«Биылғы жылдың қаңтар-сәуір айларында облыстағы еңбек қатынастарының ахуалы тұрақты болып, еңбек шиеленістері тіркелген жоқ. Дегенмен, жекелеген кәсіпорындарда жұмыскерлердің тарапынан жалақыны көтеру мәселесіне қатысты әлеуметтік желілер, ұжымдық арыздар арқылы өз талаптарын білдіру фактілері «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде және «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының облыстық филиалының Талас, Қордай және Тараз бөлімшелерінде орын алған. Бұл мәселелерге қатысты жұмыскерлермен тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жұмыскерлердің талаптары ішінара қанағаттандырылды», дейді Қайрат Әскербекұлы. Биылғы жылдан бастап республикалық үшжақты комиссия шешімімен «Еңбек тәуекел картасы» апта сайын мониторингтен өткізіліп, тұрақты бақылауға алынған. Бұл бағытта басқармамен облыстың «Ыстық нүкте» картасы әзірленіп, оған еңбек даулары туындау қаупі бар 45 енгізіліп, тұрақты түрде жұмыстар жүргізіліп отырады.
«Биыл аймақта еңбек инспекторларымен жеке және заңды тұлғалардың 300 арыз-шағымы қаралыпты. Ол бойынша 20 тексерулер ашылып, еңбек заңнамасын бұзудың 16 фактісі анықталған. Ал, жалпы соммасы 889,7 мың теңгені құрайтын 7 айыппұл салынса, орындалуы міндетті 9 нұсқама берілген. Бұдан бөлек, тексерістер ашпай, жұмыс беруші мен жұмыскерді табыстыру шаралары арқылы 14 жұмыскердің мәселесі оң шешімін тапты», дейді басқарма басшысы. Инспекция тарапынан әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру, яғни E-HR жүйесіне еңбек шарттарын енгізу жұмыстары жүзеге асуда. Бүгінде облыста 10 048 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Оның бүгінгі күнге 5651-інде 189 178 жұмыскердің еңбек шарттары электронды форматқа ауыстырылған.