Ақ қар, көк мұздың үстінде аударыспақ өткізу оңай-оспақ шаруа емес екен. Есік пен төрдей, шоқтығы биік қарагер аттың тұрқы көз арбағанымен, құлын кезінде көзіне қамшы тигендей басын ала қашып, топқа түскісі келмейді. Үстіндегі балуан ауыздығымен алысып, қамшылағанымен, тағасыз ат тайғанақтап, ерге серік бола алмады. Арыдағы бабалар «ат – ердің қанаты» деп тегін айтпаған екен. Астына мінгені жалтақ болған соң жалтаң қақтырып топқа түсе алмаған үміткердің де меселі қайтады. Тор аттың үстіндегі қоладан құйғандай шымыр денелі жігіт ұзақ аңдысып, қарсыласының білегінен қармап ұстағанымен, ер тоқымы ат белінен сырғып түсті. Шамасы шап айылы бос, оның үстіне өмілдірік те, құйысқан да жоқ. Орыс ері. Орыс ерінің алдыңғы қасы имек темір. Сайысқа түскен адамның мертігіп қалуы да ғажап емес. Жорық жортуылға, ат үстіндегі арпалысқа қазақтың үйрекбас ертоқымынан артық зат жоқ-ау. Кәдімгі сыртынан қараған адамға айдында жүзіп бара жатқан үйректі көз алдыңа әкелетін, орнықты, ертеден кешке дейін шапса да ат арқасын алмайтын жайлы, шалт қимылға ыңғайлы жабдыққа жетер не бар?!
Ұзын-ырғасы екі күнге созылған байқаудың алғашқы күні қала іргесіндегі Краснояр ауылындағы атшабарда әр ауданнан сайдың тасындай іріктеліп келген жігіттер аударыспақ, жамбы ату, қол күресі, салмақ көтеру тәрізді сайыстарға түсті. Ең қызығы, осы аударыспақ болды. Әйтсе де ауылдан келгенімен, тақымы тұлпарға бүгін тигендей тосырқап қалған жігіттердің қарым-қабілетінде олқылық та бар екен.
Соңғы уақытта жамбы ату да өткізілуде. Алғашқыда садақ ұстап көрмеген жастар қалыпқа түсе алмаса да, біртіндеп қанында бар дүние болған соң нысананы дәл көздеп атуға машықтанып қалды. Жарысты тамашалаған топ ортасында жамбы ату туралы пікір білдіргендер де болды.
– Ер жігіттің бойындағы қабілет-қарымды барынша бағалаған аталарымыз көздегенін мүлт жібермейтін көз мерген мен қол мергенге ат мінгізіп, атан жетектеткен, – дейді Мұрат қажы Ыдырысов. – Ежелгі аңыздар мен эпостық жыр-дастандарда мергенге одан да үлкен сый-сыяпат тартылғаны белгілі. Бұл дегеніңіз ең алдымен жауынгер халқымыздың «ұрпағым жасындай жарқылдасын» деген ізгі ойынан туындаған дүние.
Ұлттық ойындардан соң үміткерлердің бойындағы өнер өрісі, таным-білігі, шешендігі мен тапқырлығы сахнада сарапқа салынды. Ежелден ән-жырдың алтын бесігі атанған Көкше топырағындағы сал-серілердің бүгінгі сарқыттары аянып қалған жоқ. Таразы басына бұла күш пен өміршең өнер түскен кезде қазылар алқасы бес кезең бойынша жүзден жүйрік болып көрінген Краснояр ауылының тұрғыны Манарбек Амангелдіні «Жігіт сұлтаны» байқауының бас жүлдегері деп таныды.
– Ең алғаш 1992 жылы облыста тұңғыш рет Красноармейск ауданында Наурыз тойын өткізген болатынбыз, – дейді Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінің директоры Құралай Ыдырысова. – Атауын еміс-еміс білгенімізбен, мазмұнын, мәнін жете білетін адам жоқтың қасы. Ауыл-ауылды аралап көнекөз ақсақалдардан сұрастырдық. Барымызды жиып, жоғымызды түгендеп, халқымыздың қазынасының ұшан-теңіз екенін көрсетуге тырыстық. Содан бері осы мерекені бір сарында өткізіп келе жатқан тәрізді болып көрінеді көзіме. Таяуда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз тойына байланысты өз көзқарасын білдірді. Өте дұрыс айтып отыр. Шынында да, халықтық мерекені жаңғыртатын, мазмұнын үстейтін уақыт жетті деп білемін.
Бұл жолғы «Жігіт сұлтаны» да көп жылдан бері жылға тартып келе жатқан ескі сүрлеудің бойымен өткізілді. Кең қамтып, толық толғау үшін жаңа бір өріс керек шығар-ақ.
Ақмола облысы