Қоғам • 07 Сәуір, 2021

Алматы облысында көпбалалы ана 14-ші сәбиін өмірге әкелді

653 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысы Кербұлақ ауданына қарасты Сарыөзек ауылында көпбалалы «Батыр ана» Гүлнәз Жеңісбайқызы 14-ші сәбиін өмірге әкелді, деп хабарлайды Egemen.kz

Алматы облысында көпбалалы ана 14-ші сәбиін өмірге әкелді

Сәрсенбай Садуақасов пен Гүлназ Жеңісбайқызының шаңырақ көтергеніне 27 жыл болған. Бүгінде олар 10 қыз, 4 ұл тәрбиелеп, 3 немересін баулып отыр.

Аудан әкімі Ғалиасқар Сарыбаев отбасыны құттықтап, жылы лебізін жеткізді. Бұған дейін 2019 жылы көпбалалы отбасына Сарыөзек ауылынан тұрғын үй берілген де екен. Кербұлақ аудандық әкімдігің баспасөз қызметі хабарлағандай, мектеп қабырғасындағы 5 бала оқу құралдарымен, спорттық киіммен, мектеп формасымен толық қамтамасыз етілген. Балалардың 3-еуі балабақшада болғандықтан, ересектеріне мектепке қажетті ноутбуктар берілген.

1

Ата-анасының үкілеген үмітін Айжан есімді қыздары әрдайым спорттық жарыстарда, соның ішінде ережесіз жекпе-жек түріне қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Ал отағасы машинист, механик, дәнекерлеуші сияқты кәсіптерді еркін меңгерген.

«Өмірдің мәні де, сәні де – бала. Денсаулығым жетсе, бала туудан қашпаймын. Қазақ «баланы жастан» дегенді бекер айтпаған. Үлкен қызым мұғалім. «алдыңғы арба қайда барса, соңғы арба сонда жүреді» демекші, алдыңғы ұл-қыздарды жақсы тәрбиелесең, соңғылары соларға еліктеп, үлгі етіп өседі деп ойлаймын», дейді көпбалалы ана Гүлнәз Жеңісбайқызы.