Тасқала ауылындағы «Арай» шаруа қожалығының гаражында тұрған МТЗ-80 тракторынан өрт шыққаны туралы алғашқы хабар 29 наурыз күні 20 сағат 17 минутта түскен екен. Тілсіз жау тез тарап, әуелі жанындағы техникаларға, соңынан бүкіл гараж аумағы мен жапсарлас мал шаруашылығы базасына жайылған.
«Өрттің салдарынан жалпы ауданы 550 шаршы метр болатын ғимарат аумағы және 5 техника жанып кетті. Өрт сөндірушілер оқиға орнынан 70 литрлік газ баллонын шығарып үлгерді. 01 сағат 08 минутта өрт толықтай сөндірілді. Оқиға орнына облыстық департаменттен 12 қызметкер мен 3 техника және ерікті өрт сөндіру құрылымынан 10 адам жұмылдырылды» деп хабарлады Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Бәкизат Мағзенова.
Оқиға орнында қаза тапқандар мен жарақат алғандар жоқ.
Алдын ала болжамдар бойынша өрт автокөлік құралының техникалық ақауынан шыққан.