Жақында Қазақстан Республикасының премьер-министрі Асқар Мамин Батыс Қазақстан облысының кейбір білім беру ұйымдарына атау беру және олардың атауларын өзгерту туралы Үкімет қаулысына қол қойды
Бұл қаулыға сәйкес, бұдан былай Батыс Қазақстан облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты Абай есімімен аталатын болды.
Айта кетейік, бұл мектеп-гимназия – түлектері ҰБТ сынағында еліміз бойынша үнемі ең үздік нәтиже көрсететін мақтаулы мектеп.
Атауы жаңарған білім ордалары арасында Бәйтерек ауданындағы 9 ауылдық мектеп те бар. Ресей Федерациясымен шекарада орналасқан бұл ауданда елдімекен, мекеме-ұйымдар атаулары тәуелсіздік талаптарына сәйкес келмейтіні бұрын да айтылып жүретін. Міне, енді үкімет қаулысынан кейін Дариян мектеп-гимназия-интернаты – «Абай атындағы мектеп-гимназия-интернаты», Трекин жалпы орта білім беретін қазақ мектебі – Қадыр Мырза Әлі атындағы, Первосоветск жалпы орта білім беретін мектебі – Шоқан Уәлиханов атындағы, Щапов жалпы орта білім беретін мектебі – Бауыржан Момышұлы атындағы, Батурин жалпы орта білім беретін мектебі – Талғат Бигелдинов атындағы, Новенький жалпы орта білім беретін мектебі – Қасым Қайсенов атындағы, Ульянов жалпы орта білім беретін мектебі – Ілияс Есенберлин атындағы жалпы білім беретін орта мектеп деп аталатын болды.
Осы қаулыда Шыңғырлау ауданындағы Белогор негізгі мектебі – Ақтау ауылының негізгі білім беретін орта мектебі, Полтава негізгі орта білім беретін мектеп-балабақшасы – Ардақ ауылының негізгі білім беретін орта мектеп-балабақшасы болып өзгертілгені де айтылған. Аталған ауылдардың тарихи атауын қайтарып алғанына бірнеше жыл болған еді.
- Білім ордаларына өскелең ұрпаққа рух беретін ұлы тұлғаларымыздың есімін беру жұмыстары болашақта да жалғасады. Қазірдің өзінде Қаратөбе ауданындағы екі мектепті Ғарифолла Құрманғалиев пен академик Қажым Жұмалиевтің есімімен атау туралы ұсыныс түсті. Орал қаласында да Бауыржан Момышұлы мен Қадыр Мырза Әлі есімін сұрап отырған мектептер бар. Қазір құжаттары қатталып, тиісті рәсімдері жасалып жатыр, дейді Батыс Қазақтан облыстық тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Ізбасар Жұмағали.