Қазақстан • 05 Сәуір, 2021

Сенатта мүгедектерді қолдауды күшейту туралы айтылды

685 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Сенатта мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік қорғалуын арттыру мәселесі талқыланды. Мәулен Әшімбаев ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдауқоғамның дамуы мен кемелдену деңгейінің маңызды көрсеткіші екенін еске салды. Алайда, елімізде мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстарға қарамастан, әлі де өз шешімін талап ететін мәселелер бар.

Сенатта мүгедектерді қолдауды күшейту туралы айтылды

«Мемлекет тарапынан қабылданған шараларға қарамастан, ерекше қажеттілігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғаудың тиімді жүйесін құру әлі де болса өзекті. Оған түрлі үкіметтік емес ұйымдардан келіп түсетін өтініштер дәлел. Сондықтан біз бүгінгі кездесуге барлық мүдделі тұлғаларды: сенаторларды, мемлекеттік органдардың және осы бағыттағы ұйымдардың басшыларын арнайы шақырдық. Біз өзекті мәселелерді бірлесіп талқылап, бұл саладағы заңнамаларды жетілдіру жөнінде алдағы бағыт-бағдарды айқындап алуымыз керек», деді Сенат Төрағасы.

Мәулен Әшімбаев Сенатқа мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау жөніндегі ұйымдар өкілдерінің өтініштері жиі келіп түсетінін атап өтті. Сондықтан сенаторлар қоғам қайраткерлерімен және осы саладағы сарапшылармен кездесу ұйымдастырып келеді. Ал алдағы кезеңде депутаттық корпус қолданыстағы заңнаманы өзгерту аясында ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қолдау тетіктерін мұқият пысықтауға ниеттеніп отыр. Енгізілетін жаңа өзгерістер туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов айтып берді.

Оның айтуынша, 1 немесе 2 топтағы мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, тіпті осы балалар кәмелеттік жасқа толса да, тұрғын үй кезегінде өз орындарын сақтап қалатыны көзделіп отыр. Ал 1 топтағы мүгедектерге күтім жасайтын адамдар жәрдемақы ала бастайды.

"Заң жобасында балаларды мүгедектігі бойынша жәрдемақылардың мөлшерін қайта қарай отырып, 7 жастан 16 жасқа дейінгі мүгедектік топтар бойынша бөлу, мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыларды бір мезгілде алу құқығын беру, "инватакси" қызметі порталына ауыстыру, сондай-ақ арнаулы әлеуметтік қызметтер мен жұмыста мертіккен немесе кәсіптік аурудан мүгедек болған адамдарды әлеуметтік қолдау шаралары көзделген"деп атап өтті Серік Шәпкенов.

Қазіргі уақытта бұл заң жобасы Парламент депутаттарының қарауында және ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қорғау және қолдау саласындағы проблемаларды шешуге бағытталған.

Кездесуде сондай-ақ сенатор Ақмарал Әлназарова ерекше қажеттіліктері бар адамдарды заңды түрде кемсітуден қорғауды ұсынды.