Аймақтар • 01 Сәуір, 2021

Ауырмаудың жолы – екпе алу

338 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстан облысында коронавирус инфекциясының таралуы сәл саябырсығанымен, 30 наурыз күні 22 науқас тіркелді. Оның басым бөлігі Семей қаласынан анықталған. Жағдайдың ушығып кетпеуі үшін облыста әлі де бірқатар шектеу шарасы сақталып отыр. Бірақ мектептерде дәстүрлі форматта оқытуға рұқсат берілді.

Ауырмаудың жолы – екпе алу

Жуырда облыстың бас сани­та­рлық дәрігерінің міндетін атқарушы Қанат Турдиев халық арасында COVID-19 коронавирус инфекциясының таралуын тежеу мақсатында 2021 жылғы 19 ақпандағы №4 қаулысына өзгерістер енгізді. Атап айтсақ, санитарлық ережелер мен кү­шейтілген санитарлық-де­зин­фекциялық режімді сақтай отырып, қалалық және ауылдық мектептерде сыныптардағы балалар санын 25-тен асырмай дәстүрлі форматта оқытуға рұқсат бе­рілді. Ал колледждер мен жо­ғары оқу орындарының 1-курс сту­денттері үшін штаттық оқыту жал­ғас­ты­ры­лады.

Сонымен қатар аты жаман ін­­деттің алдын алу үшін өңірде күн­делікті рейдтер жүргізіліп жатыр. 26 наурызда ғана Өске­менде мобильді топтар 28 ереже бұзушылықты тіркеді. Олардың көбі маска режімін сақтамаумен байланысты. Сондай-ақ мони­то­ринг­тік топ ұзын саны 310 ны­санды тексеріп, 12 ереже бұзушылықты анықтаған. Жалпы сомасы 350 040 теңгенің айыппұлы салынды. Ал Семейдегі сау­да үйлері мен базарларды тексерген мони­то­рингтік топ маска режімін бұзған 14 аза­матқа хаттама толтырды. Одан бө­лек, жаппай іс-шара өткізгендер де анықталды. Айта кетерлігі, мұндай рейдтік шаралар облыстың өзге де қалаларында жүргізіліп жатыр. Демек, тұрғындардың барынша сақтанып жүргендері абзал. Дұрысы, рейд­тік шаралардан емес, жұқпалы індеттен сақ­та­ну керек.

Індетпен күресте алдыңғы шепте жү­ре­тін мамандар ауырып ем іздегеннен гөрі, ауырмаудың жолын табайық деген ниетте ерікті түрде екпе де еккізіп жатыр. Күні кеше ғана облыстық полиция департаменті қызметкерлері ара­сында COVID-19-ға қарсы ерік­ті түрде вакцина алу басталды. Алдымен екпе алуға дайын по­ли­цейлердің тізімі жасалды. Олар­дың денсаулықтары тек­се­рілді. Вак­ци­наны алғаш­қы­лар­дың бірі болып, облыстық ПД бастығы Сағат Мәдиев алды.

– Індеттің қауіпті екенін былтыр бәріміз түсіндік. Дәрігерлер, әс­керилер, полицейлер күн-түн де­­мей, халықтың денсаулығы үшін күресті. Бірақ қауіптің беті қайт­қан жоқ. Сондықтан індетке қарсы екпе алып жатырмыз. Өзім жеке құрам үшін үлгі болайын деп вак­цинаны алғашқылардың бірі бо­лып алдым, – деді облыстың бас полицейі С.Мәдиев.

Бүгінгі таңда вакциналанғандар тізімінде 100-ден астам полицей бар. Олар алдыңғы қатарда қызмет істейтін және халықпен жиі қарым-қатынаста болатын патрульдік полиция қызметкерлері мен учаскелік полиция инспекторлары.

 

Шығыс Қазақстан облысы