Бокс • 07 Сәуір, 2021

Қос жерлесіміз көш бастап тұр

2276 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жуырда әуесқой боксшылардың әлемдік рейтингі жарияланды. Бір қуаныштысы, «ТОП-10» былғары қолғап шеберлерінің қатарына тоғыз жерлесіміз еніп отыр.

Қос жерлесіміз көш бастап тұр

Солардың екеуі үздіктер тізімінде көш бастап тұр. Олар – Бекзат Нұрдәулетов пен Василий Левит. Әрине, оған еш таңданбаймыз. Себебі 81 және 91 кило салмақ дәрежелерінде өнер көрсететін екі отандасымыз бірер жылдан бері аса ірі дүбірлі додаларда толағай табыстарға қол жеткізіп жүр.  

Әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов пен Олимпиаданың күміс жүлдегері Василий Левиттен кейінгі ең үздік нәтиже Қамшыбек Қоңқабаевқа тиесілі. Алыптармен айқасып жүрген қазақтың нар тұлғалы азаматы екінші орында тұр. Әлем және Азия біріншіліктерінде күміс медальды екі рет мойнына ілген Қамшыбектің алдын тек өзбек Баходир Жалолов орап тұр. 75 кило салмақта күш сынасып жүрген боксшылар арасында Әбілхан Аманқұл үшінші сатыға жайғасқан. Оның әлемдік дода мен Азия ойындарының күміс жүлдегері деген атағы бар. Есімдері жоғарыда аталған жуан жұдырықты жігіттерімізден бөлек, «ТОП-10» боксшының қатарында Зәкір Сафиуллин (63 кило, 4-орын), Абылайхан Жүсіпов (69 кило, 5-орын), Тұрсынбай Құлахмет (75 кило, 6-орын), Сәкен Бибосынов (52 кило, 7-орын) және Қайрат Ералиев (57 кило, 10-орын) сынды саңлақтар бар.

Бүгінгі таңда АИБА мүшелігінде 195 мемлекеттің барын ескерсек, жоғарыдағы көрсеткіш көңіл марқайтады деп айтуға толық негіз бар. Өйткені көш бастап тұрған боксшылардың саны жағынан Қазақстан мен Өзбекстан үзеңгі қағыстырып қатар келеді. Олардың да қос дүлдүлі дараланып тұр. Яғни қазіргі кезде көршілес екі ел өрендерінің алдына түскен ешкім жоқ. Сонымен қатар Үндістан, Куба, Иордания және Филиппиннің бір-бір өкілі топ басында. Енді сол әлемдік рейтингтің алдыңғы легінде тұрған саңлақтардың әрқайсысы жайында қысқаша мағлұмат бере кетейік.

52 кило салмақ дәрежесінде 25 жастағы Амит Пангал алдына жан салар емес. Үндістандық боксшы 2018 жылы Джакартада алауы тұтанған Азия ойындарында жарқ етіп көзге түсті. Айтулы додада бас жүлдені олжалаған Амит финалда Рио Олимпиадасының жеңімпазы, Вэл Баркер кубогының иегері өзбекстандық Хасанбой Дусматовтың өзін сан соқтырып кетті. 2019 жылы Бангкокта құрлық чемпионы атанып, Екатеринбургте өткен әлем чемпионатында күміс медальды иеленді. Ресейдегі жарыстың ақтық сайысында ол Өзбекстанның тағы бір өкілі Шахобиддин Заировқа есе жіберді. Бұл салмақта алжирлік Мұхаммед Флисси мен қытайлық Ху Цзяньгуань екінші және үшінші орындарды иеленуде.

57 кило салмақта өзбекстандық Миразизбек Мирзахалиловтің мерейі үстем. 26 жастағы Ферғана бокс мектебінің түлегі соңғы жылдары өзі қатысқан жарыстардың барлығында жеңімпаз атанды. 2018 жылы ол Азия ойындарында және 2019 жылы әлем және құрлық біріншіліктерінде қарсылас шақ келтірмеді. Одан кейінгі сатыларға замбиялық Эверисто Муленга мен кубалық Ласаро Альварес жайғасқан. Иә, Бостандық аралы өкілінің үздіктер санатына қосылуы заңды. Ол – әлемнің үш дүркін чемпионы, Олимпия ойындарының екі дүркін қола жүлдегері және Панамерика ойындарының екі дүркін жеңімпазы. Ал қара құрлық өкіліне осындай құрмет не үшін көрсетілгені түсініксіз.

63 кило салмақта Энди Крустың шоқтығы биік. 25 жастағы Куба қабыланы соңғы кездері қарсы келгендерді қоғадай жапыруда. 2005 жылдан бері ол әлем чемпионаты мен Панамерика ойындарын екі реттен ұтты. Бір қызығы, сол жарыстардың финалында Крустың жолы үнемі америкалық Кейшон Дэвиспен қиысуда. Бұл бәсекелердің барлығы да кубалықтың жеңісімен аяқталды. Екінші орында – Елнұр Абдураимов. Ол – Өзбекстанда туып-өскен қазақтың өр мінезді ұлы. Үшінші орында – намибиялық Йонас Жуниас Йонас.

69 кило салмақ дәрежесіндегі жағдай тым қызық. Әлемдік рейтингтің үздік үштігіндегі екі есім көпшілікке мүлде таныс емес. Бірінші орынды иорданиялық Зеяд Эаснаш еншілеуде. Оның қандай ерлік істегені, қандай дүбірлі жарысты ұтқаны бізге беймәлім. Үшінші сатыға жайғасқан Альберт Айиссидің де өмір жолы жанкүйерлер үшін жұмбақ. Әрі кетсе, Африка құрлығында өткен додаларда дараланған болар. Әйтпесе, есімдері аталған қос боксшының аса ірі жарыстарда жасындай жарқылдаған кезі есімізде жоқ. Оларға қарағанда екінші орындағы өзбекстандық Бобо-Усмон Батуровтың халықаралық аренада қол жеткізген табысы әлдеқайда қомақты.

75 кило салмақта Эумир Марсьяльдің өзгелерден көші ілгері. Филиппиннің 25 жастағы өкілі – 2019 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Сол жарыстың жартылай финалында ол біздің Тұрсынбай Құлахметті жолынан ығыстырғанын көзіміз көрді. Одан бөлек, Марсьяльдің қоржынында Азия ойындары мен құрлық біріншілігінің жүлделері бар. Екінші және үшінші орындарды алжирлік Йонес Немучи мен қазақстандық Әбілхан Аманқұл өзара бөлісуде.

81 кило салмақта 22 жастағы қазақтың мақтан тұтар ұлы, әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетовтің (суретте) көш бастап тұрғанын жоғарыда айттық. Екінші орында мысырлық Әбделрахман Әбделгаввад пен алжирлік Мұхаммед Хомри. 

91 кило салмақ дәрежесінде де Қазақстанның боксшысы әлемдік рейтингте бірінші орында тұр. Ол – Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Азияның үш дүркін чемпионы 33 жастағы Василий Левит. Екінші және үшінші орындарда Жаңа Зеландияның жампозы Давид Ниика мен Марокконың мықтысы Юнес Баала тұр.

+91 кило салмақта 26 жастағы Баходир Жалолов алдына жан салар емес. 2005 жылы Дохадағы дүниежүзілік додада қола медальды иеленген Өзбекстанның алыбы арада төрт жыл өткен соң Екатеринбургте алтынға қол созды. Азия чемпионатында екі рет топ жарды. Кәсіпқойлар арасында сегіз жекпе-жек өткізіп, барлық қарсыласын нокаутқа жіберді. Екінші орынға Қамшыбек Қоңқабаев тұрақтаса, үшінші сатыға аустралиялық Юстис Хуни табан тіреп тұр.