Парламент • 01 Сәуір, 2021

Сенатор Сүйіндік Алдашев: Теңізде жедел-құтқару қызметін құру қажет

735 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Сүйіндік Алдашев теңіздегі жедел-құтқару қызметін құруды ұсынып, Премьер-Министрдің атына осындай депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz

Сенатор Сүйіндік Алдашев: Теңізде жедел-құтқару қызметін құру қажет

Сенатордың пікірінше, былтыр Каспий теңізінің қазақстандық секторында 15 млн тонна мұнай өндірілді, соның 2,2 млн тоннасы Ақтау порты арқылы тасымалданды.

Одан басқа, 2020 жылы кемелер Ақтау және Құрық теңіз порттарына 1 283 рет кірген, ал 2025 жылға дейін бұл көрсеткіш 2 есе артады деген жоспар бар.

Мұның бәрі Каспий теңізінің ластану қаупін арттырады және қазір белсенді шаралар қабылдау аса маңызды. Осындай шаралардың бірі теңіздегі жедел-құтқару қызметін құру болуға тиіс.

«Каспий теңізінің ластануының негізгі қатері өндіру және тасымалдау кезінде мұнай және мұнай өнімдерінің төгілуі болып саналады. Сондықтан теңіз бетінің ластану аймағының ұлғаюына жол бермеу үшін мұнай дақтарын оқшаулау және жою үлкен ұйымдастырушылық, техникалық, технологиялық күш жігерді қажет етеді. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында белгіленген тәртіппен аттестатталған, арнайы техникамен, материалдармен жарақталған, білікті және тәжірибелі мамандардың, құтқарушылардың жеткілікті саны бар бөлімше жоқ», деді Сүйіндік Алдашев.

Сүйіндік Алдашевтің айтуынша, мұндай қызметті құрудың тағы бір себебі, судағы техногендік қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша әлемдік тәжірибеде қолданылатын әдістер құрғақтағы іс-шаралардан түбегейлі ерекшеленеді.

Ал елдің Төтенше жағдайлар министрлігі жүйесіндегі күштер мен құралдар, соның ішінде жедел-құтқару жасақтары ондай міндеттерді орындай алмайды. Сенатор сондай-ақ мұндай арнайы теңіз жедел-құтқару қызметтері Каспий маңындағы басқа елдерде, атап айтқанда Әзербайжанда, Ресейде және Түрікменстанда құрылып, жұмыс істеп жатқанын айтты.