Қоғам • 05 Сәуір, 2021

Шәрбану Бейсенова «Мəдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды

826 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова танымал жазушы, журналист, аудармашы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәрбану Бейсенованы «Мəдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттады, деп хабарлайды Egemen.kz Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шәрбану Бейсенова «Мəдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды

Сонымен қатар министр Шәрбану Бейсенованы жуырда «Ұлы Дала арулары» сериясының үшінші кітабы - «Ұрпағына ұран болған аналар» атты танымдық-көпшілік жинағының жарық көруімен құттықтады.

Шәрбану Бейсенова 1947 жылы 14 қазанда Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданында дүниеге келген.

1969 жылы əл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін тəмамдаған.

Еңбек жолын 1968 жылы қазіргі «Парасат» (бұрынғы «Мәдениет және тұрмыс») журналында әдеби қызметкер ретінде бастап, кейіннен бөлім меңгерушісі болған. 1980 жылыдан бастап «Қазақстан әйелдері» журналына бөлім меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Ақпарат министрлігінің Баспа істері жөніндегі департаментінде бас маман, «Қазақ әдебиеті» газетінде «Кітап әлемі» қосымшасының редакторы қызметін атқарған.

«Топжарған қыздар» (1985), «Сезімтал жүрек» (1988), «Тағылымды тағдырлар» (2002), «Сүзгенің соңғы күндері» (2008) кітабының авторы.

«Ұрпағына ұран болған аналар» атты танымдық-көпшілік – «Ұлы Дала арулары» сериясының үшінші кітабы. Құрастырғандар: Шәрбану Бейсенова мен Жанат Әскербекқызы. Бұдан бұрын «Сүйінбике – ұлы дала аруы», «Бозоқ аруы» атты екі кітап жарық көрген. Жоба және идея авторы - Шәрбану Бейсенова.

Кітапқа ел тарихында есімі ерекше аталатын аяулы аналарымыздың ұлтқа үлгі, ұрпаққа өнеге боларлық тағлымдары, елдікті нығайтудағы ерекше іс-әрекеттері туралы танымдық жазбалар енгізілген.

Кітап үш бөлімнен тұрады: «Асыл текті әзіз аналар» атты І бөлімде Бөрте ханым, Ақсұлу – Әлпеш ана, Нұрила (Домалақ) ана, Болған ана, Жұбан ана, Рәбия Сұлтан бегім, Жаған бикем, Бопай ханым туралы; «Есімі ру-тайпа атауына шыққан аналар» атты ІІ бөлімде Қызай ана, Мұрын ана, Абай ана, Тасбике. Тәттібике т.б. туралы; «Ел жадындағы аңыз аналар» атты ІІІ бөлімде Қарқабат ана, Марау, Жұпар, Сыланды, Дарабоз, Қойсана ана, Қаламқас апа, Бопай ханша, Айғаным ана, Зере әже туралы жазба топтастырылған.