ӘЛЕМДІК БІЛІМ ҮРДІСІНЕ АПАРАТЫН ЖОЛ
Биылғы Президент Жолдауында 12 жылдық оқыту моделін табысты ұйымдастыру туралы айтылғаны белгілі. Бұл міндетке орай, “Институт-мектеп” ғылыми-педагогикалық зерттеу орталығының негізгі міндеттерінің бірі – болашақ педагогтың 12 жылдық мектеп құрылымы мен мазмұнына сай қызмет етуге дайындау болып есептеледі.
Институт қаражатына “12 жылдық білім жүйесінің педагогикалық-психологиялық негіздері” деген оқу-әдістемелік құрал баспадан шығарылды. Бұған қоса 12 жылдық білім беру жүйесінің нормативті құжаттарының макромедия флеш бағдарламасы сызбалар жинағы дайындалды. “12 жылдық білім беру және интерактивті оқыту технологиясы” атты мектеп мұғалімдері мен студенттердің кәсіби біліктілігін көтеру курстары ұйымдастырылып, 96 тыңдаушыға сертификат берілді. Жыл сайын 3-4 курс студенттері мен мұғалімдік қызмет атқарып жүрген институт түлектеріне арналған курстар циклы ұйымдастырылуда.
Орталық атқарған ауқымды жұмыстың тағы бірі – “12 жылдық білім беруге көшуді оқу-әдістемелік қамтамасыз ету мәселелері” атты республикалық ғылыми-практикалық конференция дер едік. Алқалы жиында ғалымдар мен мұғалімдер жаңа оқыту жүйесі жайлы тәжірибе алмасып, алдағы жұмыстарды талқылады. Өткен жылы Тараз қаласында “12 жылдық білім беруге көшу жағдайында мұғалімдерді кәсіби-педагогикалық дайындау нормативінің қамтамасыз етілуі” атты республикалық семинар-кеңесте аталмыш орталықтың атқарған жұмыстары бойынша көрме (баннер, оқу-әдістемелік құралдар) ұйымдастырылды.
Мұғалімдік мамандыққа бейімдеу бағдарламалары (бейімалды даярлық бағдарламасы – 5-9-сынып, бейімдік оқыту бағдарламасы – 10-11 сынып) дайындалып, ғылыми кеңесте бекітілді. Биыл үш тілде оқытылатын №21 мектеп- гимназиясында осы бағдарламалармен жұмыс басталды. Соңғы үш жылдағы “Институт-мектеп” ғылыми-педагогикалық зерттеу орталығының үздіксіз айналысып келе жатқан зерттеулерінің бірі мектепалды тобының жұмысы болатын. Атап айтқанда, мектепалды даярлық тобына педагогикалық кадр дайындауды жетілдіру мақсатында “Мектепке дейінгі тәрбиені оқыту” мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттер арасында “Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту” стандарты талқыланды. Студенттер мен тәрбиешілерді мектепалды дайындық топ пен шағын орталықтар жұмысындағы ерекшеліктермен таныстыру, біліктіліктерін арттыру мақсатында курстар ұйымдастырылып, сертификаттар берілу үстінде. Мұның бәрі мектепке дейінгі тәрбиені жақсарту жолындағы ізденістер еді.
Иә, онжылдыққа межеленген Жолдауында Президент үздіксіз білім беру жүйесін жетілдіруді кешенді қарастырып, мектеп жасына дейінгі оқыту және тәрбиелеу деңгейін жетілдіру үшін “Балапан” бағдарламасын жасауды тапсырды. Бұл да 12 жылдық оқыту моделінің табысты болуының негізгі шарттарының бірі. Сонымен қатар, енді осы бағдарламаға сүйеніп, мектепке дейінгі мекемелерге кадрлар дайындауға қатысты өз шешімін табатын болады. Біз қазір ғылыми-педагогикалық зерттеу орталығына серпін бере бастадық. Президент өз Жолдауында: “Ғылымды басқарудың жаңа кезеңіне, яғни ғылыми мекемелерді басқарудан ғылыми зерттеуді басқаруға көшу керек”, деді. Осы нұсқауды біз басшылыққа алып отырмыз. Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ұжымы осы бағытта да келелі жұмыстарға жұмылуда. Мысалы, бізде түлектерді жұмысқа орналастыру оң шешімін тауып келеді. Әлеуметтік серіктестік бағытындағы ұмтылыстарымыз республиканың басқа жоо-ларына үлгі бола бастады. Соңғы жылдары институтты бітіргендерге Атырау облыстық және қалалық, аудандық білім бөлімдерінің басшылары “құда” түсуді үрдіске айналдырды.
Президент: “Біз білім-ғылым саласында бәсекеге қабілетті болмасақ, өз мақсатымызға жете алмаймыз. Барлығы мектептен, ал Қазақстан үшін ауыл мектебінен басталады”, деген болатын. Осы сөздерді басшылыққа ала отырып, институт студенттері республика жастарына ауылға бет бұру туралы үндеу тастаған еді. 3 жылдан бері түлектеріміз өз еңбек жолдарын ауыл мектептерінен бастауды дәстүрге айналдырды. Оларға Үкіметтің 2009 жылы “Ауылдық елді мекендерге келген жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету” туралы қаулысының талаптарына сәйкес және жергілікті әкімдіктер тарапынан бірқатар әлеуметтік жеңілдіктер жасалып жатқанын айтуға болады. Айталық, былтыр бітіргендердің ішінен мұғалім кадрлар жетпей жатқан елді мекендердегі мектептерге барған жас мамандарға 16 үй, 161 жалдамалы пәтер, 29 қызметтік үй берілді. Әрқайсына 4000-8000 теңге көлемінде коммуналдық төлемақы, тегін медициналық қызмет көрсету, т.б. әлеуметтік жеңілдіктер, ең бастысы – ауылға барған әр жас маманға 90 мың теңге көлемінде көтерме төлемақы тағайындауға қол жетті. Өткен оқу жылында облыс әкімі Е.Сағындықов “Елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек” деген ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы ұстанымын басшылыққа ала отырып, 33 ұстазға пәтер кілтін табыстады, оның 14-і қала мектептерінің мұғалімдері болса, ал 19-ы ауыл мұғалімдері еді. 14 пәтер ауылдық жерлерде қызмет етіп жүрген жас педагогтар еншісіне тиді. Осы бағыттағы жұмыстардың тағы бір шоғырын қазір қарастырып жатырмыз. “Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, мен жастарға сенемін” деп Алаштың біртуар ақыны Мағжан Жұмабаев айтқандай, елдің алтын бесігі саналатын ауылға жас мамандардың баруы, бұл жастардың елге, туған жерге деген сүйіспеншілігінің оянғанын, кіндік қаны тамған ауылдан алыстамай, өркендетсек деген патриоттық сезімін көрсетеді.
Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының әрбір оқытушысы мен студентінің өз ісіндегі биік деңгейлі жауапкершілігі, жұмыс сапасын жақсартуға деген қызу құлшынысы және оқу-тәрбие ісін ұйымдастыру мен оның сапасын көтеру мәселесінің тиісті деңгейде шешілуі студенттер құрамының сапасына тікелей байланысты екендігі белгілі. Соның бір көрінісі – қазіргі уақытта институт студенттерінің 60 пайыздан астамы мемлекеттік білім гранты негізінде оқиды. Өткен оқу жылында 63 студентіміз ақылы бөлімнен бюджеттік бөлімге ауыстырылды. 55 студентіміз облыс әкімінің грантын иеленді, олардың 13-і жетім, 11-і толық емес отбасынан. 31-і табысы аз отбасыларынан шыққан студенттер еді. 5 студентіміз атаулы стипендиялар иегерлері, 12 студентке ректор стипендиясы тағайындалды.
Тағы бір айтарым, биылғы оқу жылында ата-анасынан айырылған 42 студентке қаржылай көмек көрсетілді. Мысалы, қыз балаларға – 48900 теңгеден, ер балаларға – 43300 теңгеден, барлығы 2 миллион теңге көлемінде бір жолғы жәрдемақы тапсырылды. Бұған қоса институт оқытушыларының бастамасымен қаржылай, киім-кешек түрінде қолдау көрсеткендер бар. Биылғы оқу жылына әлеуметтік жағдайы төмен 18 студентке оқу төлемақысы бойынша 1,5 миллион теңге көлемінде жеңілдік қарастырылды, 8 жетім студент институт асханасынан тегін тамақтанады.
Ақылы негізде оқитын әлеуметтік жағынан аз қамтылған үздік студенттерге Ә.Молдағұлова, Ы.Алтынсарин атындағы атаулы стипендиялар тағайындалды. Балалар үйінің тәрбиеленушілеріне (9 студент) бюджеттен тыс қаражат көздерінен институт асханасында тегін тамақтану ұйымдастырылды. 36 студентке оқу ақысын төлеуде жеңілдіктер жасалса, оның 15-і оқу ақысын төлеуден толықтай босатылды. Институттың бюджеттен тыс қаражат көздерінен 26 студентке 3000 теңге көлемінде стипендия тағайындалып, мемлекеттік тілді жетік меңгерген 8 студентке арнаулы стипендия беріліп келеді. Институттың қоғамдық өміріне белсене араласқан студенттер де назардан тыс қалмайды. Ата-анасы жоқ студенттер мен магистранттар жатақханада тұру ақысын төлеуден толық босатылды.
“Мәдени мұра” бағдарламасы аясында Ақтөбе өңірінде өмір сүрген ақын-жыраулар мұрасын 10 том етіп республикалық деңгейде шығаруды қолға алдық. Нұрпейіс Байғаниннің жаңа жинағы Алматыдағы “Арыс”баспасынан жарық көрсе, XІX ғасырдың екінші жартысында осы аймақта өмір сүрген қазақтың мықты ақындарының бірі, тәуелсіздік жыршысы Сарышолақ Боранбайұлының, атақты эпик Жөкей Шаңғытбайұлының шығармалары тұңғыш рет оқырмандарға ұсынылды. Келесі кезекте Мөңке би Тілеуұлы, Әбубәкір Боранқұлұлы, Әкімәлі Қаржауұлы, Ақпан Әйтбекұлы, т.б. танымал тұлғалардың туындыларын біріктіретін екі томдық жинақты құрастыру жұмыстары аяқталды. “Ғибрат” атты кітапқа Мөңке бидің, Әбубәкір Кердеріұлының және Сары Батақұлының шығармалары топтастырылып, ол қалың қазақ қолына тиді. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар жалғасын таба береді.
Мұндай рухани құндылықтар жастарға біліммен бірге тәрбие беруге, халқымыздың қадірін арттыратын факторды танып білуге, тәлімін алып, тағылымын үйренуге өлшеусіз үлес қосатыны, отаншылдың сезімді оятуға септігін тигізетіні сөзсіз.
Жалпы, әлемдік білім беру үрдісінде 12 жылдық оқытудың орны ерекше. Біз бұл білім үлгісін елдік дәстүрмен ұштастыра отырып орындауды қолға алып отырмыз. Елбасы Жолдауының негізгі бағыт-бағдары да осыны міндеттейді.
Ғалымжан НҰРЫШЕВ, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор.