Биылғы футбол мерекесі де дәстүрден жаңылмай уақытында жетіп келді. Ай басында Қазақстан Суперкубогы ойындарымен маусым шымылдығы түрілсе, міне, күні кеше елордадағы «Астана Арена» стадионында 2022 жылы Қатарда өтетін әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Қазақстан мен азулы Франция құрамасының арасындағы кездесумен жалғасты.
Өткен жылдың желтоқсанында Цюрихте (Швейцария) өткен жеребе тарту рәсімінде Қазақстан Франциямен бір топқа түскен сәттен бастап қазақстандық футбол жанкүйерлерінен маза кетіп, ең кейінгі әлем чемпиондарының елге келуін асыға күтіп, Мбаппе, Гризманн, Погба секілді жұлдыздардың ойынын жақыннан көруге мүмкіндік туғанына мәз болысқан еді. Алайда матчқа бірер күн қалғанда көрермендердің қуанышы су сепкендей басылды. Себебі елдегі эпидемиялық жағдай жанкүйерлердің стадионға кіруіне мүмкіндік берген жоқ. Матчты стадионнан тамашалауға тек екі елдің федерация өкілдері мен журналистеріне ғана рұқсат берілді. Шыны керек, 30 мың адамға шақталған «Астана Аренада» футбол емес, екі құраманың жаттығу матчын көргендей болдық. Расымен, «жанкүйерсіз футбол – тұл» екен.
Сонымен, кездесуге тоқталар болсақ, 2018 жылғы әлем чемпиондарының біздің қақпаға бір-ақ гол салуға шамалары жетті, ал бір голды қорғаушымыз Сергей Малый байқаусызда өз қақпамызға соғып, қарсыластарымызға аздап «көмектесіп» жіберді. Әрине, әуелден француздар ашкөздікпен гол соға беретін құрамалардың қатарында емес екенін жанкүйерлер жақсы біледі. Оның үстіне алғашқы турда Украинамен тең түскеннен кейін Дидье Дешам шәкірттері үшін Қазақстан қақпасына қанша гол соғу емес, жеңіс пен үш ұпай олжалау өте маңызды еді.
Жалпы, кешегі ойында француздар жасанды алаңда ойнағаннан кейін бе екен, аса сақтықпен, ұқыптылықпен қимылдады. Кездесудің алғашқы 20 минутына дейін Қазақстан құрамасының футболшылары емін-еркін қимыл көрсетті. Қатты қауіпті болмаса да, алғашқы шабуылды біздің жігіттер жасады. Кейіннен француздар жасанды алаңға бой үйретіп, Мокин қорғаған қақпаға дүркін-дүркін қауіп төндіре бастады. 19-минутта қонақтар сапынан Усман Дембеле Қазақстан құрамасының қақпасынан саңылау тауып, есеп ашты. Ал 44-минутта қорғаушы Сергей Малый қақпамызды 100 пайыздық голдан сақтап қалғанымен, Антуан Гризманның бұрыштамадан асырған добын өз қақпамызға соғып алды.
Екінші таймда да француздар шабуылға көбірек көңіл бөліп, таблодағы көрсеткішті еселей түсуге ниеттенгенімен, 40 жастағы қақпашы Александр Мокиннің қырағылығының арқасында қонақтар діттеген мақсаттарына жете алған жоқ. Екінші 45 минуттың 30 минутын біздің қақпа маңайында өткізген Дешам шәкірттерінде гол соғатын көптеген мүмкіндік болғанымен, соның бірде-біреуін ұтымды пайдалана алмады. Тіпті екінші таймда алаңға шыққан әйгілі шабуылшы Килиан Мбаппенің өзі 75-минутта 11 метрлік айып добынан мүлт кетіп, Мокиннен айласын асыра алған жоқ. Ал ол осыған дейін 11 метрлік айып добын қатарынан 9 мәрте қарсыластарының қақпасында тулатқан еді. Жарты сағат бойы қорғанумен әуре болған Қазақстан құрамасының футболшылары осы бір пенальтиден кейін ғана ес жиып, өз алаңында ойнап жатқаны естеріне түссе керек, әйтеуір соңғы 15 минутта шабуылға шығып, қонақтарды тықсыра бастады. Бірақ шабуылдың бәрі сәтсіз аяқталды. Қорытынды есеп – 0:2.
Жалпы, Франция құрамасын жеңе алмайтынымыз әу бастан белгілі еді. Деңгей жағынан да, футболшылардың шеберлігі жағынан да әлем чемпиондарының біздің ойыншыларды он орап алатын жағдайы бар екені біз айтпасақ та түсінікті-тін. Біздің жігіттер француздардан қандай есеппен жеңілсе де, жанкүйерлер оларды жазғыра қоймас еді. Абырой болғанда қақпамызға небәрі екі ғана гол өткізіп алды. Оның үстіне бас бапкер Талғат Байсуфинов матч алдында негізгі құрамның бірнеше ойыншысы алаңға шыға алмайтынын айтып, көңілімізді күпті етіп қойды. Мәселен, Мәскеудің ЦСКА сапында жасындай жарқылдап жүрген жартылай қорғаушы Бақтиер Зайнутдинов, Ресейдің «Ротор» клубында ойнайтын тәжірибелі қорғаушылар Дмитрий Шомко мен Юрий Логвиненко және тағы басқа да ойыншылар ұлттық құрамаға көмектесе алмады. Құраманың бұған дейінгі капитаны Бауыржан Исламханның енді екі жылға дейін ойындарға қатыса алмайтыны екі бастан белгілі болатын. Сонымен қатар елімізде футбол маусымының енді ғана басталғаны, футболшыларымызда ойын тәжірибесі жоқ екені тағы бар...
Матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында Талғат Байсуфинов шәкірттері жеңіліп қалса да, ойын көңілінен шыққанын білдірді. «Жалпы, біз қандай құрамаға қарсы ойнағалы жатқанымызды білдік. Иә, өкінішке қарай, әлем чемпиондарымен өткен кездесуде жеңіліп қалдық. Бірақ жанкүйерлер жігіттерді қатты сөкпейді деп ойлаймын. Өйткені, бәрі жанын салып ойнады. Қазір бізге ең керегі – тұрақтылықты сақтап, жақсы нәтиже көрсету. Ішкі чемпионаттың алдағы ойындарына қарап, тағы да жаңа ойыншыларды қатарға қосамыз. Ойынды талқылап, кем-кетік жерлерімізді түзетуге тырысамыз. Жігіттердің бүгінгі ойынына көңілім толды», деді ол.
Сондай-ақ әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясындағы Қазақстанмен өткен ойын туралы Дидье Дешам да өз ойын ортаға салды. «Біздің екі-үш гол артық соғуға мүмкіндігіміз болды. Бірақ Қазақстан ұлттық құрамасының қақпашысы шабуылдарымызға тосқауыл бола білді. Қазақстан құрамасының футболшыларынан ешкімді бөліп-жарып атағым келмейді. Дегенмен де, қақпашыларыңыз ерекше көзге түсті. Ол Мбаппенің пенальтиін қайтарды», деді Франция құрамасының бас бапкері.
Қазақстан ұлттық құрамасы кейінгі кездесуін 31 наурызда сырт алаңда Украина футболшыларымен өткізеді.