Қоғам • 08 Сәуір, 2021

Nur Otan қазақстандықтардың кез келген өтінішіне құлақ асады

118 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 43 мыңнан астам өтініш түскен. Олардың ішінде ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін қолжетімді орта жасау, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету, еңбек құқықтарының бұзылуы секілді мәселелер бар, деп хабарлайды Egemen.kz.

Nur Otan қазақстандықтардың кез келген өтінішіне құлақ асады

«Nur Otan» партиясының баспасөз қызметінің мәліметінше, партия кішігірім өтініштердің өзінен бас тартпай, тұрғындардың барлық сұраныстарын шешуге көмектеседі.

Мәселен, Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауданының тұрғыны «Nur Otan» партиясына отбасын ажырасудан сақтап қалуды сұрап, өтініш білдірген. Өз кезегінде партияның қоғамдық қабылдауында заңгерлер мен медиатордың тегін қызметтері ұсынылды. Нәтижесінде ерлі-зайыптылар татуласты.

Атырау облысында нұротандықтар ер адамға жұмыс табуға көмектесті. Жұбайынан айырылып, екі баласымен жалғыз қалған ол пандемияға байланысты жұмыстан да шығып қалған. Тұрғын «Nur Otan» партиясының Жылыой аудандық филиалына келіп, бос жұмыс орындарын іздеуге көмек көрсетуді сұрады. Нәтижесінде партиялықтар оған автобус жүргізушісі болып жұмысқа тұруға көмектесті.

Алматы облысында Қарасай ауданы Әйтей ауылында тұратын зейнеткер Марал Өмішева 5 жыл бойы жергілікті билік органдарынан үйінің жанындағы жоғары кернеулі электр колонкасын учаскеден тыс жерге шығаруға көмек сұрап келген. Зейнеткер осы мәселе бойынша «Nur Otan»-нан көмек сұрап келіп, партияның араласуынан кейін ғана мәселе оң шешімін тапты.

Таразда партия өкілдері I топтағы мүгедек Рауан Рауылбековке әлеуметтік жәрдемақы бойынша 3 айлық қарызын алуға көмектесті. Бұл жағдай оның қажетті құжаттарды уақытында тапсырғанына қарамастан орын алған.

«Партияға келмес бұрын мәселемді алға тартып, әртүрлі деңгейдегі 5 мекеменің өкілдеріне бірнеше рет бардым. Бірақ одан ешқандай нәтиже болмады. Сосын әлеуметтік желіден «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесі бар екені және онда азаматтарды түрлі деңгейдегі басшылардың қабылдайтыны туралы хабарландыруды кездейсоқ көзім шалып қалды. Осылайша, 3 айдан астам уақытқа созылған мәселемді 3 күнде шешіп берді», деді Рауан Рауылбеков.

Сонымен қатар «Nur Otan» белсенділері қыс бойы зейнеткерлерге, ардагерлерге және ерекше қажеттіліктері бар адамдарға аулаларды қардан тазалауға, ал көктем шыққалы жеке үй-жайларының маңын еріген қар суынан аршуға көмектесті.

Өткен жылы «Nur Otan» қоғамдық қабылдауына 393 мыңнан астам өтініш түсті. Бұл ретте 5 жыл ішінде партияға 1,2 млн адам жүгінсе, оның 423 мыңнан астамы – онлайн-форматта. Олардың 92% оң шешімін тапты, тегін консультативтік, құқықтық және өзге де көмек көрсетілді.

«Халыққа көмек» жобасы аясында заңгерлермен, адвокаттармен, медиаторлармен және нотариустармен тегін консультативтік онлайн-кездесулер ұйымдастырылды. Сондай-ақ, отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша «111 шұғыл қызметі» арнайы байланыс орталығы іске қосылды.