Таяуда облыс орталығының іргесіндегі Нұрлыкөш ауылында қоныстанған, өмірге 16 бала әкелген батыр ана Сағындық Шұғайыпқызының шаңырағында болып, сұрапыл жылдардың сұмдығын өз аузынан естіп қайттық. Арғы аталары босағасына тепкілесе кетпейтін ырыс байланған әулеттен. Аталары Капитон, Хамза қажылық парыздарын өтеген діндар адамдар екен. Аласапыранда жаңа өкіметтің беталысынан шошынған әулет, қажыға қараған ет жақын туыстар атақоныс – Зайсан өңірінен үдере көшсе керек. Бір үміт жетектеп Тарбағатайдың төсінде түйе шөгерген. Шәуешек қаласының маңы. Ресми түрде Тарбағатай аймағы Қобықсәрі ауданы деп аталады.
Ұйғыр, дүнгені аралас бір қауым жұрт. Шамамен 80 мыңдай халық. Оның шамамен 30 мыңы – қазақ. Мидай араласқан қауым ұлтқа бөлінбеген, бір-бірінен іргесін аулақ салмаған. Кәдімгі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заман. Отағасы Рамазан Баймоллаұлы лауазымды қызметтер атқарыпты. Тектінің тұяғы жерде қалмаған ғой. Аудан әкімі болып та сайланған, кейін қазақ тарихын зерттейтін арнайы мекемені басқарған.
Төрт құбыласы тегіс сай болса да көкірегінде бебеулеген жалғыз арман болған сыңайлы. Бүгінде сексеннің сеңгіріне табан іліктірген жан жары – Сағындық әжеміздің айтуы солай. Ондағысы туған жерден топырақ бұйырса ғой деген ниеті. Әйтеуір өзекті жанға бір өлімнің бары ақиқат. Күндердің күнінде пешенесіне жазылған тіршілік таусылып, қайтпас сапарға аттанғанда, ата-бабамның қасиетті қонысындағы торғындай жұмсақ топырақты жамылып жатсам ғой дейді екен де. Ақыры сол арманына жетіп жығылған. 2014 жылдың ақпанында, өмірден өтер шағында Рамазан әкей бақұлдасқан ағайынға армансызбын депті. Топырақ туған жерден бұйырды, Жаратқаннан одан артық не тілерсің?! Ұл-қызым атақонысқа табан тіреді, енді осы елдің кәдесіне жарайды, тәуелсіздік таңы арайлап атқан туған елге перзенттік үлестерін қосады деп шүкіршілік етіпті.
Атажұрт тәуелсіздік алғанда төбелері көкке жеткендей қуанған. Іле буынып-түйініп, ұлы көшке ілесіп, туған топыраққа табан іліктіріпті. Әуелі қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы төңірегіндегі елді мекендердің біріне қоныстанған. Баспанаға қолы жетпесе де, бақыт құшағында. Ел өзінікі, жер өзінікі. Жаратқан иеден одан артық не тілерсің.
– Бір орыстың үйінде пәтерде тұрдық, дейді әжей. – Құдайға қараған адам екен, пәтерақы да сұраған жоқ. Бау-бақшаға қарайлассаңдар болғаны деді. Айтқанын бұлжытпай орындадық. 2007 жылы осы Нұрлыкөшке келіп орнықтық.
– Бірден бауыр басып кете алдыңыздар ма? – деп сұрадық біз.
– Бауыр баспайтын несі бар, өз еліміздің іші емес пе? Рас, көзге ұрып тұратын аз-маз айырмашылық бар. Күлбілтелемей шындығын айтқанда, арғы беттің қазақылығы басымдау болып көрінген. Ол жақта жетімдер үйі деген жоқ, қарттар үйі дегенді де өз басым естіп көрмеппін. Біз тұрған өңірде қонақүй, асхана да болмады. Мүмкін қазір бар шығар, бұрын жоқ еді. Сапарлап шыққандар кез келген үйден оразасын ашып, бұйырған қонақасын жеп жүре беретін. Айлап жатса да ешкім қабақ шытпайды. Еншісі бөлінбеген қазақ баласы емеспіз бе?
– Арғы жақта күнкөріс қалай болды?
– Қарнымыздың ашқанынан емес, ата-бабаның топырағын аңсағаннан келіп отырмыз. Әйтпесе, әне бір кездерде ондағы қазақтың несібесі азайған жоқ еді. Мыңды айдаған байларды да көрдік. Шыр бітпеді дегеннің өзінде бір үйір жылқы, он-он бес қара мал болатын. Ел еңбекқор болды. Селтеңдеп бос жүргенді көре алмайсың. Ең бастысы, әр ісінде береке бар. Қолөнер шеберлері қаншама?!
Айтуына қарағанда, келін болып жүріп әйкәпір атанбапты. Атасын 91-де, қайын енесін 88-ге келгенше баққан. Жүзінен шапағат нұры төгілген әжемізбен шекараның арғы бетінде шерге бөккен тіршілік туралы әңгіме өрбіттік. Ондағы қазақ ата дәстүрге, салт-санаға мық шегедей мықты екен. Қай тарапқа қарасаң да, ымыраласа түтін түтетіп отырған шаңырақ. Бірлік бекем, қайырымдылық көл-көсір. Ғайыптан тайып сүрінгеннің ел болып етегін қағады, қылдан тайғанды ақ жолға салады. Кемдік көрмепті. Жалғыз ырыстан ғана емес, жан азығынан да. Ғасырлар бойы халқымызбен бірге жасасқан ғажайып салт-дәстүрдің тіні үзілмеген.
– Әжей, өмірге он алты бала әкелгеніңізді естіп, таңырқадық. Бағып-қағу қиын болды ма? Қытай елінде баланы шектеу деген тәртіп бар деп естуші едік? Сізге қалай рұқсат берген? – деп сұраймыз біз.
– Ол кейін 1980-жылдардың ортасында орнатылған тәртіп қой, мен оған дейін үлгергенмін, – дейді әжей. – Өмірге егіз де, үшем де әкелдім. Тек бір өкініштісі, бірер балам шетінеп кетті.
Ал тұрмыс кем болмапты. Әрідегі дәулет, аталарына біткен мол байлық түгел болмаса да жұқанасы қалған. Қырық-елу сиыр сауған, жүздеп қой баққан, ал жылқы үйір-үйір. Ит басына іркіт төгілген молшылық заман. Қылышынан қан тамған қызылдан қашып, үдере көшкенде атадан қалған қазына ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткенімен, ат арқасында емес, адам көкірегінде ілесіп келген сарқылып бітпес, түгесіліп таусылмас, баға жеткізгісіз қазына бар. Ол қазына – ата қазақтың көшпенді тіршілігіндегі өміршең өнері. Түгі кереқарыс қалы кілем, аумағы атшаптырым жұмсақ әрі жылы алаша, ғасырдың жүгі басса да тозбас текемет. Ас-су ұстау жосығы өз алдына бір мектеп. Таратып сұрадық, абысындардың татулығы ғажап болған екен. Көппен бітетін шаруа сол бірліктің арқасында атқарылып тұрыпты.
– Манағы бір ретте бала кезімде әжелеріміздің өрмек тоқып отырғаны, киізге түр салып, өң бітірген тұстары көз алдыма елестейді дедім ғой. Сондай бір жанға жайлы мамыражай кезеңде олар үнемі ән салып отыратын, – дейді әжей. – Бүгінгі күні байыптап қарасам, жарықтықтар таң алдындағы бозторғайдың жапан даланы жарасымды күйге бөлеп шырылдағаны немесе ақселеудің, изеннің басын мың бұралта шайқап сайын далада ескен мөлдір самалдай сұлу әуен төгуін табиғатпен үндестірген екен ғой. Ол кісілердің ине-жібінен шыққан ою-өрнектің өзі алуан түрлі болатын. Бірақ біз соның бәрін көзімізбен көріп, қолымызбен ұстап өстік. Сондықтан да жадымызда жатталып қалды. Айталық «құс табаны», «қаз табан», «бота мойын», «бұғы мүйіз» тәрізді ою түрлері болатын. Олар бір-біріне ұқсамайтын өзгеше бітімді, бөлек бедерлі бейнелер еді. Яки, қоршаған ортаның ешбір боямасыз көшірілген көркем бейнесі. Қолөнерін дамыту арқылы айналадағы тіршіліктің суреттерін мөлдіретіп заттың бетіне түсірді, бедерледі. Өйткені сол кісілер үшін осындай суреттер ерекше ыстық болатын. Жалғыз қолөнер ғана емес, ескі қисса-жырларда да аққудың кербездігі, бұлбұлдың әншілігі, ботаның көздерінің сұлулығы сипатталады емес пе? Сөйтіп олар өздерінің күнделікті тұрмысы мен тұрақты кәсібінде жаңағыдай бейнелерді айнытпай көшіріп, сол табиғи қалпында жасандылықтан ада, бедерімен безендірілуін мінсіз қылып, бейнелеуге тырысқан.
Қытайдағы келіншектер еш затты пайдаланбай, бір кәдеге жаратпай ысырап қылмайды екен. Әлдебір киіздің қалдығы, матаның қиындысы кәдеге асып жататын көрінеді. Ұсақ-ұсақ қиынды маталардан жұп-жұмсақ көпірген құрақ көрпе тігіпті. Кілем қаптаған, түрлі палас толып кеткен бүгінгі заманда алаша, киіз, текемет, сырмақ босағаға сырылып қалды. Тіпті босағадан да әрі сарайдан орын тепті. Кір басып күйе жеді. Бізде мұндай заттарды мұражайдан ғана көруге болатын шығар.
Ол жақта алаша тоқуға бірлігі сүттей ұйыған бүкіл ауылдың іскер әйелдері жиналады екен. Әншейін бір алаша тоқу ғана емес, абысын-ажынның оны-мұны жаңалықтарын айтып, көңілдерін көтеретін мәнді-мәдени шара тәрізді. Әрбірінің ені 25-30 сантиметр болатын жіп жолақтарынан тоқылған қатты төсенішті тоқу үшін мосы, бас қазық, күзеу ағаш, серу ағаш, қылыш, адырғы, тарту ағаш тәрізді құрал жабдықтарды пайдаланыпты. Терудің өзі бірнеше түрге, әлденеше жосыққа бөлінсе керек. Айталық, оның жүз теру, гүл теру тәрізді әдістері болған екен. Жасы жеткен көнекөздер келін-кепшіктері осындай игілікті іспен айналысқан кезде жөн сілтеп, жоба көрсетіп, басшылық жасап тұрыпты. Өзінің білгенін кейінгіге үйрету үшін.
– Қолөнер шеберлерінің тіккен бөрігі, тымағы, шапаны, шекпені, ішігі, белбеуі, әйелдер киетін қамзол, қос етек көйлек, жаулықтың сан түрі қандай еді шіркін, – дейді Сағындық әжей.
Әсерлі әңгімеден ес жиып төрге қарасақ, бесік тұр екен. Бүгінгі күні көзден бұл-бұл ұшқан бұйым. Кәдімгі көне бесік. Әжеміздің он алты перзенті түгел жатқан шығар. Қыр арқасындағы талдан жасалған көлденең ағаш аналардың бесікті тербеткен аялы алақанынан жып-жылтыр болып қалған екен.
Әнебір тұста бесікті «ескіліктің қалдығы» деп күстаналайтындар болған, тіпті сол кеңестік дәуірде медицина институтының оқытушылары бесіктің зияны туралы лекция да оқыпты. Ал бесіктің пайдасы туралы көл-көсір әңгіме айтуға болар еді. Онда жатқан баланың тазалығы, денесіне жайлы болуы, сыз дарымайтындығы ғажап емес пе?!
– Бесік бір қалыпты жайлы тербетіледі, – дейді батыр ана. – Онда жатқан сәбидің де жүйкесі әлдилеген бесіктің ырғағымен бір қалыпты жайлы болып қалыптасады. Бұрынғының келіншектері елдегі көзінің сұғы бар дейтін біреулер келе жатса, бесіктің арқасындағы көрпемен жаба салатын. Демек, бесіктің көлденең көздің сұғынан, бейтарап тілден қорғайтын қасиеті болғаны ғой. Тал бесікке бөленген сәбидің бар ғұмыры арғы дәстүрмен әдіптеліп, салтпен сабақталған. Ашамайлап атқа мінгізіп, қалың жылқының ішінен жорға шығар, жүйрік болар жақсысын таңдап тұрып бәсіреге атаған.
– Ашамай туралы бір ауыз айта кетіңізші?
Сұрағымыз жалаңдау болды ма, әжей аңтарыла қараған. Жүзінде соны да білмейсіңдер ме деген жазу тұрғандай. Бірақ тәптіштеп айтып берді.
– Ғұмыры ат үстінде өткен ата-бабамыздың қанындағы бар ғажап қасиет жылқы арқылы даритын шығар. Бұл өзі ілкіден жалғасып келе жатқан дүние емес пе? Ашамай – негізінде, баланы атқа мінуге үйрету үшін пайдаланатын ертоқымның ең қарапайым түрі ғой. Кәдімгі ер сияқты алдыңғы, артқы қастары, екі қапталы болады. Әдетте үзеңгінің орнына тебінгіге жапсырыла тігілген тепкішек тігіледі. Жұқа, жұмсақ болған соң баланың сирағын жараламайды. Әдемі болуы үшін беті көз тартарлықтай етіп кестеленеді. Аңғарымпаз баланың аңғал көңілін аулау үшін қажет шығар. Алдыңғы, артқы қасына баланың қолтығының астынан байлайтын ағаш бекітіледі. Құлап қалмауы үшін. Ол жақта үш жасқа толысымен атқа ашамай салып үйрете бастайды.
Өмірден көргені көп, түйгені мол әжейдің әңгімесі сарқылатын емес. Түпсіз, телегей теңіз қазына іспетті. Түп-түгел көкірекке қотарып алар ма еді деп қиялдадым. Кейінгіге өнеге ғып жазу үшін. Осындай даланың даналығын бойына сіңірген адамдар халықтың қазынасы емес пе?!
КӨКШЕТАУ