Экономика • 07 Сәуір, 2021

Теңге теңселіп тұр

352 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жылдың басында мұнай қымбаттап, ресейлік рубль нығайған кезде теңге де күшейеді деген болжам жасалған еді. Бірақ ол болжамның «ғұмыры» үш айға да жеткен жоқ, теңге құлдырап кетті.

Теңге теңселіп тұр

Наурыз айының соңғы аптасы теңге бағамын қалыптастыру үшін бірнеше ма­ңызды факторымен есте қалды.  ОПЕК ке­лісімінің тиімділігі жайлы күдік күн са­нап күш алып келеді. Теңге тек мұ­най бағасы емес, импорт пен басқа фак­тор­лардың қысымында «ентігіп» қалды.  

Сарапшылар доллардың негізгі әлем­дік валюталарға қатысты бағамы ны­ғай­ғанын айтады. Валюта құнына әсер ететін тағы бір үйреншікті фактор − энергия тасымалдаушылар нарығын­дағы жағ­дай мен мұнай қоры туралы мә­ліметтер. Brent маркалы мұнай бар­релі құнының төмендеуі теңге баға­мына да кері әсер еткен. Наурыз мере­к­е­сінің алдында  отандық қор биржасын­да доллар орташа бағамынан екі есе қымбат сатылып, доллардың тап­шы­лығы байқалған еді. Мерекелік де­ма­лыс­тан кейін ұлттық валютаның айыр­­бастау бағамы алдыңғы аптадағы сауда-саттықтың орташа бағамымен салыс­тырғанда 0,5%-ға әлсіреді.

Ұлттық банктің Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынхановтың айтуын­ша, ұлттық  валютаның әлсіреуі ең алды­мен жаңа локдаун аясында мұнай­ға сұраныстың қалпына келу қар­қы­ны­ның белгісіздігіне және даму­шы нарықтардағы тәуекел-сентиментінің нашарлауына байланысты. «Аптаның басынан бастап энергия тасымалдау­шылар нарығы құбылмалы болды. Әлемде COVID-19 ауруының өсуі және бірқатар Еуропа елдерінде каран­тин­ шектеулерінің күшеюі аясында сұ­раныстың болашағына қатысты алаң­­даушылық 22-23 наурызда «қара ал­тын­ның» бағасын бір баррель үшін 60 долларға дейін, 7%-ға төмендетті. Алай­да мұнай келесі күндері теңіз сауда жол­дарының бірінде қозғалысқа кедергі кел­тірген тайвандық Evergreen Marine ком­паниясының контейнерлік тасымалдаушысы арқылы Суэц каналының бұғатталғаны туралы хабарламалар аясында төмендеді. Алдын ала деректер бойынша бұл көлемі 13 млн баррельге дейін мұнай жеткізілімін кешіктіруі мүмкін», дейді Н.Тұрсынханов .

Суэц каналындағы оқиға аясында энергия тасымалдаушылар бағасының түзетілуіне қарамастан мұнай бағасының одан әрі өсу-өспеуі белгісіз болып қалуда. Вакциналардың баяу жүргізілуі, жаңа локдаундардың енгізілуі экономиканың тез қалпына келуіне кедергі келтіреді және пандемияның өршуіне байланысты Еуропада әуе қатынасының жуырда ашылуы да екіталай.

Әлемдік валюта нарығындағы теріс тәуекел-сентименті де дамушы елдер­дің валюталарына кері әсерін тигізу­де. Ай­талық, Түркия президенті Р.Ердо­ған­­ның Орталық банк төрағасын ауыс­ты­ру туралы шешімінен кейінгі апта түрік лирасының 17,3%-ға күрт әл­сі­реуі­мен басталды. Бұған дейін бұ­қара­лық ақпарат құралдарында мөл­шер­лемені көтеруге қарсы болған Сахап Квад­жиоғлы Орталық банктің соңғы екі жыл­дағы үшінші төрағасы болып таға­йын­далды. Аптаның басында күрт құлд­ыр­а­ғ­аннан кейін валюта еңсесін сәл тіктеді.

Ұлттық банк өкілінің сөзінше, ре­сей­­­лік банктің негізгі мөлшерлемені көтеруі­не қарамастан рубльдің әлсіреуі жал­­ғас­ты. Аптаның басынан бастап Ре­сей валютасы долларға қатысты 3,5%-ға әл­сіреді. Бұған мұнай бағасының төмен­деуі сипатындағы теріс фактор және шетелдік инвесторлардың жаңа санкция­лардың жариялануын күтіп, рубльдік облигациялардан бас тартуы ықпал етті. Мәселен, апта басынан бері 10 жазғы федералды қарыз облигацияларының  кірістілігі бір сәтте 7,31%-ға дейін жетіп, 7,23%-ға дейін 13 базистік тармаққа көтерілді. «Құлдырап бара жатқан рубльдік мемлекеттік борыш нарығын қолдау үшін Ресей Федерациясының қаржы министрлігі сейсенбіде ФҚО аукциондарынан бас тартып, 2021 жылғы І тоқсандағы 1 трлн рубльдік тоқсандық жоспардың 403 млрд рублін ғана орналастырды. Бұл шешім мемлекеттік облигациялар нарығындағы ахуалды аздап қалыпқа келтіруге септігін тигізді», дейді Н.Тұрсынханов.

Жалпы алғанда, инвесторлардың тәуе­келге әуестігінің төмендеуі мен Еуро­­па­дағы коронавирус төңірегіндегі ахуа­л­дың нашарлауына байланысты ап­та­ның басынан бастап, дамыған елдердің валю­та индексіне қатысты 0,7% болған дол­лар­дың нығаюы жалғасуда. J.P. Morgan (EMCI) дерегінше дамушы елдердің валюта индексі аптаның басынан бастап 2%-ға дерлік әлсіреді.

Теңгенің айырбастау бағамы сыртқы факторлардың серпініне сәйкес қалып­тасады. Мұнайға сұраныс перспективаларына қатысты белгісіздіктің сақталуы және дамушы елдердің активтеріне байланысты инвесторлардың тәуекелге әуестігінің әлсіреуі ұлттық валютаның бағамына әсерін тигізуде.

Қазақстан қаржыгерлері қауымдас­тығының жетекші сарапшысы Мерей Иса­бековтың пікірінше, сыртқы жағ­дайлар ұлттық валютаға қысым жасайды. Атап айтқанда, АҚШ пен Қытай арасындағы шиеленістің күшеюі тәуекелге деген сұранысты азайтып, пайда болған на­рықтық валюта мен активтің құнын тө­мендетеді. Оның пікірінше, алдағы күн­дері геосаяси қауіп-қатермен байланысты жа­ғымсыз жаңалықтар алгоритмі басым болуы мүмкін, бұл мұнай бағасына, сон­дай-ақ рубль мен теңгеге қысым жасайды.

Келесі сарапшы Ілияс Исаевтың пікі­рін­ше, коронавирустың салдарынан болған экономикалық проблемалар да теңге бағамына кері әсер етіп жатыр. Әлемдік экономикадағы рецес­сия 2022 жылдың алғашқы жарты­сы­на дейін жалғасуы мүмкін деген сарап­шылар болжамы шындыққа ай­на­латын түрі бар. Себебі долларды үс­теп қоректендіру ең төменгi мөл­шерiнде. Бұдан әрі ол шегiне алмайды. Демек долларды үстеп қоректендiру көтерiлмейiнше, әлемнің АҚШ-тан басқа мемлекеттерiнде «жақсарту нышанын» көру қиын болады. «Ал долларды үстеп қоректендiру мөлшерiн көтеретiн болса, онда АҚШ  экономикасы рецессиялық жағдайын тереңдете түседi. Осы уақытқа дейiн мұнай бағасының соншалықты жылдамдықпен өспеуiне Ресейдегі мұнай экспорттаушыларының өндiрiс көлемiн 10 пайызға өсіруі әсер еткен. Мұны  ОПЕК картелiнiң сарапшылары айтып жатыр. Оның  iшiнде, әсiресе дайын тауар экспорты қомақты үлес иемденетiн елдер мейлiнше қиыншылыққа душар болуы мүмкін», дейді қаржыгер І.Исаев.

  Сарапшының айтуынша, қазір қаржы трейдерлерінің айы оңынан туды. Олар ішкі нарықта долларға сұранысты күрт арттырып, теңге бағасын қолдан арзандатып жіберуі де әбден мүмкін. «Қазір теңге ішкі және сыртқы факторлардың қысымында тұр. Сондықтан, мұны теңге бағамына мультипликативті әсер ететін жайттардың бірі деуге болады. Мұны ескерсек, Қазақстанда экономика өсімі баяулап, экспорт пен импорт көлемі азаяды, яғни жағдай мәз емес. Девальвация салқынын Ресей рублінің жағдайына қарап бағамдайтын болдық. Қазір елдің алтын-валюта қорын оңды-солды аямай жұмсап жатырмыз. Бұлай жалғаса беруі мүмкін емес», дейді қаржыгер.

Қаржыгер атап өткендей, қымбат доллар − сұраныс пен ұсынысқа негізделген тенденция ғана. Мұнай бағасы да ұлттық экономикаға әсері қауіп төндіретін немесе гүлдендіріп жіберетін деңгейде емес. Доллар алдағы уақытта арзандауы мүмкін. Бірақ арзан доллар Ұлттық банкті босаңсытып алмауы тиіс. Долларды қолдан қымбаттату өз міндетін атқарды. Сондықтан доллар бағамына қарап елеңдей беретін кез емес қазір. Үкімет пен Ұлттық банк доллар мен теңге баға­мы­на елеңдей бермей, ІЖӨ-ге жол ашатын тетіктер жайлы ойлауы тиіс. Қазір дол­лар­дың бағамына тұтынушылардың, ин­вес­торлардың алабөтен ықыласы да дем беріп тұруы әбден мүмкін. Бұл долларға, одан қалса долларға байланған импортқа деген тәуелділігімізді тереңдетіп жіберді. «Кейбір сарапшылар «Ұлттық банк қор бир­жасы арқылы айналымдағы доллар­ды кері сатып алуы мүмкін» деген бола­тын. Егер ол рас болса, нарықтағы тең­ге айналымының азаюы доллар пози­ция­сының күшеюіне негіз болды. Экс­порт­таушылар тарапынан долларды сату көлемі азайып, мұнай бағасы өткен жыл­ға қарағанда төмендегендіктен, теңге нығай­ма­ды. Ал импорт өсіміне байланысты долларды сатып алғысы келетіндердің саны артты. Сондықтан доллардың арзандағаны немесе қымбаттағаны экономикалық өсімнің индикаторы емес», дейді І.Исаев.

 

АЛМАТЫ