Медицина • 31 Наурыз, 2021

Шақалақтың шыбын жаны үшін шаршамайды

843 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Елордадағы  №2 көпбейінді қалалық аурухананы мүмкіндіктер мекені десек еш қателеспейтін тәріздіміз. Өйткені мұнда құрсақтағы шарананы есепке алудан бастап, оны тудыру, айы-күні толмай дүние есігін ашса бағып-қағып, жетілдіріп, отбасына оралтумен қатар, ересек адамдардың бойында болатын барлық ауруды емдейтін бөлімдер жасақталған. Көпбейінді деген атауына сай адамға қажетті медициналық қөмектің барлығы қамтылған. Келер күннің еншісінде аурухананың пациенттерге жасайтын жәрдемі жайында бірнеше мақала жазылады деген ойдамыз, ал әзірге ай-күні толмаған 500 грамдық шақалақты қолға ұстайтындай қалыпқа келтірумен қатар, жетілмей туғандықтан ішкі органдарда болатын көптеген шалалықтың өзін емдеп, шаранаға өмір, ата-ана, туған-туысқа қуаныш сыйлайтын тұстарын өздеріңізге жеткізуге асықтық.

Шақалақтың шыбын жаны үшін шаршамайды

 Тіршілік үшін тайталас

Нұржан Желдібаев – ауруханада 2012 жылы ашылған 3 айға дейінгі нәрестелерде туа біткен түрлі кемшіліктерге операция жасайтын республикадағы әзірге жал­ғыз бөлімшенің меңгерушісі. Же­келеген төсек орын емес, мамандар­мен қамтылған тұтас бөлімшеге ша­рананың жатқызылуы ол өмірге келместен бұрын-ақ анықталатын көрінеді. Қалай дейсіз бе? Әйелдің жүкті болуының алғашқы кезеңінде түсірілген ультрадыбыстық зерттеуде құрсақтағы балада қалыпты жағдайдан ауытқушылық бай­қалады. Сол кезде зерттеуші дә­рі­гер мен жүктіліктің барысын қа­дағалайтын дәрігер әйелді осы бөлімшеге консультацияға жі­береді. Мамандар қарап, болашақта бала денсаулығында болатын туабітті ақау туралы отбасымен ақылдасады. Түпкілікті шешімді ата-ана қабылдап, тууға тәуекел етсе, әйелдің босануы тек осы ауруханада жүзеге асырылады. Өйткені онсыз да туғаннан ауру баланы көлікпен, тіпті әуемен алып келудің өзі оған кері әсерін тигізеді.

– Ал ана жатыры балаға еш залал тигізбей тасымалдаудың ең тиімді жолы. Әрі аса қымбат уа­­қытты үнемдейміз. Акушер-гинекологтер 3-қабаттағы туу бло­гында босандырып жатқанда біз баланы күтіп тұрамыз, араға 40-50 минут салып, шаранаға 2-қа­баттағы біздің бөлімде операция үс­телінде тиісті манипуляция жасалып жатады. Алғаш ашылғанда екі сағат жұмсайтын операцияны қазір 40 минутта орындаймыз. Нәрестелердің ағзасындағы  ауыт­қушылықтың түрлері де көп, бі­рақ біз оған мамандандық. Кей ба­ланың бойында ісік болса, енді бірінің ішектері жетілмей, сыртқа шығатын жері жоқ, тұйықталып қалады. Немесе бүйрек, несеп жолдары, қан айналымы, жүйке жүйелері қалыпты емес. Осындай табиғатында жетілмей қалған тұсын хирургиялық жолмен жөндеуге тура келеді. Мәселен, ай-күні жетпей туған балаларда толып жатқан кемшіліктер болады. 500 грамдық шақалаққа операция арқылы сол кемісті толтырамыз. Жылына 300-ге тарта сондай балаларды осы ауруханада тудырып, операциясын жасап, аурухананың тағы бір бөлім­шесінде 2 килоға жеткізіп жетілдіріп, үйге шығарып, одан соң да осындағы «Катамнез» орта­лығы арқылы әрі қарайғы дамуын қадағалаймыз, – дейді клиника дәрі­герлері.

Дәрігер анестезиолог Жеңіс Сейіт­қалиев пен Нұржан Желді­баевпен әңгімеден біраз жайға қа­нық­тық.

– Біз әр өмір үшін күресеміз. Ал Батыс Еуропада, Из­раиль­де туардан бұрын зерттеуге мән беріліп, ауыр патологиялары бар нәрестелердің тууы шектелген. Тек 1 килодан асқан балалар үшін ғана күреседі, қалған уақытта мүгедектіктің алдын алу мақ­сатында жүктілік қолдан тоқ­татылады. Әрбір ата-ананың нәрес­тесін асыға күтетіні аян. Алай­да біздің отбасыларда жүктілік бас­­та­лысымен дәрігерге қаралу кейінге ысырылып қала беретіні белгілі. Негізінде ауыр па­тология болатындай жағдайда жүк­тілікті 22-ші аптадан асырмай тоқтатқан жөн, ал бізде әйелдер уақытты өткізіп алады немесе «дәрігердің айтқанындай болмас деп ойлаған едік» дейді. Егер бір маманға сенбесеңіз, екінші, үшінші дәрігерге қаралыңыз, ал 22 аптадан кейін жүктілікті тоқтатуға дәрігердің еш құқығы жоқ, – деген олар болашақта іште жатқан сәбиге операция жасау жоспарымен де бөлісті. Мәселен, іштегі жұ­лын жарығы (Spina bifida) бар нәрестеге осы фертальды хирургия арқылы операция жасалады. Сол тәрізді бірнеше патологияны іште жатқанда-ақ түзеуге болады екен. Бұл үшін анестезиологтер баланың сол уақытта қимылдамауын, ауыр­сынбауын қамтамасыз етсе, акушер-гинекологтер баланы жатырдан алып шығып, операция жасап болған соң орнына қайта салады, сосын баланың даму үдерісі әрі қарай жүре береді. Әзірге бұл ойдың жүзеге асуына пандемия қол­байлау болып тұр.

 

Ұлт сапасы – ұрпақ денсаулығында

Әсия Ағдамова – №2 көпбейінді қалалық аурухананың жетілмей туған және патологиясы бар шараналарды кювез астында асырап, емдеп барып ата-анасына беретін бөлімнің дәрігері. Ұзақ жылғы тәжірибесімен бөліскен ол бабаларымыздың табиғатпен ете­нелігі соншалық, барлығын бағамдап, табиғаттан тәлім алып үйрене отыра жетілгенін айта келе: – Бөлімшеміз 30 балаға лайық­талған. Бірақ бос орын бол­майды, кейде 40-тан асып кетеді. Ал егер бос орынның бо­луына қол жеткізсек, онда ұл­ты­мыздың бола­шағын ойлап, бауыр еті баласының саулығына, өз жайына дұрыс қарай алатын жағ­дайға көтерілгеніміз дер едім. Өкінішке қарай, жетілмей туған немесе іштен туа ауырған нә­рестелердің анасынан анамнез жинай отырып, оның өз денсау­лығына дұрыс мән бермегенін кө­ресің. Қатарынан бірнеше рет түсік тастағанда емделудің орнына қайтадан бала көтеріп, 500 грамм шақалақ туады. Қазір ұлт денсаулығы мен болашағына қатты алаңдаймын. Өйткені бізде жүктіліктің, өмірге ұрпақ әкелудің мәдениеті жеткіліксіз. Бөлімшеде кювез­дің астында шақалаққа ту­ра жатырда жатқандай жағдай жа­саймыз. Баланы тура сонда жат­­қандай қараңғылықта, белгілі бір ылғалдылық пен жылылықта ұс­таймыз. Бірақ бәрібір ол ана құрсағы емес. Сондықтан аналарға балаға сүтті сауып, өзіңіз жиі қа­сында болыңыз дейміз. Себебі балаға ананың микрофлорасына үйренуі маңызды, әйтпегенде үйге шыққанда аурухананың стерильді ауасына үйренген нәресте тез ауы­рады. Сосын қандай ғажап деген жасанды қоспа ана сүтін ал­мастыра алмайды. Мен аналарға «Сиырдың сүтіне үйретпеңіздер, ол бұзауға арналған, ал ананың сүтінің ерекшелігі сонда – жетіл­мей бала туған әйелдің сүті де со­ған лайықталған, сол уақытқа қа­жетті микроэлементтер тек өз ана­сының сүтінде болады. Біздің халық ана сүтіне ең жақын бие сүті екенін білген. Бірақ ол тез бұзылады, сақтауы қиын және халықтың аңғарымпаздығы сон­дай, құлыншақтың енесін жиі ембесе жетілмейтінін біліп, сауынның да арасын жиі еткен. Ал бұзауға таңертең бір, кешке бір емгені жеткілікті. Адам­ның өз жаратылысынан артық ойлас­тырылған еш­нәрсе жоқ, өз таби­ғатыңды танып, соны жақ­сартуға ұмтыл» деймін.

Біздің еліміз ДДҰ ұсынымдары бойынша 500 грамм шақалақ үшін күресті жолға қойған. Әрине кү­рескен жөн, алайда енді 10-20 жылда мүгедектері көп ұлтқа айналып кетпейміз бе деп қорқамын. Мәселен, Саудия мемлекетінде елдің ең жоғарғы діни басшылығы құрсақтағы балада кінәрат болса «Ұлттың болашағы үшін, ұлт саулығы жолында баланы алдыруға рұқ­сат. Бұл күнәні ұлт болып көте­ріп, сол үшін құдайдан кешірім сұрап дұға етеміз» деп пәтуа жазып береді. Қан­шама бала осы кювездерде жатып, күні-түні қараудың арқасында 2 килоға жетіп, отбастарына оралды. Маған әке-шешелер: «Сіздің ұзақ жылғы тәжірибеңізде осындай жағдай кезікті ме?» деп сұрайды. Ал шынында әр ағза өзін­ше бөлек әлем, бір ауру екінші бі­реуде дәл со­лай қайталанбайды. Осы жылдар ішінде алақандай ғана қанша бала алдымыздан өтті. Олардың аты-жөндерін ұмытып қалуымыз мүмкін, ал бірақ неше жылдан кейін кезігіп ауру тарихын айтқанда ол баланың қа­лай жетілгенін айтып сайрап қоя бересің. Себебі әрбір жағ­дай көңі­ліңде жатталып, санаңда қат­талып жатыр. Ешқайсысын ұмы­та алмайсың. Бір жақсысы, елімізде қазір ай-күні жетпей туған ба­ла­лардың өсуін қадағалайтын катам­нез орталықтары ашылды, сол арқылы балаларды мүгедек ет­­пей алып шығуға дәрігерлер мен ата-аналар бірігіп көп жұмыс атқаруда. Алайда жалпы ел бо­йын­ша жүктілікке дұрыстап мән беріп, бала көтерудің мәдениетін жетіл­діру өте маңызды. Себебі оның артында ұлт болашағы мен сапасы жатыр, деп ой толғайды дәрігер.

 

Катамнезден қатарға қосылғандар

Ауруханада Катамнез және оңал­ту бөлімшесі 2019 жылдан жұмыс істейді екен. Жетілмей ту­ған­дарды оңалтуға қажет тұтас ма­мандар жүйесі бар бөлімшенің меңгерушісі Лаура Қандалақова бала ағзасының алғашқы жылғы жетілуге жұмсалатын қуатының ешбір кезеңмен салыстыруға кел­мейтінін алға тартты. Ал­ғаш­қыда осы бай резервті мүмкіндігінше пайдаланып, оны дұрыс бағыттау сәбиді келешекте мүгедек болып қалудан сақтайды. Сондықтан әр шала туған баласы бар ата-ана осы мүмкіндікті әсте естен шығармауы тиіс. Ол үш жасқа дейін де әжептәуір деңгейде болады, бірақ туғаннан
1 жасқа дейінгі уақыт ең маңыздысы, әйтпегенде, сәби сал болып қалуы да мүмкін. 25-26 аптада туған ба­лаға неғұрлым көбірек көңіл бөліп, түрлі аурудың алдын алуды ойлас­тыру аса маңызды. Бұрын баланы оңалту бөлімшелеріне 1 жасқа толғанда барып жіберетін. Ал қазір бұл ұстаным түбегейлі өзгеруде. Өйткені 1 жасқа дейінгі әрбір күн қымбат. Сосын бұрын шала туған шақалаққа уқалап массаж жасау­ды 5 килодан асқанда жасайтын. Қазір олай емес, нәресте 3,5 кило болғанда бастайды. Соның нәтижесінде бұлшық еттерінің жиырылуы, жазылуы қалыпқа түседі. Биологиялық белсенді нүк­телерді ояту, ағзаны жетілуге жұ­мылдыру өте маңызды екенін айт­қан Лаура Жұмабекқызы түрлі мамандардың бірігіп қимылдауы ар­­қылы балалардың қатарға қосы­луын көрудің қаншалықты қуа­ныш екенін айтуға сөз таппайды. Мысалы, жетілмей туған балаларда жұту, ему қабілеті кемшін келеді. Бұл жағдайда логопед-дефектолог арнайы массажын жасап, функция­ларды ретке келтіруге көп еңбек сіңіреді.

Жетілмей туған баланы қатарға қосуда әр маманның жұмысының мәні зор, қоректендіру мен жуындыру, ұйықтату мен қай жақ қырына жатуын да қадағалаудың мәнісі зор. Дәрумендер беру, аппараттық физиотерапия, өзге де қажетті дүние­лерді кешенді қараудың нә­ти­жесінде өз қатарластарын қуып жеткен балаларымыз көп. Біз­ге со­лардың әрқайсысын көру көп қуа­ныш сыйлайды, дейді №2 көп­бейін­ді қалалық ауруханада әр өмір үшін күресіп жүрген дәрігерлер қауымы.