Мәселен, көршілес орыс әдебиетінде де биыл классиктердің 200 жылдығы жалғасуда. Пушкин, Гоголь, Гончаров, Лермонтов, Тургенев... Осы тізімнен әрқашан бөлек аталып келген тасадағы Писемскийдің де туғанына екі ғасыр толып үлгеріпті. Әлқисса.
Писемский көзінің тірісінде жақсы жазатындардың қатарына ілікпеді. Өз ортасы оны жазушы деп мойындамады һәм соған сай шығармаларын шимай-шатпаққа балады. Шығармашылық отырыстарда ол туралы ешкім ауыз ашып сөз сөйлемейтін: бірақ өз араларында әрқашан Писемскийдің кейіпкерлерін күбір-күбір талқылайтын. Өйткені оның кейіпкерлері «тәртіпсіз», «бұзылған» адамдар болды. Әдеби ортаның Писемскийге деген осы бір әділетсіз көзқарасы кейін де өзгерген жоқ. Алайда біз оны ұмытылған немесе оқылмайтын жазушы деп кесіп айта алмаймыз. Байқауымызша, соңғы уақытта орыс әдеби басылымдарында Писемский шығармашылығына жаңа көзқарас, сұраныс пайда болған секілді. Түрлі қоғам ауысып, тарих беттеріндегі әр оқиғаға куә – дүниені басқарып отырған уақыт екенін ескерсек, Писемский типтес әлеуметтік жазушылардың өз заманынан кейін де оқырманға қайта оралуы әбден мүмкін емес пе?..
Оның барлық кейіпкері қоғаммен, дәлірек айтқанда, біз «әлеумет» деп атайтын ұғыммен біте қайнасып кеткен. Сол әлеуметтің ішінде бірыңғай жағымды немесе жағымсыз адамдар өмір сүрмейтіні де анық. Мұнда міндетті түрде мәмілеге келуге тура келеді, өтірік айтпасаң да, шындықты бүгіп қалуға, кейде жалтару мен бейімделуге мәжбүр боласың. Осы тұрғыдан алғанда, Писемский күрделі, тым құрығанда өзімен қайшылыққа келуге қабілетті жандардың шынайы болмысын аша білген қаламгерлердің аз ғана шоғырына жатады. Оның кейіпкерлерін сынай отырып ақтай да аласың: оңбаған деп сөгіп отырып, жаның да ашиды.
Алексей Феофилактович алпыс жыл ғұмыр кешіпті. Ол өндіре жазды. Шығармаларының толық жинағы 1959 жылы тоғыз том болып жарық көргенімен, көп туындылары енбей қалған. Әрине барлығы шедевр болмаса да, кейбірі оқуға әбден тұрарлық. Мәселен, «Тюфяк» повесін, «Старческий грех», «Питерщик» әңгімелерін, «Взбаламученное море», «Люди сороковых годов», «В водовороте» романдарын, «Русские лгуны», Каспий теңізі туралы «Путевые очерки» әңгімелер циклдері бар. Дегенмен, автордың ең сәтті шыққан шығармасы – «Тысяча душ» романының жөні бөлек.
1858 жылы жазылған роман жеңіл оқылады, тіпті кейбір тұстары бүгінгі өмірден алынғандай әсер қалдырады. Айта кетейік, ол – алғашқы үлкен орыс романдарының бірі. «Обломов», «Война и мир», «Преступление и наказание», «Что делать?» «Отцы и дети» романдары кейін жарық көрді. Бұл – орыстың ақсүйектік прозасының архетиптері қалыптаспай тұрып, типаждардың шаблондарға айнала қоймаған, ал «Тургеневтік қыз» («Тургеневская девушка»), «Достоевскийдің әйелдері» («женщины Достоевского»), «жаңа адам» («новый человек») терминдер ретінде қолданылмайтын кез еді.
Писемский таптаурын жолға түспей, өз заманының әдеби сыншыларын тәнті еткен (тіпті састырған) ізденістерге де барды. Біршама уақыт үнсіздіктен соң «Всемирное обозрение» журналында әдебиетші Владимир Зотовтың ашу мен түсінбеушілікке толы мақаласы жарық көрді. «Біздің журналдардың әдебиетке деген бей-жайлығы шарықтау шегіне жеткен қазіргі заманда, Писемский мырзаның аса зор әдеби және қоғамдық мәні бар, әдебиетіміздің тұтастай дәуірін құрайтын ең үздік романы жарық көрді. Ол «Мертвые души» және «Кто виноват?» туындыларымен бір қатарда тұруға әбден лайық. Егер Писемский мырза басқа ештеңе жазбаған күннің өзінде – «Тысяча душ» шығармасының өзі оған орыс әдебиетінен ойып тұрып орын алып берер еді. Ал жуан журналдар неліктен үнсіз отыр?!» Осы мақаладан соң сыншылар роман туралы пікір білдіре бастаған-ды.
Ақиқатында, әдебиетшілер романның сюжетінен ғана абдырап қалмапты. Ал сюжеті былай өрбиді: Мәскеу университетінің түлегі Яков Васильевич Калинович уездік Энск қаласына келіп, уездік училищенің бақылаушысы болып жұмысқа орналасады. Оған бұған дейін бақылаушы болып, зейнетке шыққан адамның қызы Настенька ғашық болады. Бірақ той таяп қалғанда Калинович мың жан крепостной шаруаға иелік ететін Полинаны таңдайды. Сөйтіп ол Петербургке қоныс аударады да, Полина мен оның бұрынғы көңілдесі, қазынаны ұрлаушы князь Иванның таныстары арқылы губернатордың міндетін атқарушы мансабына қол жеткізеді. Бірақ Калинович күресіп келген жемқор шенеуніктер ақыры оны жеңіп тынады. Ол отставкаға кетуге мәжбүр болып, соттала жаздайды. Әйелі қайтыс болған соң, Настенька қайта пайда болып, екеуі қосылады.
Ал сыншыларды абыржытқан оқиға тым шынайы, әдеби көркемделмеген персонаждар еді. Настеньканың әкесі Петр Михайлыч, әйелі қайтыс болған, аса мейірбан әрі қайырымды жан болғанымен, өз экономкасымен көңіл қосады. Некесіз қарым-қатынас күнә саналғанымен, мәселенің мәнісі басқада – ол өмірден өткенде экономика үй-күйсіз, ішер ас-сусыз қалады. Оны бұл азаптан оқыс өлім құтқарады. Петр Михайлыч та, қызы да осындай келеңсіз қырларымен суреттеледі.
Настенька жас бола тұра темекі тартады (сол уақыттағы орыс әдебиетінде сирек кездесетін құбылыс), алғашқы кездесуде-ақ Калиновичке көңіл білдіріп, оны өзіне қайткенде үйлендіріп алуға тырысады. Ал Калинович романның басында идеалист көрінгенімен, кейін өзі де жемқорлық ауруына шалдығып, айтарлықтай мансапқа қол жеткізіп алады да, жебеушілерін әшкерелеуге кіріседі. Оның бұл тосын мінезін мемлекеттік мүддені ойлау емес, көрген қорлығы үшін кек қайтару, ажарсыз, бірақ бай әйелімен бірге тұруға мәжбүрлік, мыңдаған басыбайлы крепостнойлары әкеле алмаған бақыт үшін жасалған әрекет деп қабылдау керек сияқты.
Бір сөзбен айтқанда, Писемский кейіпкерлерінің өмірі сүреңсіз, тым күрделі, қалыптасқан әдеби қалыпқа сыя бермейді. Бәлки, ол қолдан жасалмаған, шынайы өмірден алынған түрлі тағдырлар болған соң шығар. Писемскийдің шеберлігі де сонда – оны оқып отырғанда әдебиет, қалыптағы көркемдік дегенді ұмытасыз. Бейнебір оқып емес, кейіпкерлердің кінәлі істерін тасадан тығылып көріп тұрғандай әсер қалдырады. Ұрлана қарау әдепке жатпағанымен, бар қызығы да сонда емес пе...