Қазақстан • 08 Сәуір, 2021

Туристік нысан салған кәсіпкерлердің шығындары өтеледі

325 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Енді туризм саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау заң аясында іске асырылады, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Туристік нысан салған кәсіпкерлердің шығындары өтеледі

Күні кеше сенаторлар қабылдаған заңға сәйкес бұдан былай мемлекет туристік әлеуеті жоғары аумақтарда нысан салған кәсіпкерлер үшін инвестициялық жеңілдіктер қарастыруға міндетті. Ондай арнайы аймақтардың тізімі жеке бекітіледі. Ал, кәсіпкердің құрылысқа салған инвестициясының көлемі 200000 еселенген АЕК мөлшерінен асуы керек. Сондай-ақ, мемлекет жол бойында қызмет көрсету саласындағы шығынның бір бөлігін өтеуді және туроператорлардың шығыстарын субсидиялауды да өз мойнына алады.

«Елімізде туризм саласын дамыту маңызды мақсаттардың бірі. Бүгін қабылданған заң осы бағытта кешенді заңнамалық негіз қалыптастырады. Соған сәйкес қаржылай қолдау тетіктерінің де ауқымы кеңейді. Олардың қатарында инвестициялық жеңілдіктер, туристік қызметті ынталандыру, сырттан туристер әкелетін туроператорлардың шығындарын субсидиялау сияқты басымдықтар бар»,  деді Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік, мұндай жаңа нормалар бүгін Сенат отырысында қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда жазылған.