Аймақтар • 30 Наурыз, 2021

«Баянауыл RUNNERS» марафоншылары мәреге жетті

477 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Аудан орталығындағы әуесқойлар жеңіл атлетика клубының мүшелері 76 шақырымдық марафон ұйымдастырды. Мақсат – спорттық шара өткізу арқылы нашақорлықтың алдын алу, жастардың бойында есірткіге қарсы тұра алатын берік иммунитет қалыптастыру қажеттігін жүгіру арқылы көрсету.

«Баянауыл RUNNERS» марафоншылары мәреге жетті

Суретті түсірген Еламан Әшім

Марафон қатысушылары екі қашық­тық­ты таңдады. Қатысушылар жарыс жо­лына таңғы 7:00-де Баянауылға кіре­бе­ріс жолдағы стелла алдынан ат­тан­ды. Жүгіру марафоны «Баянауыл – Жасыбай – Торайғыр, Торайғыр – Жа­сыбай – Баянауыл – Әулиебұлақ – Торайғыр ауы­лы­на кіреберістегі бұрылыс – рес­пуб­ли­калық Баянауыл – Павлодар автожолы бойы бағытындағы қашықтыққа арналды.

Клуб мүшелері, аудан спортшылары Нұрсұлтан Бірлік, Таңат Бердалин, Нұржан Айтмағамбетов, Олжас Кәкім­жа­нов ұйымдастырған мара­фон­ға баянауыл­дық жастардың бастамасын қол­­дап, Пав­ло­дар қаласынан 59 жастағы Ев­гений Бе­лов, Ақсу қаласынан Сергей Хихлуха, Шы­ғыс Қазақстан облысының Бесқарағай ауда­нынан Арман Әзімжанов се­кілді спорт­шылар да келді.

Евгений Белов, Арман Әзім­жанов, Нұрсұлтан Бірлік пен Олжас Кәкімжановтар 76 шақырымды толық жүгіріп өтті. Нұрсұлтанның айтуынша, олар марафон барысында 50 шақырымнан кейін аялдау бекетіне тоқтаған. Сәл үзі­лістен кейін, сусын ішіп әлденіп, аздап қи­­мыл жаттығуларын жасаған. Үзілістен кейін Евгений Белов пен Нұрсұлтан Бір­лік, Баянауыл ауылдарындағы «Мәң­гі­лік алау­ға» келіп тағзым жасады.

– Жүгіру барысында бізге суық жел де, жауған жаңбыр да соншалықты кедергі болмады. Интернеттен әйгілі марафоншы, жерлесіміз Марат Жыланбаев жайлы деректі фильм көріп, жігерленіп алдық. Ауыл жастарына бос уақытты спортқа, жаттығуларға арнайық дегіміз келеді. Ал­дағы уақытта да ауданда әртүрлі спорт жа­­рыс­тарын өткізу жалғасады, – дейді Нұрсұлтан.

Қатысушылар марафонда, түскі үзіліс­ті қоспағанда, 10 сағат уақыт жүгірді. Ол кешкі сағат 19:00-де аяқталды. Бар­лық қатысу­шылар жүгірісті ешқандай жара­қат­­сыз, оқыс оқиғасыз өткізгендеріне қуа­­нышты екендерін айтып, бір-бірін құт­тықтады.

Мәреге жеткен марафон қатысу­шы­ла­рын аудандық Қорғаныс істері бөлімінің басшысы, подполковник Асыл Шадиев, спорт ардагері, аудандық орталық ста­дион­ директоры Әбдіхамит Сұңқарбеков ма­­рапаттады. Ұйымдастырушылар Евгений Беловқа аудан жастары атынан ша­­пан жауып, құрмет көрсетті.

Ал облыстық Полиция департаменті спорт­тық шара өткізу арқылы нашақор­лықтың алдын алу, жастардың бойында есірт­кіге қарсы тұра алатын берік иммунитет қалыптастыруды жүгіру арқылы көр­сеткен марафоншы жастарды Алғыс хат­тармен марапаттады.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы