Негізінен Тараз еліміздегі жасыл желекті қаланың бірі. Қазіргі кезде экологиялық мәселелерді шешуде және көне шаһардың елдегі ең жасыл қалалардың бірі ретіндегі танымалдылығын сақтап қалу мақсатында тал егу жұмыстары белсенді түрде жүзеге асырылуда. Айталық, Ұлыстың ұлы күні қарсаңында облыс бойынша 140 мың көшет отырғызылған. Ал Тараз қаласына қарасты «Барысхан», «Шөлдала», «Тайвань» алқаптарын, сондай-ақ қаланың 13 және 15-шағын аудандарын да көгалдандыру жұмыстары ұйымдастырылды. Тараз қаласы әкімінің орынбасары Асхат Есеналиевтің айтуынша, жалпы 10 гектар аумаққа 12 мың көшет егіледі деп жоспарланған екен. Аталған жоспар көктемнің көкөзек шағында лайықты жүзеге асуда. Өңірде жасыл желектендіру үрдісі «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 мың ағаш» акциясы аясында жүзеге асырылуда. Дегенмен, осы жылы Тараз қаласында 46 мың көшет отырғызылады.
Бүгінгі таңда облыс бойынша 276,8 мың түп ағаш отырғызылған. Оның ішінде 88,5 мың түп қалалар мен елді мекендерде егілген болса, 29,4 мың көшет білім беру ұйымдарында, ал 159 мың сексеуіл көшеті орман қоры жерлерінде егілген. Аталған акцияға 53 мың жамбылдық қатысып, аймақты көгалдандыруға өз үлестерін қосуда. Мәселен, қараағаш, терек, туя, боз арша, шырша, қарағай, жеміс ағаштары, тал ағашы және қылқан жапырақтылар сияқты жасыл екпелерге бүгінде басымдық беріліп отыр. Бұл ретте құрғақ аймақтарда сексеуіл ағаштары да отырғызылуда. Ал оның көшеттері облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау мекемелерінің тәлімбағынан жеткізілген.
Сонымен қатар қала, аудан аумақтарындағы «Таза су айдындары» акциясы аясында да Ақкөл, Билікөл көлдері мен Талас өзенінің бойын, «Бөгеткөл» су айдындарын тазалау және «Су көздерін ашу, бұлақтарды тазарту» акциясы аясында бірқатар елді мекен төңірегіндегі су нысандарын, су арналарын қоқыстан тазарту жұмыстары да жүргізілуде.
Жамбыл облысы