Елбасы • 05 Сәуір, 2021

Елбасы және алыстағы ағайын

874 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі ке­зең­д­е Қазақстан Республикасы әлеу­меттік-экономикалық, мәде­ни-ру­хани, ғылым-білім саласында үлкен табыстарға жетті. Елі­міздің мұндай биік деңгейге көтерілуі, ең алдымен, Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың ұшан-теңіз еңбегінің нәтижесі. Тұңғыш Пре­зи­дентіміздің ерен еңбегінің ең бас­ты­ларының бірі – әлемнің әр түк­пірінде шашырап жүрген сан мил­лион қазақтармен тығыз байланыс орнатып, олардың атажұртқа көп­теп оралуына кең жол ашуы болды.

Елбасы және алыстағы ағайын

Нұрсұлтан Назарбаев шет мемлекет­терге барған ресми сапарларында сол елде тұратын қазақтармен арнайы кезде­су өткізуді дәстүрге айналдырған еді. 1991 жылдың қыркүйек айында Түр­кияғ­а барған сапары кезінде сол елде тұра­тын қазақтар Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­дентін Ыстанбұл әуежайында бір­ден үш ақсарбас қойды құрбандыққа шалып, қол жайып «Ақсарбас!.. Ақсарбас!» деп ұрандатып, айрықша салтанатпен қарсы алды. Елбасы Ыстанбұл қала­сындағы «Мәрмәр» мейманханасын­да аға­йын­дармен арнайы кездесу өткіз­ді. Кез­десу барысында Дүниежүзі қазақ­тары­­ның құрылтайын өткізу туралы мә­се­ле көтерілді. Нұрсұлтан Назарбаев бұл ұсы­нысты бірден қолдап, ұлы жиын­ды ұйымдастыруды Қазақстан делега­ция­сының құрамында барған, Жазушы­лар ода­ғының төрағасы Қалдарбек Най­ман­баевқа тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен 1991 жылғы 18 қарашада «Басқа рес­­пуб­­ликалардан және шетелдерден се­ло­­лық жерлерге жұмыс істеуге тілек біл­­діруші байырғы ұлт өкілдерін Қазақ­станда қоныстандырудың тәртібі мен шарт­­тары туралы» Үкімет қаулысы қа­был­­данды. Сөйтіп алыс-жақындағы аға­йын­­дарды атажұртқа жинауға мүмкін­дік беретін заңды құжат алғаш рет дүние­ге келіп, этностық көші-қонға нақты жол ашылды.

Сол жылғы 31 желтоқсан күні Елба­сы Қазақ радиосы арқылы бүкіл шетел­дік ағайындарға арнап сөз сөйлеп, «Ата­мекен­нің есігі келемін деген ағайын­­дар­­ға әрқашан да ашық» деп жарияла­ды. Осылайша, алыс-жақындағы аға­йын­­ның атажұртқа бет алған ұлы көші ерекше қарқын алды. 1991 жылдан бас­тап Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғыз­станнан атажұртқа оралған қазақтардың жүгін тиеген көліктер шекарадан ағылып өтіп жатты.1993 жылдың қараша айын­да өз ішінде соғыс жүріп жатқан Тәжік­стан­нан бір пойыз қандастарымыз Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарына әке­лінді. Бұдан кейін екі пойыз Ирандағы қазақ­тарға аттанып, Түрікменстан-Иран ше­ка­ра­сынан шыққан бір жарым мың адам­ды Оңтүстік Қазақстан облысына жет­кізді. Пойызға сыймай қалған иран­дық аға­йындар арнайы кемемен Кас­пий теңізі арқылы Ақтауға бет алды. Бұдан кейін Сауд Арабиясы, Ауғанстан және Түркия қазақтарына арнайы ұшақтар жіберілді.

Көш, әсіресе, Моңғолиямен екі арада қызу жүрді. Баян-Өлгей аймағынан Өс­ке­­менге бір күнде қандастар отыр­ған алты-жеті ұшақтың келуі үйрен­шік­ті жағдайға айналды. Олардың дүние-мүлік­терін тиеген жүздеген жүк көлігі Қазақ­стан шекарасынан күні-түні ағыл­ды. Ұшақтың кезегін күтуге шыдам­аған­дар Моңғолиядан бірден Ресейге шығып, жол көлігімен келді.

Сырт жерлердегі қандастарын арнайы ұшақ, пойыз, кеме, автобус, жүк көліктерін жан-жақтан қаптатып, күні­не мың-мыңдап көшіріп әкелу – арғы-бергі тарихта сирек кездесетін жағ­дай. Міне, осындай сирек жағдайды Қазақ­станның Тұңғыш Президенті жүзеге асырды. Қазақтар атажұртқа жаппай қай­тып жатқанда сол жердегі өзге этнос өкіл­дерінің «Сендерді көшіріп алып жатқан Назарбаев сынды Президенттерің бар қан­дай бақытты халықсыңдар! Ал бізді ешкім де керек етіп, іздеп жатқан жоқ» деп кә­дімгідей көңілдері босап, көз­дері­не жас алғандарын көрген жұрт әлі күнге аңыз етіп айтады.

Көшті ұйымдастырудың ең ауыр салмағы Саят Бейсенов жетекшілік еткен Еңбек министрлігінің Ғазиз Есмұқанов бастаған Көші-қон департаментіне түс­ті. Бұл департаментте Памир Кама­лиев, Мұхит Ізбанов, Марат Тоқсан­баев, Да­нияр Арғынбаев, Ахмет Әби­беков, Марат Қонақбаев сынды алыс-жа­қын­дағы ағайындардың хал-жағда­йын жан-жүрегімен сезінетін, қазақ халқы­ның көбеюіне шынайы жанашыр аза­мат­тар жұмыс істеді. Көшті ұйымдастыру­шы­лар шекараның арғы жағынан бастап, ата­жұртқа келгенге дейін ағайындармен бірге болды. Арнайы құрылған штаб көш­тің барысын күні-түні бақылап, ба­ғыт-бағдар беріп, реттеп отырды.

Сол кездегі көштің барынша сәтті жүруі Сыртқы істер министрлігінің Уәлих­ан Қоңырбаев басқаратын Кон­сул­дық қызмет департаменті мен Ішкі істер министрлігінің Өмірбай Мұ­саев жет­екшілік ететін Паспорт және виза жұ­мыстары Бас басқармасының жұ­мыс­тарына да тікелей байланысты еді. Бұл екі мекеме де алыстан келген аға­йын­дарға шынайы жанашырлық таныта білді. Соның нәтижесінде алыстан келген ағайындар атажұртта ешқандай әуре-сарсаңға түспей, бірден азаматтық алып, тып-тыныш орналасып жатты.

 Елбасының Түркияға сапары бары­сында берген тапсырмасына сәйкес Жазу­шылар одағы Дүниежүзі қазақтары­ның тұңғыш құрылтайына бір жылға жуық жан-жақты дайындық жұмыстарын жүргізді. Ұлы жиынға бір ай қалғанда, яғни 1992 жылдың 27 тамызында Үк­і­мет­­тің Құрылтайды өткізу туралы арнайы қаулысы қабылданып, Премьер-Ми­нистрдің орынбасары Мырзатай Жол­дасбеков бастаған ұйымдастыру коми­теті құрылды. Осының нәтижесінде Алма­ты қаласында қыркүйек айының соңы­н­­да құрылтай сәтті өтті. Онда «Дү­ние­жүзі қазақ­тары қауымдастығы» қоғам­дық бір­лестігі құрылып, Елбасы осы ұйымның Төрағасы болып бірауыз­дан сайланды.

Құрылтайдың салтанатты ашылуында Елбасы әлемдегі бүкіл қазаққа арнап: «Дәл осынау сәтте өзін қазақпын деп сезі­нетін әрбір адам жүрегі лүпілдеп, ата­­мекенге, тәуелсіз Қазақстанның ас­та­насы Алматыға көз тігуде. Өйткені мұн­да дүние жүзінің түкпір-түкпіріндегі иісі қазақ атаулының өкілдері тұңғыш рет салтанатты мәжіліс – Құрылтайға жи­на­лып отыр... Сан ғасырға созылған отар­шылдықтың бұғауынан босанып, қыс­қа мерзім ішінде бүкіл әлем мойындап, абыройы асып үлгерген Қазақстан жұрт­шылығы сіздерді, ардақты ағайын, туған жерде құшақ жайып қарсы алуда.

Мен Республика Президенті ретінде бәріңізді Дүниежүзі қазақтары Құрыл­тайының салтанатты ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға «Туған жерге қош келдіңіздер!» – деймін деп, жүрек тебірентерлік сөз сөйлей келіп, алдағы уақытта сырт жерлердегі аға­йын­дармен байланыс жасаудың нақ­ты екі жолын атап көрсетті. Оның бірін­шісі – ағайындарды атажұртқа тұрақ­ты көшіріп әкелу. Екіншісі – қазақ диас­по­расына сол бұрынғы тұрған жерін­де ұлттық ерекшелігін, ана тілін, мә­де­ниеті мен салт-дәстүрін сақтап, қазақ ұлты­ның құрамдас бір бөлігі ретінде өсіп-өркендей беруіне қолдау жасау. Осы­ған орай Елбасы жаңадан құрылған Дү­ние­жүзі қазақтары қауымдастығының мін­деттерін де нақтылап берді.

Кейін мұндай құрылтай Түркістан мен қазіргі Нұр-Сұлтан қалаларында төрт рет ұйымдастырылды. Осы құрылтайлардың бәрінде де Елбасы әлемнің әр түкпірінен келген ағайындардың ортасында болып, қазақ халқының бүгіні мен болашағы жөнінде толғанысқа толы баяндамалар жасады. Қазақстан тарапынан шетелдегі ағайындарға жасалуға тиіс қолдау мен қамқорлықты да үнемі нақты айқындап, бағыт-бағдар беріп отырды. Мұның бәрі әлемнің әр түкпірінде жүрген бүкіл қазаққа жетіп, олардың атажұртқа деген сағынышын, келуге деген ынта-ықыласын арттырды.

1993 жылы Үкіметтің арнайы қаулы­сы­мен «Қазақстан» қоғамы таратылып, бөлінген қаржысы, атқаратын қыз­меті, кең­сесі Қауымдастыққа біржо­лата бе­рілді. Соның нәтижесінде Қауым­дас­­тық басында баспанасы, тұрақ­ты қыз­мет­керлері бар, алыс-жақын­дағы аға­йын­дармен тығыз байланыс орнатып, кел­гендерін күтіп алатын қарашаңы­раққа айналды. Осыған орай, жыл соңында Алматыдағы М.Әуезов атын­дағы театр­­да Дүниежүзі қазақтары қауым­дас­ты­ғы­ның тұсаукесер салтанаты өтті.

Елбасы салтанатқа арнайы келіп қатысып, қазақ диаспорасымен байланыс және көші-қон жөніндегі өзекжар­ды ойларын ортаға салды. Ағайын­дар да атажұртқа деген ризашылық­тары мен ұсыныстарын кезек-кезек ай­тып жатты. Солардың бірі – Қара­қал­­пақстаннан келген журналист Құт­ма­ғамбет Қонысбаев еді. Оның айтуынша, Қарақалпақстаннан Қазақстанға қоныс аударатындар айтарлықтай мол, бірақ жер шалғай, сондықтан Алматы мен Қарақалпақстанның орталығы – Нөкіс қаласының арасында тұрақты қатынайтын жолаушылар пойызы өте қажет. Бұл ұсынысты естігенде залдағы бүкіл жұрт бір сәт тып-тыныш бола қал­ды. Өйткені ол кезде жаңадан пойыз жүр­гізу, әсіресе өзге елмен екі арада жүр­гізу мүмкін емес сияқты еді. Енді Пре­зидент не айтар екен? Бірақ Нұрсұлтан Назарбаев бір сәт те ойланған жоқ. «Бұл мәселе шешіледі. Ағайындарға сәлем айта бар, Алматы мен Нөкістің арасында пойыз жүргіземіз», деп нық жауап берді. Залдағы жұртшылық дүрілдете қол соқты. Көп ұзамай Қазақстан Пре­зи­дентінің ағайындарға берген уәде­сі толық орындалды: Алматы мен Нөкіс­­тің арасына жолаушылар пойызы тұрақты жүре бастады. Сөйтіп Қара­қал­пақстандағы ағайындардың атажұртпен тұрақты байланыс жасап, біржолата көшіп келуіне кең жол ашылды.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Ел­басының белгілеп берген бағыт-бағ­дары мен тапсырмалары бойынша шетел­дегі ағайындармен байланыс және көші-қон жөнінде жүйелі жұмыс істеуге кірісті.

1992-2004 жылдар аралығында Қа­уым­­дастық Төрағасының бірінші орын­ба­­сары қызметін атқарған көрнекті жазу­­шы, белгілі қоғам қайраткері Қал­дар­­бек Найманбаев бұл жұмыстарға ерек­­ше еңбек сіңірді. Ол кісі дүниеден өткен соң бұл қызметті Талғат Мамашев атқарды. Ал 2017 жылы Нұр-Сұлтан қаласын­да өткен әлем қазақтарының V құ­рыл­тайында Қауымдастық Төраға­сы­ның бірінші орынбасары болып белгілі қоғам қайраткері Зауытбек Тұрысбеков сайланды.

Елбасының тапсырмаларын орындау барысындағы Қауымдастық жұмысына Өзбек­әлі Жәнібеков, Шәңгерей Жәні­беков, Махмұд Қасымбеков, Мұхтар Құл-Мұхаммед сынды белгілі мемлекет қайраткерлері әр кезеңде шынайы жана­шырлықпен қолдау көрсетіп отырды.

Қауымдастық аз уақыттың ішінде 30-ға жуық мемлекеттегі қазақ диаспора­сымен тығыз байланыс орнатты. Қауым­дастық қызметкерлері Ресей, Өзбек­стан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікмен­стан­нан бастап, сонау Моңғолия, Түркия, Иранға дейінгі қазақтар тұратын елдерді түгел аралады. Еуропадағы қазақтар да назардан тыс қалмады.

Бұл сапарларда Қауымдастық қыз­мет­к­ерлері қазақ диаспорасына атажұрт­қа оралудың жол-жобасын көр­се­тіп, келетін отбасылардың тізімін жасап, көші-қон мекемелеріне өткізіп отырды. Мысалы, 1993 жылы Қауымдас­тыққа Түркияның Ыстанбұл қаласына Ауғанстаннан келген жүздеген қазақ отбасы түрлі қиындыққа ұшырап, ата­жұртқа жете алмай отыр деген төтенше хабар түсті. Осыған орай, Ыстан­бұлға барып, 300-ден астам қазақ отбасын (бір мыңдай адам) жаңа туған балаларына дейін қалдырмай тізімге алдық. Бұл жұмысымызға Ыстанбұлдағы Қазақстан консулдығы қолдау көрсетті. Сөйтіп ағайындардың тізімін Алматыдағы Көші-қон департаментіне өткіздік. Ара­да көп уақыт өтпей, Ыстанбұлға арна­йы ұшақ­тар жіберіліп, бір мыңдай ада­мы бар 300-ден астам отбасы түгел­дей Қазақ­станға жеткізілді. Қазір бұл аға­йын­­дар Түркістан облысы мен Алматы об­лы­сының Қарасай ауданында өсіп-өніп жатыр.

Барлық жерде Қауымдастық тарапынан көтерілген мәселелер тікелей Қазақстан Президентінің ой-пікірі, ұс­танымы ретінде бағаланып, толық қол­дау тауып отырды. Осының нәтиже­сінде Қытайдағы ағайындардың Қазақстанға келіп тұрақты тұруына, жұмыс істеп кәсіпкерлікпен айналысуына нақты жол ашылды. Екі ел арасындағы сонау алпысыншы жылдардан кейін тоқ­тап қалған көш қайта жанданды. Сөй­тіп аз жылдардың ішінде Қытайдан Қазақ­станға 100 мыңнан астам ағайын келді. Қытайдан келіп түрлі оқу орындарына түскен жастардың да қатары барынша көбейді.

 Қытайдағы ағайындармен мәдени байланыс жасауға да бұрын-соңды бол­маған мүмкіндік туды: Қауымдастық жыл сайын шекараның аржағындағы ағайындарға концерттік бригадалар апарып тұратын болды, ол жақтағы қазақ жазушыларының шығармалары Қазақстанда мемлекеттік тапсырыспен көптеп жарық көре бастады.

Елбасы сырт жерлердегі қазақтан шыққан зиялы қауым өкілдерінің ата­жұртқа көбірек келуіне ерекше көңіл бөліп, қажет жағдайда бұл мәсе­леге өзі де тікелей араласып отырды. Түркиядағы көрнекті дін қайраткері Халифа Алтай ақсақал Қазақстанға Елбасының осындай тікелей қамқорлығының нәтижесінде келді. Моңғолияда туып-өскен белгілі ғалым Зардыхан Хинаятұлы да Елба­сы­ның нақты қамқорлығына ие болды. Мұндай мысалдар аз емес.

Нұрсұлтан Назарбаевтың астананы Алматыдан қазіргі Нұр-Сұлтан қала­сына көшіруі қандастар көшіне жаңа леп, ерекше серпін әкелді. Бұған де­йін ағайындар негізінен оңтүстік өңір­лерге келіп жатқан болса, енді көш Қазақ­стан­ның орталығына қарай бет бұрды.

Көші-қон жұмысының барын­ша нәтижелі жүруі үшін оның заң­дық-құқықтық негіздері дұрыс болу­ы тиіс. Елбасы қандастар көшін қол­ға алғанда бұл мәселені де назарда ұста­ды. Соған орай, 1992 жылғы тұңғыш Құрыл­тай қарсаңында Үкіметтің «Ұлты қазақ шетел азаматтарын Қазақстанда болған кезін­де әлеуметтік-экономикалық жеңіл­дік­термен қамтамасыз ету жөніндегі» №791 қаулысы қабылданды. 1996 жыл­дан бастап қатарынан екі рет «Шетел­дегі отандастарды қолдаудың мемле­кет­тік бағдарламасы» дүниеге келді. «Халық­тың көші-қоны туралы» заң да бірнеше рет жетілдіріліп, қайта қабылданды.

Осындай игі істердің нәтижесінде шет­ел қазақтары Қазақстанға ағылып кел­­ді. Бұл көш, әсіресе, 90-жылдары ай­рық­­ша мол болып, қандастардың саны жы­­лы­­на 20 мың отбасыға, яғни 80 мыңға адам­­ға дейін жетті. 2000 жылдардың ор­­та­­сына дейін бұл көш жылына 40-50 мың адам­ның төңірегінде болды. Сөйтіп ата­­жұрт­­қа 1 млн-нан астам қандасымыз оралып, Қа­зақ­стан халқының бүгінгідей 19 мл­­н-ға жа­қындауына үлкен ықпал етті.

Елбасының алыстағы ағайындармен байланыс жасаудағы алға қойған негізгі міндеттерінің бірі – сырт жерлердегі ағайындарға оқу-білім жөнінен қолдау көрсету еді. Осыған орай, Қауымдастық кезінде Білім министрлігімен бірлесе отырып, сырттағы қазақ жастарын Қазақстанға әкеліп оқыту мәселесін қолға алды. Бүгінгі таңда жер жүзіндегі қазақтар үш түрлі – кириллица, латын, араб әліпбиін пайдалануда. Аты қазақ мектебі болғанымен, әр елдегі оқу­лық­тар бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Сондықтан сырттан келетін жастарымыз әуелі дайындық бөлімдерінде білім алуы керек. Осыған орай, әуелі Қаратау қаласынан ағайындардың жас ұрпағына арналған 40 орындық дайындық бөлімі ашыл­ды. Кейін мұндай дайындық бөлім­деріне қабылданатындар саны 1500-ге дейін көбейді. Шетелдегі қазақ бала­ларының Қазақстандағы лагерьлер­ге келіп тынығуы да тұңғыш рет ұйым­дас­тырылды. Қауымдастық Иран, Ауғанстан, Түркия, Қытайдағы қазақ кә­сіп­ке­р­лерінің Қазақстанда жұмыс іс­теу­іне көмектесті.

Қауымдастық жұмыстарының ең бастыларының бірі – еліміздің қол жет­кізген табыстарын және Елбасының Қазақ­станды ең дамыған мемлекеттердің қатарына қосу жөніндегі қолға алған игі істерін шетелдегі ағайындарға жеткізіп, насихаттап отыру болды. Қауымдастық Елбасының Жолдауларын қазақтар көп тұратын бірнеше елдердің тіліне аударып, оған қоса латын және төте жазудағы нұсқаларын дайындап, таратып отырды. Бұл жұмыстарды жүзеге асыруға Қауымдастықтың жанынан жарық көрген «Алтын бесік» журналы, «Туған тіл» альманағы, «Атажұрт» баспасының «Қазақ әлемі» сайты, Талдау орталығы үлкен үлес қосты.

Елбасының алыс-жақындағы ағайын­дарға көрсеткен үлкен қамқорлығының бірі – Алматыдан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ғимаратын салып беруі еді. Қауымдастық алғаш құрылған кезде төрт-бес бөлмесі бар шағын кең­седе отырды. Бұл алыстан келген аға­йын­­дарды күтіп алуды қиындататын. Соған орай Елбасы Қауымдастыққа арна­йы жеке ғимарат тұрғызу мәселесін қол­ға алды. Бұл ел экономикасы әлі де тү­зел­меген қиын кез болатын. Со­ған қарамастан, Елбасы қолдауымен Алма­ты­ның төрінен Қауымдастықтың жеке ас­ханасы, қонақүйі, кеңсесі бар төрт қабат­ты ғимараты бой көтерді. Ол ұзақ жыл алыс-жақындағы ағайындардың Ал­мат­ыға келгенде ат басын тірейтін құт­ты шаңырағына айналды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетінде жа­рық көрген «Тәуелсіздік бәрінен қым­бат» мақаласында түрлі себептерге бай­ланысты бәсеңдеп қалған қандастар көшін барынша қолдап, жандандырамыз деп атап көрсетті. Осыған орай, жақында Үкімет басшысы 2025 жылға дейін 80 мың қандастың, оның ішінде 2021 жылы 12 мың қандастың атажұртқа оралуы ұйымдастырылатыны туралы мәлім­деді. Үкіметтің бұл жоспарының орын­далуына толық мүмкіндік бар. Өйт­кені, көш жаңа басталған тоқсанын­шы жылдармен салыстырғанда қазір мемле­ке­тіміз әлдеқайда қуатты. Жұмыс­ты ұйым­дастыратын мекемелер де жетк­ілік­ті. Елбасының кейінгі құрылтай­да­ғы тапсырмасына сәйкес «Отандас­тар қоры» құрылған. Дүниежүзі қазақ­тары қауым­дастығы да қызметін жалғастыруда.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алыстағы ағайындарға деген шынайы жанашырлық қамқорлығы мен игі бас­тамалары алдағы уақытта лайықты жал­ғасын табатынына кәміл сенеміз.

 

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,

1992-2017 жылдардағы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері