмысшылар құбырды айналып өтпей, соның үстінен асфальт төсеп тастайды. Ұлттық жол сапа орталығының араласуымен газ құбыры аз уақытта жолдың астына жіберілді. Өз ісіне салғырттық танытқан мердігер мекеме өз ақшасына көшенің осы бөлігіне жаңадан асфальт төсеп шықты.
Маңғыстау облысында көлік жолдарын салумен айналысатын жеке мекеме басшылары өздеріне тапсырыс беруші әкімдіктермен байланыс жоқтығын айтады. Мәселен, тендер ұтып алған кәсіпорын өзіне нақты нұсқау берілмегендіктен, жол құрылысын өз білгенімен аяқтап шығады. Жол құрылысындағы кем-кетіктер осыдан шығады, ал зардабын кейін халық тартады.
Жол туралы сөз қозғағанда оның сапасы мен күтімінен бөлек, жол мамандары – өз алдына үлкен тақырып. Статистикалық деректерге сүйенсек, қазіргі уақытта Қазақстанда орта есеппен 3 мыңға жуық маман қажет. Әсіресе жол шеберлері, инженер-сметашылар, зертханашылар, жол құрылысы инженерлері, автогрейдер жүргізушілері, механизаторлар, тағы басқа да мамандар жеткіліксіз.
Тіпті Маңғыстауда жергілікті атқарушы органдарда жол саласы бойынша жоғары білімі бар маман тапшылығы байқалуда. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Маңғыстау облысы филиалы директорының айтуынша, жергілікті әкімдіктердегі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен олардың бөлімдерінде барлығы 63 қызметкер жұмыс істейді. Алайда олардың арасында тек 16 адамның жол саласы бойынша жоғары білімі бар. Ал «Қарақия аудандық тұрғын-үй шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» мемлекеттік мекемесінде 9 қызметкер еңбек етеді. Олардың арасында жол саласы бойынша дипломы бар адам жоқ. Ал «Бейнеу аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-де 9 адам жұмыс істесе, оның біреуі ғана «Көлікті пайдалану және жол қозғалысы мен тасымалды ұйымдастыру» мамандығы бойынша диплом алған. Сондай-ақ Маңғыстау аудандық тұрғын-үй шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» бөлімінде 13 адам болса, оның біреуінде ғана «көлік, көліктік техника және технологиялары» бойынша диплом бар екен. Тізімді осылай жалғастыра беруге болады. Мекемелердің қай-қайсысында да мамандар жеткіліксіз.
Жол мамандары мәселесін шешу үшін не істеу керек? «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК басшылығы мектеп бітіруші түлектермен кездесіп, жолшы мамандығына тарту мақсатында «1000 мектеп» бастамасын жүзеге асыруды қолға алған.
– Қазақстанда жол саласы мамандарын даярлаумен 30-ға жуық университет пен 50-ге тарта колледж айналысады. Маңғыстауда Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті мен Х.Өзбекғалиев есімі берілген политехникалық колледж бар. Колледждің екі студенті ай сайын 60 мың теңгеден жоғары шәкіртақы алып, Ақтаудағы филиалда кәсіби біліктілігін арттырып жүр. Оқуын бітірген соң біздің ұжымға қосылады деген үміттеміз, – дейді Е.Таялиев.
2020 жылдан бастап, «1000 мектеп» жобасы аясында мектеп түлектерінің арасынан жыл сайын кемі 2-3 бала жол саласы мамандығын таңдайтын болса, таяу он жылда бұл саладағы маман тапшылығы мәселесін түбегейлі шешуге болады екен.
Маңғыстау облысы