Қоғам • 09 Сәуір, 2021

Қарғын судан қауіп бар

409 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Сәуір болмай, тәуір болмайды» екен. Қазақстанның солтүстік, шығыс, батыс, орталық өңірлерінде енді-енді қасат қардың көбесі сөгіліп, Жер-Ананың бауыры жіби бастады. Алайда алты ай жауған қардан аяқ асты құтыла салмайтынымыз анық. Өзендер ернеуінен асып, қызыл су қырға жайылып жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметіне сүйенсек, ел аумағында 43 мыңнан астам адам тұрып жатқан 171 елді мекенді су басу қаупі бар.

Қарғын судан қауіп бар

Адамдарды алаңдатпай қоймайтын осы ағынды су мәселесі туралы Президент жанындағы Орталық коммуникация­лар қызметінің алаңында айтылды. «Қам­данғанның қапы қалмайтынын» жұрт жақсы біледі. Бұл ретте Төтенше жағдайлар министрлігі орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірле­сіп, көктемгі су тасқыны кезінде оқыс оқи­ғалардың қаупін азайту мақсатында бірқатар кешенді шараны қолға алып жатыр.

– Өткен жылдардағы тәжірибеге сүйе­ніп, биылғы су тасқыны кезеңіне дайын­дық мақсатында 2020 жылы жазда елі­міздің аймақтарында шамамен 150 ша­қырым (148,9 шақырым) қорғау бөгет­терін салу және жөндеу, жағалауды нығай­ту, су тасқыны қаупі бар өзендердің 400 ша­қырымға жуық (374,7) арнасын тереңдету, 15 мың шақырым су бұру арналарын орнату, 5 мың арналарды және 7 мың арықтарды, су өткізу құрылыстарын тазалау бойынша жұмыстар жүргізілді, – дейді Төтенше жағдайлар министрлігі Төтенше жағдайлардың алдын алу департаментінің бастығы Рустамбек Амрин.

Департамент бастығының айтуынша, мемлекеттік азаматтық қорғаныс жүйе­сін көктемгі кезеңдегі төтенше жағдайларды жоюға дайындау, сондай-ақ қауіп төнген жағдайда халықты және ел аумағын қорғау бойынша іс-шаралар әзір­леу мақсатында биылғы 4-5 наурыз күн­дері «Көктем – 2021» республикалық коман­далық-штабтық жаттығу өткізіліпті. Әкім­діктер болса, 27,2 млн текше метр қар шығарды. Бұл жұмыстар әлі де жалғасып жатыр.

– Сонымен қатар өзендер арналар­ын­дағы мұз, сең кептелісі орын алатын учас­келерде мұзды ұсақтау, үгіту мақсат­ында мұз жару жұмыстары да алдын ала жүргізіледі. Ел аумағында осы күнге дейін 119 мәрте мұз жару жұмысы қолға алы­нып, ол үшін 18 тоннадан астам жарыл­ғыш зат пайдаланылды, – дейді Р.Амрин.

Еріген қар суын сору, қорғау бөгендерін нығайту және топырақ салынған қаптарды төсеу, өзендердегі мұзды тілу жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Су тасқыны жағдайын жедел бақылау мақсатында «Қазақстан Ғарыш сапары ҰК» АҚ ғарыш мониторинг деректері пайдаланылады. Өзен бассейндерінің су тасу қауіп бар учаскелерінде тұрақты түрде аэровизуалды зерттеу жүргізіледі.

– Өрт сөндіру-құтқару бөлімшелері­нің, ішкі істер органдарының, азаматтық қорғаныс және Ұлттық ұлан әскери бөлім­дерінің күштері мен құралдары әзірлікке келтірілді. Жеке құрамның жалпы саны бүгінде 10 мыңнан астам адамға және 1,8 мыңнан астам техникаға жетіп отыр. Осы жылы 27 наурызда Шығыс Қазақстанда су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізу үшін 52859 әскери бөлімінің тобы (50 адам, 8 бірлік техникалық, 4 қайық және 10 мотопомпа) жіберіліп, белгіленген орын­дарға бөлінді, – деді департамент бастығы.

Сонымен қатар азаматтық қорғаныс саласы қызметкерінің айтуынша, Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық бөлім­шелерінің резервтік топтары да әзір­лікке келтірілген. Яғни су басу қаупі аз өңірлерден қосымша топтар жасақ­талды. Олардың жалпы саны 1047 адам­ды, 121 бірлік техниканы, 47 жүзу құра­лын және 127 мотопомпаны құрап отыр. Сондай-ақ Көкшетау техникалық инсти­ту­тының жиынтық жасағындағы 55 офицер мен курсанттар, 3 техника жоғары дайындыққа келтірілген. Зардап шеккен тұрғындарды шұғыл эвакуациялау кезінде күштер мен құралдарды жеткізу үшін «Қазавиақұтқару» АҚ-ның 17 тікұшағы кезекшілік етеді.

– Зардап шеккен халыққа палаткалы лагерь тігіп беру мақсатында ТЖМ-ның жедел резервінің мүлкі мен техника­сы дайын тұр. Оларды жеткізуге, тігуге қажет күш пен құралдардың есебі жасалды. Жергілікті атқарушы органдар да аумақтық азаматтық қорғаныс қызмет­терінің күштері мен құралдарының есебін әзірледі. Есеп 38 мыңнан астам адамға, 12 мың бірлік техникаға, 535 жүзу және 2 мың су сорғыш қондырғыларға жүргізілді. Су ресурстары комитетімен және Қазгидрометпен бірлесіп жедел ақпарат алу және басқару шешімдерін қабылдау бойынша бірлескен іс-шаралар жоспары жасалды. Еліміздің оңтүстік аймағындағы жазықтар мен өзендер қардан, мұздан босағандықтан, тасқынның қаупі азайды. Алайда Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Түркістан облыстарындағы тауларда әлі де қар бар. Сондықтан қардың көптеп бірден еруі таудағы өзендерді тасқынға ұластыруы мүмкін, – деді Р.Амрин.

Ауа райының құбылғанына қарай Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы 171 елді мекенді су басу қаупі төніп тұр. Оларда 43 мыңнан астам адам тұрады. Тіпті Ақмола, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл және Қостанай облыстарында, Нұр-Сұлтан қаласында жекелеген су басу оқиғалары орын алды. Соның салдарынан 15 елді мекенде көшелер мен аулаларды, 3 тұрғын үйді су басты. Нұр-Сұлтан қаласы мен Шығыс Қазақстан облысындағы Бородулиха ауданының Орловка ауылында, Ақмола облысының Қоянды ауылында еріген қар суы сорылды.

Бұл ретте биылғы 1 сәуірден бас­тап Төтенше жағдайлар министрлігінің ахуалдық орталығында республикалық жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Мұндай штабтар Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақ­стан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қос­танай, Павлодар және Солтүстік Қазақ­стан облыстарында да іске қосылған. Су тасқынына байланысты мәселелер туындаған жағдайда ТЖМ жедел штабына 559637, 323286 телефондары, сондай-ақ 112 бірыңғай байланыс номері бойынша хабарласуға болады.

– Су ресурстары комитетінде 2021 жылғы су тасқыны кезеңіне арналған су тасқынына қарсы комиссия құрылды. Осындай комиссиялар «Қазсушар» респуб­ликалық мемлекеттік кәсіпорны мен оның филиалдарында құрылған. Гидро­техникалық нысандарды пайдалану қағидаларына сәйкес, әрбір су қой­масы үшін су қоймаларын толтыруға және күтілетін түсімдерге байланысты су тасқынын өткізу кестесі әзірленді. Су тасқыны кезеңі басталғанға дейін тасқын суларды жинақтау және қарқынды су тасқыны кезіндегі маневрлеу үшін су қоймаларында бос сыйымдылықтар қоры қамтамасыз етілді, – деді Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов.

Алайда жауған қардың көлемін ескерсек, су қоймаларынан ағызылатын су көлемі едәуір артатыны анық. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар елді мекендерге жақын орналасқан су қоймаларынан ағызылатын суды бұруға қажет арналардың өткізу қабілетін ұлғайту жөніндегі жұ­мыс­тарды жеделдетуі және күшейтуі қажет-ақ. Себебі су қоймаларының сыйымдылығы қалыптастырылып, арналар тазаланған жағдайда ғана су тасқынын апатсыз өткі­зуге болады.

Тасқын кезінде жолдар да бұзылады. Осыған орай жұмыстарды уақтылы әрі тиімді ұйым­дас­тыру үшін барлық қажетті жол материалдары әзірленіпті. Атап айтқанда, 631 тонна жанар-жағармай (97%), 7,3 мың текше метр құм (100%), 12,2 мың текше метр тас (100%), 14,5 мың текше метр қиыршық тас (100%), 44,6 мың қап (82%) және 24 темірбетон конс­трук­ция­сы (100%) сақадай сай тұр екен.