Экономика • 01 Сәуір, 2021

АТФ пен Jýsan бірікті

250 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздегі екі ірі банк – АТФБанк пен Jýsan Bank 16 наурыз күні өткен екі банк акцио­нер­лерінің кездесуінен соң бірігу туралы жа­риялады. Қосылу процесі осы жылдың аяғына дейін созылмақ. Бірігуге рұқсат алуға байланысты құжаттар бекітілген заңдық мерзім аясында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жолданатын болады.

АТФ пен Jýsan бірікті

Jýsan Bank өкілінің айтуынша, клиенттер базасын біріктіріп, заманауи озық технологияларды енгізу арқылы қаржы институты нарықтағы үлесін арттырмақ. Бірігу процесінен соң қос банктің нарықтағы үлесі қазіргі 10 пайыздан да қарқынды өседі деп болжанған. «Біз қаржылық позициялары берік және цифрлы сервистері аса ыңғайлы сенімді әрі заманауи банк құрып жатырмыз» дейді Jýsan Bank директорлар кеңесінің төрағасы Шигео Катсу.

Бірігу шарасынан кейін Jusan Bank бүкіл еліміз бойынша 1,1 мың бірліктен асатын ең ірі банкоматтар желісін және 180-нен астам бөлімшелерді қамтитын болады.

– Біз жеке тұлғалар, сондай-ақ шағын және орта бизнес үшін банк өнімдерін дамытып жатырмыз. Барлық клиенттерге кредит беру, тауарларды бөліп төлеумен сатып алу, сондай-ақ қаражат жи­нау және өз жинақ қаражатын инвестициялау бо­йынша бірегей өнімдер ұсынылады. Біздің сер­висіміздің ерекшелігі – барлық өнімді мо­бильді және интернет арналары арқылы онлайн алу. Біз АТФБанктің барлық клиентіне «қош келдіңіздер» дегіміз келеді және олар Jýsan цифр­лы экожүйесінің артықшылықтарына өзінің жоғары бағасын береді деген сенімдеміз, – дейді Jýsan Bank басқарма төрағасы Айбек Қайып.

АТФБанк басқарма төрағасы Галия Маханова алдағы бірігу процесстерінің әрбір клиент үшін барынша жайлы өтуі үшін бар күшін салатынын жеткізді.

– Екі банктің бірігуі барысында АТФБанктің бар­лық бөлімі мен сервисі Jýsan Bank-ке қыз­мет көрсетуге толық көшкенге дейін қалыпты ре­жімде жұмысын жалғастыратын болады, – деп атап өтті АТФБанк басқарма төрағасы.

Осылайша, елдегі екінші деңгейлі банктер саны 24-ке азайды. Ал бірікеннен соң актив көлемі 3 трлн теңгеден асып, Jýsan-ның отандық банк секторындағы үлесі 10 пайыздан асып түспек. Еске салсақ, Jýsan 2020 жылдың соңында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің рұқсатынан соң АТФБанк акциясының 99,76 пайызын иеленген еді. АТФ-тың 124 млрд теңге көлеміндегі жеке капиталы қосымша провизиялар құруға жұмсалған. Келісім нәтижесінде АТФБанктің бұрынғы акционері Ғалымжан Есенов 19,97 пайыз акция иелену арқылы Jýsan Bank-тің ірі акционері атанды.