Әдебиет • 08 Сәуір, 2021

Қажығұмар: Ол кім, қандай адам?

2145 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Қажығұмар Шабданұлының 6 томдық «Қылмыс» романы елімізде басылғаннан кейін ол да біздің әдебиетіміздің бір биігі деп айта бастадық. «Әттең-ай, тағы бір ұмтылсақ, бұл жазушының әлемдік әдебиеттегі орнын да бекітіп алар ма едік» деген өкініш ішімізде жатқанын несіне жасырамыз? «Ақсақалдың қолына су құйғам, шапанын көтеріп жүргем» дейтін Алмас Ахметбекұлымен осы жөнінде біраз ой бөліскен едік. Кездесуімізге жазушының қазір Алматыда тұратын қызы Жайнар Қажығұмарқызы да келді. Мен алдымен қырық жыл өмірі қапаста өткен қаламгердің түр-сипаты мен жүріс-тұрысы қандай болғанын сұрадым.

Қажығұмар: Ол кім, қандай адам?

«1980 жылы біз университет бітіріп келгенде Қажығұмар Шәуешекте болатын, деді Алмас Ахметбекұлы оның түрі-басын көз алдына келтіре отырып. – Соңғы рет қамауға алынғанға дейін Шәуешек халқының жоғары деңгейіндегі дерліктей құрметіне ие болып жүрді. Партия же­текшілерінен бастап, қарапайым азаматтарына дейін ол кісіні Шәуешек халқының символы, Шәуешек мәдениетінің феномені ретінде сыйлады. Біз Қажекеңнің үйіне барам дегендерді ертіп барамыз, қашанда есігі ашық тұрады. Ол кезде «Қылмыс» романының екі кітабы 30 мың тиражбен шығып кеткен. Бүкіл әңгімесі, сұхбаты тек қана ұлттық мүдде мен ұлттық арман-мұрат қана болатын. Өзі орта бойлы, жұқа, аққұба кісі. Шашы ақ, қыр мұрынды, көзі өткір, келбетті, қаршығадай. Тап-таза киініп, тік жүреді. Адамдарға тік қарап сөйлейді. 1986 жылдың желтоқсанында «Кеңестік барлау қызметімен бірлесіп, Шыңжанда «Үміт» деген партия құрған, қазақтардың сеператистік бағыттағы қызметін ұйымдастырған» дейтін жаламен қамауға алынған. Содан кейін ол кісіні көрмедім.

– Ал ендеше, Жайнар, «көзімді ашып көргенім» дегендей, ол кісінің жарық дүниедегі жарығысың. Қажыағаңды біреуміз көрдік, біреуміз көрмедік, бет-бейнесін, болмыс-бітімін сен айтшы онда.

– Алмас ағамыз айтқандай, жұқалтаң келген кісі болатын, – деді Жайнар Қажығұмарқызы да іркілмей. – Орта бойлы, аққұба, шашы ақ, «студент кезімде-ақ ағарып кеткен» деп айтып отыратын, артына қарай қайыра тарайтын.

– Ұсталып кеткен кезі есіңде ме?           – Түскі тамақ кезінде көп адам келіп, үйді ақтарып-төңкеріп, ешқайсымызбен сөйлестірмей алып кетті.

– «Шашын артына қарай тарайтын» дегеніңе қарағанда, түрмеде отырса да сәнқой болған ғой...

– Ол жағын жібермейтін енді. Кірпияз, әр нәрсеге ұқыпты. Өзінің кітап бөлмесіне кіріп кетсе, тамаққа шақырып алу қиын болатын. Есімде қалғаны, шешем екеуміз әр жылы тек абақтыға барып көре алатын едік. Бетпе-бет отырып, 20-30 минут сөйлесеміз. 15 жылдың 13 жылын Үрімжі түрмесінде өткізді. 2000 жылдары үйге қайтты. 6 жасымнан студент болғанға дейін әкемді жылына бір-екі рет қана көру маған да оңай емес. Жан азабын да, тән азабын да тартып, жетпістің жуан ортасына келгендегі еңкіш тартқан кезі көз алдымда тұрады да қояды.

– Еңбекқорлығы қалай еді? Жазуды қай кезде жазатын?

– Тұрмыста өте ұқыпты еді. Артық ұйқы, артық тамақтану деген жоқ. Ги­гиеналық тазалыққа өте қатты мән беретін. Алдына кітаптарын жайып тас­тайды, біреуіне тиісе алмаймыз, орнын ауыстыруға болмайды. Түрмеде жазғандарын қағаз қиықтарына жазған. Оны біз түрмеден алып шыққанбыз. Жазғандарын шиыршықтап орап, менің жеңіме салып жібереді. Бала деп мені тексермеуі мүмкін. Емін-еркін кіріп-шыға беремін. Үндемей алып шығамын. Бала болсам да өзімнің қулығым бар. Кел­ген соң не­гіз­гі жұмысымыз сол қағаз қиық­тарын рет­­теу болды. Анам қайтадан кө­шіріп жаз­­ды.

– Сол қағаз қиықтарындағы жазулар енді кітап болып шықты. Оның жайын Алмас Ахметбекұлы жақсы білетін болар. Алмас, кітаптың қалай басылып шығып жатқанынан хабардар ме едіңіз?

– Қытайда 3 томы шықты, 2 томы тарады. Үшіншісін баспадан жинап алып өртеп жіберді. Баспаханада істейтіндердің қолында мұқабасы жасалмаған, тек түптелгендері ғана кетіпті. Мұқабалап үлгермей, түптеліп жатқанда бұл кісі қамауға алынды.

– Қазақстанда 6 томдықты қалай шы­ғар­дық?

– Шәуешектен шыққан жазушылар – бір шоғыр. Солардың ішінде ең үлкен прозаик деп осы кісі мен Қабдеш Жұмаділовті айтуға болады. Жазғандарының бәрін Қаб­­деш ағаға жіберген. Кейін Қабдеш аға­мыз Шәуешектен келген біз секілді азамат­­тарға «мынаны не істейміз?» деді. Талғат Мамыр, Асқар Жакулин секіл­ді бір топ азамат ұйымдасып, 6 том­дық қолжазбаны түгел қайта тергізіп, Қаб­деш ағамыз қай­тадан редакциялап, Дүние­жүзі қазақтары қауымдастығына өткізіп, ол жерде үш жылдай жатып, сосын Қабекең мемлекеттік бағдарламаға кіргізіп, 2009 жылы Дүниежүзі қазақ­тары қауымдастығының жанынан мем­лекет­тік тапсырыспен шығарылды. Көлемі жағынан 6 томдық роман қазақ әдебие­тінде жоқ. Алты том бойы бірінші жақпен баяндайды. Бір кейіпкер сөйлеп отырады.

Осы алты томды оқып шыққаннан кейін Оразбек Сәрсенбаев ағамыз: «6 том  – қазақ әдебиетінің аса ауқымды қазынасы. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолының»
4 томдығы қазақтың 50 жылдық тарихын Абай арқылы берсе, мына 6 томдық қазақ даласына қызылдар келгеннен бастап, тағы да 50 жылын қамтиды» деді.

– Кіріспесінде Қабдеш Жұмаділов: «Кеңес Одағында Сібір азап болса, Қы­тайда Тарым тозақ болды» дейді. Қане, ал­ты томның әрқайсысында не жазылғанын таратып айтып берейікші.

– Бірінші томында Қазақстандағы аштықты және зұлматтан қашқан қазақ­тардың Шәуешекке, қытай жеріне қа­лай барғанын жазады. Екінші томында ше­карадан ауып барған ағайынның сол жаққа қалай сіңгені, сондағы жан­кеш­тілігі суреттеледі. Үшінші томын­да Шыңжандағы қазақтардың ұлт­тық көтерілісі, Шығыс Түркістан респуб­ликасының құрылуы, кейін оның коали­циялық үкіметке айналуы айтылады. Төртінші томында Шыңжанға қызыл өкі­меттің келуі көрсетіледі. Бесінші томы бүкіл Қытайдағы кәмпескелеу, таптарға бөліну туралы болса, алтыншы томына Қытайда жүргізілген мәдениет төңкерісі арқау болады. Сонда бұл жиырмасыншы жылдан жетпісінші жылға дейінгі 50 жылдық тарих болып отыр.

– Ал неге «Қылмыс» деп аталған?

– Бас кейіпкер Биғабылда өмір сүруге деген құштарлық пен аяғымды тік басып, еңсемді көтеріп жүрсем деген талап қана бар. Бодан, кіріптар халықтың кез келген өкілі дұрыс өмір сүрем десе, сол – қылмыс. Өмір сүруінің өзі қылмыс. Бүкіл 6 томда айтайын деген ең басты өзегі осы. Ол кезде мен «Тарбағатай» деген журналда істеймін, Қажекеңмен сұхбаттасып жүрдім. Мына 6 томдағы оқиғаның 25 пайызы өзінің басынан өткен, төрттен үші менің жанымдағы адамдардың басынан өткен. Кітаптың барысы өмірде бар кейіпкерлерге құрылған. Тіпті жағымсыз кейіпкерлердің аты-жөніне дейін білеміз. Қажекең біздің ғана емес, 80-жылдардағы Шыңжандағы қазақ жастарының рухани жаңғыруының себеп­шісі болды. Романдағы кейіпкері қан­дай болса, өмірдегі жазушылығы да, тұрмыс­тағы сипаты да сондай болатын ол кісінің.

– Алты томдықты оқып шыққаннан кейін бір күлемін, бір ішімнен тынамын. Мынандай эпизоды бар: «Бұлар біздің үйде бәленбай жыл бұрын жоғалып кеткен ұршықты тауып алыпты. «Мынау ұршық сіздердікі емес пе?» деп артына тығып ұстап тұрып сұрады. Бұл солдаттар келгеннен кейін елдің жоғалып кеткен заттары өзінен-өзі табыла бастады. Бір күні біздің тезек кептіріп жатқанымызды көріп, «бұны не істейсіздер» деп сұрады. «Отқа жағамыз» дедік. Таңертең бірдеңе тарсылдайтын сияқты. Далаға шығып қарасақ, көшедегі тезектер біздің аула­мызға тарсылдап жауып жатыр. Бұлар қандай жақсы әскер» дейді. Шығыс Түркістанды құлататын кезді қалай шынайы суреттеген десеңізші. Қысқаша айтқанда, шекараның арғы-бергі бетіндегі бар қазақтың басындағы қуғын-сүргіннің тарихы деуге болады.

 – Бірде «Нешіншісін бітірдіңіз?» деп сұрадым. 3-томын аяқтаған екен. Әрі қарай жалғастырып өзі айтты. «Шығыс Түркістан Республикасының мүшелерін кеңестік ұшақпен құлатып, өлтіріп бітірдім. Біздің өкімет мүшелеріміз «Рахметжан Ысқақбек, Әбдікәрім Аббас, Дәлелхан Сүгірбай, осылар ұшақтан оқыстан құлады» деп халыққа естіртеді. Сонда халықтың арасынан: «Әй, өлтірді-ау, әй, түбіне жетті-ау» деп жоқтай бастайды. Сосын соларды белсенділерге сабатамын. Биғали да барып әлгілерді «коммунистерге жала жаппа» деп сабай бастайды» деп айтып берді.

– Жайнар жаңа анасы екеуінің жазу­шының қолжазбасын түрмеден қалай алып шыққандарын айтты. Үйде бол­ған­да жазғандарын көшіріскен, қамау­да жат­қанда қолжазбасын алып шыққан. Осының бәрін істеген анасы қандай жан болғанын Жайнар­дың өзі айтсыншы, қане?

– Анамды батыр ана деуге болады. Есімі құжат бойынша Бақаш, бірақ бәрі Бақыш дейтін. Әкем тек жазумен отырады. Ішкі, сыртқы жұмыстар тек анамның мойнында. Мамандығы дәрігер еді. Ма­ған қарай­­тын адам болмаған соң, ертерек зейнет­­ке шық­ты. Үйде әкемнің бар жағ­дайын жаса­ды.

– Қабдеш ағамыздың айтуынша, Қажы­ғұмар Шабданұлы 40 жылдан астам түр­меде отырған. 20 жылдай Тарымда, 15 жылдай Үрімжіде, 10 жылдай үйқамақта. Сонда бұл кісілер қай кезде танысып жүр?

– 1978-79 жылдары Тарымнан ақ­талып шығып, Шәуешекке келеді. Үй-күйі жоқ, қарындасының үйінде тұрады. Сол кезде менің шешем 4 баламен жесір қалып отыр­ған кезі екен. Яғни менің әкемнің інісі Әжі­ғұмар­дан жесір қалған. «Інімнің балаларын жетім­­сіретпеймін» деп, әмеңгерлік жол­мен алады. Одан кейін мен өмірге кел­дім.

– Әлеке, ол анамызды сіз де көрген болар­сыз?

– Иә, әрине. Сыпайы, биязы кісі. Қаже­кеңнің романдарындағы кейіпкер­лер­дің әрекет­терін айтып, бәрімізді күл­діріп отыратын. Ешкімнің жанына тимей жұм­сақ қана күліп әзілдейтін.

– Ол жақтағы үй-тұрмыс жағдайлары қалай болды?

– 1980 жылы келгеннен кейін бұл кісіні кәсіптік жазушы деп, мәдениет басқармасының штаттық кадры ретінде жалақысын беріп, үйінде отырғызып қойды. Сол кезде бетон үйдің 1-қаба­тынан 3 бөлмелі үй берді. Үй салып беретін болып, 100-200 шаршы метр үйге қаражаты бөлініп, енді құрылысы баста­латын кезде бұл кісі тағы ұсталып кетті.

– Жайнар, алты том романның қан­шасы бостандықта, қаншасы түрмеде жазылды, қаншасы үйқамақта жазылды?

– Алғашқы 3 томы бостандықта жазыл­ған, қалған 3 томы түрмеде жазылды.

– Алмас, түрменің аты бәрібір түрме. Оның үстіне Қытайдағы жағдайды неше түрлі етіп төндіріп айтады. Сонда бұл кісі      өліп қалмай қалай шыдаған, оны қойып қалай роман жазған?

– Екінші рет түрмеге түскенде бір топ адаммен Шәуешекте қамауға алын­ды. Шәуешек қаласының аппарат бастығы Майқан Жайсаңбай, содан соң Мырзағали Қайыңбай деген ақ­сақал, тағы да бір-екі кісі қоса қамал­ды. Бұларға тағылған айып – «Алашор­дашылардың мұрагерлері» делінді. Сонда түрме басшылығындағы қазақтар: «Бұл кісі біздің түрмеде өлмеу керек. Егер осы түрмеде өлсе, мына түр­мені басқарып отырған қазақтардың бетіне шіркеу болады», деп өздері жиналыс ашады. Сағидолла деген дәрігер Қажекең қара жұмысқа шықпас үшін медициналық анықтамалар беріп, кеңдеу бөлмеге қалдырып, тамақтануына мән беріп, шамасы келгенше күтім жасаған.

– Өмірдегі болмыс-бітімін сіздерден әдейі сұрадым. Өйткені бұл кісінің жазу­шы­лығынан темірдей тәртіптің адамы екені көрінеді. Бір таңғалғаным, 6 том тұрмақ, 1 том жазғанның өзінде адам шата­сады. Ал мына 6 томның ішінде кейіпкерлердің бірде-бірін шатастырмайды.

– 2-томдағы белсенділер 5-томда да әлі Қажығұмардың артына түсіп жүреді.

– 1-томдағы кейіпкерлер 2-3-томдарда да оралып отырады. Роман бір-бірінен үзіліп қалмайды.

– Біз үшін тағы бір кереметі – 30-жыл­дардан 70-жылдарға дейін 4 өкімет ауысып кетті. Сол 4 өкіметтің шығарған қау­лы-қарарлары да еш жаңылмай, тарихи дәйек ретінде романға кіргізілген.

– Сондай ұқыпты, жинақы, тәртіпті адам болған екен-ау. Осыны бізге жет­кізіп айтып берген, Жайнар, саған да, Алмас, саған да рахмет!

 

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК

P.S. Қажығұмарды елге әкелуге әрекет жасалмаған жоқ, жасалды. Қуаныш­ты хабардың шетін естіп, күтіп отырдық. Бірақ «Қытай жағы бұлтартпас бір құжаттарды көрсетіпті» деген сыбыс  шықты. Сол сыбыс хат ұйымдастырушылардың бірі болғандықтан біздің де құлағымызға жетті. Жоғарыдағы әңгімелерге қарағанда, соның жаны да бар сияқты. Қажығұмар басымен қалай тыныш отырады. Ол үлкен күрестің ішінде болған тәрізді. Ондай адамды Қытай өлсе жібере ме?!.

Қажығұмар Шабданұлының өзі де сондай тағдырлы адам, ол жазған «Қылмыс» романы да сондай тағдырлы шығарма. Өзі де күрескер адам, оның «Қылмыс» романы да сондай күрескер туынды. Тағдыры жағынан да, көркемдік жағынан да әлемдік әдебиетке керуендетіп жол тартатын бір шығарма болса, оны осы «Қылмыс» романы деп есептейміз.