Білім • 04 Сәуір, 2021

Аутист балалар қалай білім алып жүр?

2550 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

БҰҰ-ның шешімімен 2008 жылдан бері 2 сәуір Бүкіләлемдік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күні ретінде аталып өтеді. Өткен аптада осыған орай ақпарат таратылды. Бірақ бізді мазалайтыны – жыл сайын қайталанатын деректерді тарату емес, «Аутист балалар қалай білім алып жүр?» деген сұрақ. Өйткені бұл – еліміздегі аутизмге шалдыққан 6 мың баланың білімі мен болашағына, тәрбиесі мен тағдырына қатысты мәселе.

Аутист балалар қалай білім алып жүр?

Ерекше балаларға ерекше білім керек, ал ерекше білім беретін арнайы педагог, яғни кадр мәселесін шешпей, сөз қозғаудың өзі қиын. Білім және ғылым министрлігі 2020 жылдан бастап мектептерге аутизмі бар балаларды оқу процесінде сүйемелдейтін педагог-ассис­тент лауазымын енгізді.

Арнайы және инклюзивті бі­лімді дамытудың ұлттық ғы­лыми-практикалық ор­та­лығының директоры Әй­керім Мереке­қызы бізге бер­ген шағын сұхбатын­да педа­гог-ассистенттің аутист бала­лар­дың ортаға бейімделіп, сау бала­лардың арасында білім алуына көмектесетін маман екенін айтты.

«Аутист балалар басқа да білім алушылармен бірдей мектепте оқуға құқылы. Алайда олар мектепке келгенде бірден сабаққа толық қатысып кете алмайды. Оларға арнайы педагог маманның көмегі керек. Сондықтан біз мұғалімге сондай ерекше балалармен жұмыс істеу арқылы көмектесетін ассистент лауазымын қарастырдық. Ол арнайы педагогиканың әдіс-тәсілдерімен аутист баланы оқытады, ортаға бейімдейді. Сонымен қатар педагог-ассис­тент ерекше оқушының ата-анасымен тығыз байланыста болып, балаға бөлек, өзінің деңгейіне сай тапсырмалар беріп отырады. Аталған лауазым аутист баланың ақыл-ой қабілетіне, даму ерекшелігіне қарай мұғалімнің мектеп бағ­дар­ламасы бойынша өткен та­қы­­рыптарын баланың игеріп кетуіне көмектеседі», дейді.

Дегенмен жаңа енгізілген лауазым иесіне де көмек керек. Осыны ескер­ген жоғарыда аталған орталық лауазым иелеріне арнап аутист бала­лар­мен жұ­мыс істеуге арналған әдіс­темелік нұсқау­лықтың 8 түрін әзірлеп, орталықтың сайтына жүктеген екен. Аутизмнің де түрлері көп қой, осы тұрғыда орталық көздеген ма­манға мақсатына қарай әдістемелік нұсқаулық түрін таңдауға мүмкіндік берген кө­рінеді. Өйткені бір баланың ақыл-ойын, екіншісінің тілін дамыту керек.

Жақсы, педагог-ассистент бар делік, бірақ пандемия жайлағалы білімнен береке қашты ғой. Ерекше балалар түгіл, қарапайым оқушылардың өзін оқыту проблемаға айналды. Осындай жағдайда аутист балалар қалай білім алып жүр? Бұл сұраққа А.Мерекеқызы:

«Біріншіден, арнаулы мектептерге штат­тық режімде жұмыс істеуге мүм­кіндік берілген. Демек, ерекше білім беру­ді қажет ететін балалар арнаулы педа­гог­терінен бетпе-бет, бұрынғыдай білім алып жатыр. Екіншіден, ата-ана­ларға таңдау берілген. Яғни олар бала­сының мектепке баратын-бармайтынын өздері шешеді. Егер коронавирустан сақ­танып, баласының үй жағдайында білім алғанын қаласа, арнайы педагогтер ерекше оқушыны қашықтықтан оқытады», деп жауап берді.

Иә, Білім және ғылым министр­лігіне қарасты орталықтың басшысы А.Мереке­қызының сөзін елор­дадағы №88 мектеп-лицейінің педагог-ассис­тенті Арайлым Қажы­мұқанқызы да рас­тап отыр. Өйткені ол карантин кезінде өз тәлімгерлігіндегі аутизм­ге шал­дыққан оқушыларын қа­шықтық­тан оқытты.

«Бұл мектеп – қатардағы оқу ошағы. Осы мектепте «Болашақ» корпоративті қоры арнаулы инклюзияны қолдау каби­нетін (арнаулы кабинет) ашқан. Сол каби­нетке 10 аутист бала келеді. Әр бала жас ерекшелігіне, деңгейіне сай түрлі сы­нып­тарға бөлінген. Қарапайым балалар білім алатын 1 сыныпқа 1 ғана ерекше оқушыны қосады. Әуелі балаларды ата-аналарынан арнаулы кабинетте қабылдап алып, кейін кәдімгі сыныптардағы сабақ­тарға бірге отырып қатыстырамыз. Бірақ олар сабақта қарапайым оқушылар секіл­ді 40-45 минут отыра алмайды. 5-10 минут негізгі тақырып өткізілген уақыт­та қатысуын қадағалап, кейін арнау­лы ка­бинетте үйренгенін бекіту бойынша жұмыстар жүргіземіз. Ал карантин кезінде балаларды үйде оқыттық. Сабақты ZOOM бағдарламасымен өткіздік. Ата-аналармен тығыз байланыс орнату арқы­лы оқу-тәрбие жұмыстарының сапасын төмендетпеуге тырыстық», дейді ол.

Негізі педагог-ассистенттің жұмысы өте жауапты және күрделі. Себебі бұл ма­ман алдымен баланың деңгейін анық­­тау бойынша арнайы тест алады. Содан соң педагог-ассистенттің кураторы тест қорытындысына сәйкес, баланы дамыту мен оқытудың жеке бағдар­лам­асын құрады. Бір жылда туған балалар болса да, дамуында өзгешелігі бар ерекше оқу­шылардың әрқайсысына бөлек мақсат пен жоспар керек. Себебі бір балада есте сақтау қабілетін дамыту керек болса, екінші аутист бала зейінін тұрақ­тандыруды қажет етуі мүмкін. Ал педагог-ассистент сыныптағы негізгі мек­­теп бағдарламасынан бөлек осындай ерекше бағыт бойынша жұмыс істейді.

«Біз әр оқушының жеке бағдарлама­сына байланысты дамыту мен оқыту жұмыс­тарын аутист балаларға арналған құм, әткеншек, ойыншықтар, батут, та­ным­дық көрнекіліктер бар арнаулы кабинетте ерекше баланың көңілін көтере жүріп жүргіземіз. Ерекше балалар ұзақ уақыт отырып сабақ оқи алмайды. Сондықтан оларды дамытуға мұндай сыныптың пайдасы өте зор. Бұл зейіні тез тұрақтала қоймайтын ерекше балаларға ойнап жүріп оқуына жылдам үйреніп, бейімделіп кетуіне көмектеседі. Шыны керек, мұндай арнау­лы жабдықталған сыныптар біз секілді арнайы педагогтердің жұмы­сын жеңілдетуге де септеседі. Себебі 5 минут түгіл, орындыққа отырмай, педагог-ассис­тенттің өзіне қол көтеріп, бағынбай кететін балалар болады. Негізі, бұл жұ­мысқа асқан шы­дамды, баланы дамыту мақсатына табандылық танытатын адам керек. Көп әріптесіміз шыдамай шығып кетеді», дейді А.Қажымұқанқызы.

Мемлекеттің ерекше балалардың бі­лім алуын қамтамасыз етуді жолға қойып, жа­ңа штат ашып, педагог-ассис­тенттерге жалақы қарастырып отыр­ғаны оң шығар, бірақ жалақы мардымсыз. Тіпті арнайы педагогтердің еңбегіне татымайды дерсіз. 90 мың теңгеге айы­на жүйкесін жұқартып жұмыс істеу кімге оңай дейсіз?! Бір баланы ғана алып жүреді ғой деп те ойларсыз, алай­да олар 2-3 есе көп оқу­шы­мен жұмыс істегендей болады. Өйткені көбіне коммуникация жағынан қиналатын аутист балалардың жаңа адамға үйренуі үшін педагог-ассистенттер тәлімгерлігіне алған оқу­шыларын ауыстырып отырады екен.

Осындайда атқарушы органдардың ин­клю­зивті білім беру мәселесін жол­ға қойып жатырмыз дегенінің өзі жет­кіліксіз екеніне көзіңіз жетеді. Өйткені инклюзивті біліммен ерекше балалар­ды қамту деңгейін жоғарылатуды қалай ма, әйтәуір, ресми ұйымдардың дерегі бейресми мәліметтерден өзгерек келеді. Мәселен, ресми деректерде аутист балалардың са­­ны елімізде 6 мың екені көрсетілсе, бей­ресми деректер бойынша аутизмі бар балалардың саны 30 мыңнан асады. Жоғарыда педагог-ассистент атап өткен «Болашақ» қоры бейресми деректердегі бала­лардың болашағына баса назар аудар­ған секілді. Себебі қор ерекше балалар­ды бейімдейтін арнаулы инклюзияны қолдау кабинеттерін ашып қана қоймаған. Қордың инклюзия бойынша үйлестірушісі Жазира Ескендірова: «Әр бала мектепке баруға лайықты» жобасы аутизм және басқа да даму ерекшеліктері бар балаларға арналған инклюзивті білім беру моделін әзірлеуге және Қазақстанның жалпы білім беретін мектептері мен мектепке дейінгі ұйымдарында енгізуге бағыт­талған. 2015 жылдан бастап қордың қолдауымен Қазақстанның 17 өңірінде 43 инклюзияны қолдау кабинеті ашылды. Аутизм және басқа да менталды бұзылыстары бар 500-ден аса бала күнделікті мектепке баруға мүмкіндік алды. Жоба еліміздің 34 мектебін және 2 астаналық балабақшаны қамты­ды. Балаларында ерекше білім алу қажет­тіліктері бар 1500-ден аса отбасына консультация берілді. 2 мың маман ин­клюзивті білім беру және мінез-құлықты қолданбалы талдау бойынша оқудан өтті, 400-ден аса жұмыс орны құрылды. Қор инклюзивті білім беру бойынша нормативтік-құқықтық актілерге 70 түзету енгізді» дейді.

«Болашақ» қоры Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Шайжү­нісова­ның айтуынша, «Әр бала мектепке баруға лайықты» жобасын іске асырып келе жатқан 6 жыл ішінде жобадағы сөйлемейтін балалардың 90%-ы сөйлеп үйренді, 19 ұл және қыз бала өз бетінше оқуға көшті, даму ерек­шеліктері бар 50 бала мектеп, қалалық, облыстық жарыстар мен олим­пиадалардың жүлдегерлері атанды.