Компания цифрлы трансформация аясында пошта-логистикалық қызмет көрсету сервисін жетілдіруге ерекше назар аударып келеді. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде «Қазпошта» АҚ биыл «Кедендік өкілдер» тізіліміне енгізілді. Енді компания халықаралық пошта жөнелтілімдері мен жүктерді кедендік ресімдеу қызметтерін толық ұсынатын болады. Кедендік өкілдің басты артықшылығы – кедендік ресімдеу қызметтерін «бір терезе» қағидаты бойынша көрсету.
– Бұл компанияның пошта-логистикалық қызмет көрсетудің толыққанды моделін құру жолындағы негізгі қадамдарының бірі және оның мультипликативті әсері зор болмақ. Осылайша, компания ел тұрғындарына көрсетілетін қызметтер спектрін кеңейтіп отыр. Жеткізу мен сақтаудан бастап тапсырыстарды басқару және қозғалысты қадағалауға дейін толыққанды сервистік модельді ұсынамыз. Бұл үшін компания мамандары арнайы оқытылды, – деді «Қазпошта» АҚ-ның Логистикалық сервис жөніндегі басқарушы директоры Асқар Әбдікәрімов.
Белгілі болғандай, халықаралық пошта жөнелтілімдері мен жүктерді кедендік ресімдеу қызметтері әзірше Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында қолжетімді болмақ. Кейін қызмет көрсету аясын кеңейтіп, облыс орталықтарының барлығын қамту жоспарлануда. Сондай-ақ көліктің барлық түрін қамту көзделуде.
– Егер жеке тұлғаның сәлемдемесінің құны 200 еуродан, ал салмағы 31 килодан асатын болса, онда ол міндетті түрде кедендік ресімдеуден өтуі керек. «Қазпошта» клиенттеріне осындай қызмет ұсынылып отыр. Қызмет ақылы, әлбетте. Қазір аталған процесті автоматтандыру жүргізіліп жатыр. Клиенттің қызметке онлайн режімде тапсырыс беру мүмкіндігі қарастырылуда, – деп нақтылады А.Әбдікәрімов.
Сондай-ақ компания қазір уәкілетті экономикалық оператор мәртебесін алу бойынша жұмыс жүргізуде. Ол Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін мемлекеттердің шекарасын кесіп өту кезінде жүктерді ресімдеудің оңтайландырылған тәртібін пайдалануға жол ашады. Бұл өз кезегінде халықаралық пошта жөнелтілімдері мен жүктерді жеткізуді жеделдетуге мүмкіндік береді.
– «Қазпоштаның» 2027 жылға дейінгі даму стратегиясы аясында кедендік қызметтерді қамтамасыз ету – кешенді логистикалық қызметтерді құрудың бір бөлігі. Бұл ретте арнайы логистикалық сервис филиалы құрылғанын атап өткен жөн. Оның міндеті – ішкі және сыртқы нарықтарға кедендік-логистикалық қызметтер көрсету. Сондай-ақ тасымалдау, уақытша сақтау қызметтерін ұсыну. Логистикалық процестерді оңтайландырып әрі жеделдетіп, қызметтердің барлық спектрін ұсыну негізінде өңірлік саясатты дамытамыз, – дейді А.Әбдікәрімов.