Технология • 07 Сәуір, 2021

Халықтық ІРО: Қайта оралғанның қайыры бар

573 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

«Халықтық IPO» мағынасын жалпылама алсақ, мемлекеттің ұлттық байлығын азаматтары арасында бөлу дегенді білдіреді. Оның атауы бізге соны естілгенімен тарихы тереңде жатыр.

Халықтық ІРО: Қайта оралғанның қайыры бар

Шет мемлекеттерде бұл қаржы бағдарламасының ең көп тарағаны – АҚШ. Былтыр Америка нарығына 360 компания акцияларын шығарды, оның құны – 435 млрд доллар, оның ішінде 244 компания IPO бағдарламасымен 100 млрд доллар инвестиция тартқан, бұл соманың 21 млрд доллары – шетел компаниялардың үлесінде.

Қаржы нарығы дамыған елдің бірі Ресейде былтыр ішкі нарыққа бар болғаны 3 млрд доллар тартылған. Бұл елде компаниялар биржаға 2017 жылдан бері шықпаған, былтыр тек екі компания ғана халыққа акцияларын сатқан.

Ірі ұлттық компаниялардың егесі болуға мүмкіндік беретін бұл бағдарлама туралы Қазақстанда алғаш рет 2011 жылдың ақпан айында Nur Otan партиясының XIII съезінде Елбасы айтты. Сол жылы шілде айында «Самұрық-Қазына» ұлттық қоры өзіне бағынышты компаниялардың акцияларын Қор нарығына шығару туралы бағдарламаны қабылдап, шілде айында Үкімет қаулысымен бекітілді. Содан кейін қор биржасында 2015 жылға дейін сатылымға шығатын акционерлік компаниялардың тізімі белгіленді. Бұл Қазақстан экономикасының төрттен бірін құрайтын активтер еді, яғни мұнай-газ құбырлары, электр желілері, темір жол, электрстансалар, ұшақтар, теңіз флоты саласындағы активтері болатын. Мемлекет бұл кәсіпорындарды өз бақылауында ұстап, халыққа акциялардың тек 5-15 пайызын сатуды ұйғарған-ды.

 «Халықтық IPO» не мақсатта өткізіледі? Біріншіден, бұл мемлекеттік кәсіпорындар жұмысының ашықтығын және оның қызметіне қоғамдық бақылауды күшейтуді көздейді. Екіншіден, Қазақстан азаматтары акционер болғаннан кейін олар компания иелерiнiң бiрi болады. Сондықтан ұлттық компанияларды басқаруға қатыса алады, яғни акционерлердің жалпы жиналысында стратегиялық шешiмдер қабылдау кезiнде дауыс беру мүмкіндігіне ие болады. Үшіншіден, халық артық ақшасын пайдаланудың жолын үйренеді, қаржы нарығында ақша сақтау диверсификациясын пайдаланады. Мысалы, депозиттерде ақша жақсы сақталады, бірақ оның айтарлықтай табыс әкелмейтіні белгілі, әсіресе шетел валюталарынан (жылына 0,8%) онша табыс келмейді.

Ал Үкімет үшін «Халықтық IPO» – экономиканы дамытуға халықтың ақшасын тарту тәсілі. Тартылған қаржыны ұлттық компаниялар өзін одан әрі дамытуға, қызметін жаңғыртуға және кеңейтуге салуға мүдделі. Бағдарламаның басты мақсаты – қазақстандықтардың жинаған қаржысын ірі компаниялардың акцияларына инвестиция ретінде салып, сол арқылы акцияларға иелік ету және осы бағдарламаны жүзеге асыру арқылы Қазақстандағы бағалы қағаздар нарығын дамыту.

 «Халықтық IPO» ерекшелігіне келсек, мұнда Қазақстан азаматтары ғана акционер бола алады. Алдымен жеке тұлғалар акция сатып алады, содан кейін қалған акциялар зейнетақы қорларына сатылады. Бұл – акция бағасының тым қымбаттап кетуіне жол бермейді. Әрі жинақтаушы зейнетақы қорлары акцияларды ұтымды сатып алса, келешекте зейнеткерлік салымның өсуіне, қорларды дамытуға, инвестициялауға мүмкіндік береді.

Әр акционер компания пайдасынан дивиденд алады. Акция бағасы өзгеріп отырады, оның бағасының өсуі кезінде жақсы пайда табуға болады. Алайда акциялардың ықтимал жоғары табыстылығының кері жағы да бар. Ол – тәуекелге бару. Компания жұмысы нашарлап, табысы азайған кезде акция бағасы да түсіп кетеді, сол кезде акция ұстаушы адам ұтылады. Сондықтан компанияны дұрыс таңдай білу керек. Таңдауды қор нарығы ұсынады, ал «Халықтық IPO» – қор нарығымен танысу үшін жақсы бастама.

Кезінде Үкімет аталған бағдарлама аясында еліміздің азаматтары осы Халықтық ІРО-мен барынша қамтылуы қажет екенін айтқан болатын. Жауапты мекемелерге ел азаматтарына акцияларды сатудың қыр-сырын барынша түсіндіру шараларын жүргізу тапсырылды. Атқарушы билік «Халықтың белсенділігі ірі инвесторларды тартады, олар біздің нарығымызға ірі қаржы әкеледі. Бұл біздің экономикамыз үшін маңызды» дегенді алға тартқан еді. Сондай-ақ «Халықтық ІРО» бағдарламасына ауыл шаруашылығы саласындағы компаниялардың қатысу мәселесі де көтерілген болатын.

 Бағдарламаға әлемдік нарықта өз орны бар компаниялар іріктеліп алынған еді. Атап айтқанда, 2012 жылы «ҚазТрансОйл», 2013 жылы «KEGOC», «Эйр Астана», «ҚазТрансГаз», «Самұрық-Энерго», «Қазмортрансфлот» ҰТКК» акционерлік қоғамдары, 2014 жылы – «Қазақстан темір жолы» ҰК», «Қазтеміртранс», 2015 жылы – «Қазатомөнеркәсіп», «ҚазМұнайГаз» АҚ енді.

2012 жылы «Халықтық IPO» бағдарламасына «ҚазТрансОйл» АҚ қатысып, жыл аяғында акциялар халыққа сатылды. Сол кездері жеке тұлғалардың ашқан брокерлік шоттарының саны 10 мыңнан асқан болатын. Бұл – «ҚазТрансОйл» компаниясының акцияларын, жалпы көлемі 5 млрд теңгеден астам қаржыға сатып алуға ниет білдіргендердің саны. Үкіметтің қаулысына сәйкес, «ҚазТрансОйл» АҚ-тың бір қарапайым акциясының құны 725 теңге болды. Акцияларға жазылу 6 қарашадан басталды және бұл 2012 жылдың 5 желтоқсанына дейін жалғасты.

Компанияның инвестициялық бағдарламалар басқармасының қызметкері Алмас Масалиннің айтуынша, қазіргі күндері «ҚазТрансОйл» АҚ «Халықтық ІРО» бағдарламасы шеңберінде 35 мың акция орналастырған. Өткен 8 жылда бір акцияға 974 теңге дивиденд төленген.

2014 жылы 18 желтоқсанда «Халықтық  IPO» бағдарламасының шеңберінде Қазақстан қор нарығында «KEGOC» компаниясының жай акцияларын бастапқы орналастыруы жүргізілді. Компанияның бір акциясы минус 10% көлеміндегі пакетті орналастыру туралы жарияланды. Әр акцияның құны 505 теңге деп есептеліп, барлығы 25,9 млн акцияны құрады. Акционерлер үшін акцияларды орналастырған сәттен бастап кірістілік 316%-ды құрады. Акционерлер үшін бұл салым сәтті болған, 2019 жылдың мәліметіне сәйкес, «Халықтық IPO» қатысушыларына 100,4 млрд теңге дивиденд төленіпті.

Жоғарыда айтқандай, ұлттық компаниялар акцияларының тек 5-10 пайызы ғана жеке адамдарға сатылымға шығарылады. Бұл – дұрыс шешім, өйткені «KEGOC» мекемесінде кейінгі жылдары жеке адамдардың акцияларын басқа мүдделі тұлғалар жаппай қымбатқа сатып алу фактілері тіркелген.

Есеп комитетінің тексерулері де біраз жайттың бетін ашты. «Халықтық ІРО» бағдарламасын 2011 жылы сол кездегі Экономикалық даму және сауда министрлігі мен «Самұрық-Қазына» қоры бекіткен. Бағдарлама 2011-2015 жылдарға есептелген, бірақ оның үштен бірі ғана орындалған.

Алғашында Қазақстан қор биржасына акцияларын орналастыру үшін 6 компания жоспарланған, оған тек екі компания ғана шығыпты. 2014 жылдың аяғында компаниялардың акция шығаруына дайын болмауы және «Халықтық ІРО» бағдарламасының индикаторлық талаптарының өзгеруіне сәйкес бағдарламаның орындалуы 2022 жылға дейін созылды. Соған қарамастан, жауапты министрліктің бұл бағдарламаның жүргізілуін дұрыс бақыламауы салдарынан ол өміршең болмай қалған, мақсат орындалмаған, соған байланысты оның маңызы да жойылған, дейді тексерушілер.

 Ал «Самұрық-Қазына» қоры 2011-2015 жылдар аралығында акцияларды қор биржасына орналастыру үшін берілген кеңестерге және жарнама мен халыққа түсіндіру жұмыстарына 2,2 млрд теңге жұмсаған. Сонымен қатар «ҚазТрансОйл» және «KEGOC» компанияларының акцияларын иемденушілердің қатарында жеке тұлғалар жылдан-жылға азайып отырған. Ал бұл факт бастапқыда айтылған «халықтық» мәнінің әлсірегендігін көрсетеді.

 2015 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығының құрылуына сәйкес, «Халықтық ІРО» бағдарламасы оның қарамағына өткеннен кейін қысқартылып, кейін мемлекеттік компаниялардің жекешелендіру науқанына кіріп кеткендігі белгілі болды.

2018 жылдың 13 қарашасында «Самұрық-Қазына» қоры «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы акцияларының қор биржаларына шығарылғанын хабарлады. Лондон және «Астана» биржаларына компанияның бағасы 451 млн доллар тұратын бағалы қағаздарының 15%-ы шығарылды, ол − 38,9 млн акция болатын. Сұраныс ұсыныстан 1,7 есе көп болған.

Қазақстандық инвесторлар жалпы акцияның 47,5%-ын иемденген. Жалпы, бұл IPO-да 49 шетел және 16 отандық заңды тұлғалар қатысқан, ал жеке адамдар, яғни қазақстандықтар саны – 2,7 мың адам.

Алдында сату бағасының шегі (диапазон) әр қағаз үшін 11,6-15,4 доллар аралығында болған, бірақ олар төменгі бағамен, яғни 11,6 доллармен сатылып кеткен. Инвестиция көлемі 17 млрд теңгені құраған.

Биржада «Астана» халықаралық қаржы орталығы арқылы инвесторлар 3,93 млн акция сатып алған, бұл барлық сатылған акцияның оннан бірі шамасында. Қаржы сарапшыларының айтуынша, бұл шара асығыс өткізілген, олай болмағанда инвесторлар әлдеқайда көп қатысып, акция бағасын көтеріп, инвестиция көлемін әлденеше есе көбейтуге болар еді.

Қазақстанның азаматы ретінде өзім де «ҚазТрансОйл» акциялары сатылымға шыққан кезде 100 акция сатып алған едім, бағасы 725 теңгеден болатын.

Брокерлік қызметті «Қазпошта» акционерлік қоғамы жүргізді. Сол кезде халыққа қолжетімдісі де, түсініктісі де осы қоғам болатын. Бірақ түрлі себептермен бұл мекеме брокерлік қызметін өз деңгейінде жүргізе алмады.

Брокер – ол қор нарығының қатысушыларының арасындағы кәсіпқой делдал. Брокерлік қызмет клиенттердің тапсырысы бойынша қор нарығында мәміле өткізіп тұрады және қаржы құралдарын ұйымдастырылған және ұйымдастырылмаған нарықта сату және сатып алу қызметтері, сақтау қызметі: шот ашу, сақтау, есеп, құқығын растау және мәмілелерді тіркеу сынды жұмыстарды атқаруы тиіс. Осы айтылған қызметтердің бәрі маған көрсетілген жоқ. Тек келісімшарт жасап, шот ашумен шектелді. Алматының орталық поштасында орналасқан штаттағы брокер саны екеу-ақ екен. Өздері тағы іздеген адам зорға табатын кеңсенің қуысында орналасыпты. Біз барғанда бірі жұмыстан шығып кетсе, екіншісі шаруамен сыртта жүр екен. Әупірімдеп жүріп, олардың компьютерінен өзімнің шотымның үзіндісін зорға алдым. Онда 8 жыл бойы жиналған дивиденд 89 971 теңгені құрапты. Олармен соңғы байланысым 2017 жылдың 18 наурызында болыпты. Сонан кейін хабар жоқ. Негізі мен жыл сайынғы акция туралы мәлімет алып тұруға тиіс едім. Бірақ акция қымбаттағанда оны сатып немесе арзандағанда сатып алу мүмкіндігі менде болмады. Сондықтан қор биржасында брокерлердің өз міндетін дұрыс атқармағандығына байланысты бұл нарықта ойыншы бола алмадым. Ендігі менің шешімім қаржы нарығындағы басқа брокерлік компанияға ауысу, яғни дер кезінде керекті ақпаратты беріп, кеңес беретін делдалдармен жұмыс істеу. Мысалы, доллармен салған депозит банктерде қазір 0,8 - 0,9 пайыз ғана, ал мен сатып алған акция бағасы 725 теңгеден бүгінгі күндері 1 003 теңгеге өскен, оған қосымша дивиденд бар, жылына екі рет акцияңызды сатып немесе сатып алып отырсаңыз, тағы пайда түседі.

Сондықтан «Халықтық ІРО» бағдарламасына қатысушылар үшін брокерлік компаниялардың рөлі бөлек екен. Қазақстанда брокерлік қызметті 20-дан астам компания жасайды. Олардың ішінде үздік бестікке кіретіндер «Қазпошта» АҚ, «Фридом Финанс», Халық банкке қарасты Halyk Finance, «Центркредит» банкінің BCC Invest, QazKom тобына қарасты «Казкоммерц Секьюритиз» компаниясы.

«Қайтып келген малдың қайыры бар» дейді қазақ. Осыдан 6 жыл бұрын тоқтап қалған «Халықтық IPO» қайта жаңғыруда. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың Үкіметке берген тапсырмасы өте орынды. Енді «Халықтық IPO» өзінің жалпы түсінігінде мемлекеттің ұлттық байлығын олардың азаматтары арасында бөлу деген басты қағидатын мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар мен қаржы институттары дұрыс орындап, жүйелі жұмыс жүргізуі керек.

 

 Атамұрат ШӘМЕНОВ,

экономика ғылымдарының докторы