Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы Ұлытауға арнайы келіп, халықаралық «Ұлытау-2019» туристік форумында сөз сөйлегенінде былай деген еді: «Ата-бабалардың аманатына адал болу – бізге сын. Сондықтан біз Алтын орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алуымыз қажет. Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру – өте маңызды міндет. Ұлытау – халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығы болуы тиіс. Бұл жұмыстар Алтын орданың 750 жылдығын мерекелеу аясында басталуы қажет». Міне, Президенттің осындай парасатты пікірінен кейін, үлкен іске қозғау салынып, соның нәтижесінде жоғарыда айтылған ірі жобаның тұсауы кесілген болатын.
Нақтырақ айтқанда, Жошы хан тарихи-мәдени кешенінің құрылысы Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған міндеттерді жүзеге асыру бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылдың 31 желтоқсанындағы №1059 Қаулысымен бекітілген «Ұлық Ұлыс» – Алтын Орданың 750 жылдығын дайындау және мерекелеу жөніндегі іс-шаралар» жоспарына енді.
Тарихи-мәдени кешеннің құрылысы 2020 жылдың шілде айында басталды. Қарқынды түрде жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бүгінде құрылыстың 90%-ға жуығы аяқталған. Қазіргі уақытта ішкі әрлеу, ауланы абаттандыру, көгалдандыру және инженерлік сыртқы желілерді қосу жұмыстары жүргізілуде.
Кешен құрылысымен мердігер компания – «Самға» ЖШС-і айналысып жүр. Құрылыс жұмыстары жүріп жатқан кешеннің аумағы өте ауқымды: ол 2,5 мың шаршы метрді құрайды. Оның ішінде, 1,8 мың шаршы метр аумақта көрме залы, асхана, 20 орындық қонақүй мен намазхана сияқты бөлімдер орналасқан.
Жоспар бойынша кешеннің құрылыс жұмыстары келер жылы аяқталуы тиіс болатын. Алайда, құрылысшылар кешенді биыл салып бітіреміз деген ниетте.
Мердігер компания «Самға» ЖШС-нің өкілі Ұлан Наурызбаев құрылыс материалдарының жеткізілуі, жұмыс кестесінің қатаң сақталынуы және жұмыскерлердің еңбекақыларын дер кезінде алуы бойынша алаңдатарлық ешқандай мәселе жоқтығын айтады.
– Құрылыс жұмыстарына «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша осы күнге дейін 100 адам тартылды. Мұндағы орташа жалақы көлемі 140-150 мың теңге көлемінде. Қазір ғимараттың сыртқы құрылыс жұмыстарының 75-80 пайызы орындалды, – дейді ол.
Кешендегі жылыту жүйесі электр қуаты арқылы жұмыс істейтін болады. Қазіргі уақытта нысанды электр желісіне қосу мәселесі толығымен шешілген. Тағы бір айта кететін жағымды жаңалық – бүгінде Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Жошы хан кесенесіне реставрация жұмыстары жүргізілуде.
Тарихи-мәдени кешеннің құрылысы толығымен аяқталып, ол пайдалануға берілгенде біздің алдымыздан мынадай көрініс шығатын болады: үлкен дәліздің кіреберісіне монитор қойылады, оның көмегімен кесенеге келушілер кешеннің ішкі мазмұнымен және Жошы хан кесенесінің тарихымен таныса алады. Барлық мәлімет үш тілде – қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде ұсынылатын болады. Холдың ортасында «Бәйтерек» ағашы орналастырылады. 3D форматындағы жеке бөлмеде ежелгі қала жобасы көрініс таппақшы.
Тарихи-мәдени кешеннің ауласында тақта отырған Жошы хан ескерткіші орнатылған. Биіктігі бес метр болатын бұл мүсіннің авторы – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Ғазиз Ешкенов. Ескерткіш маңында тақырыптық тұрғыда безендірілген шатыр болады. Шатыр кілемдермен және әшекейлермен көмкеріледі, сонымен қатар суретке түсушілерге арналып символикалық тақ орнату да жоспарланған. Тақтың алдына Кетбұқаның балауыз мүсіні мен кешен аумағында «Ақсақ құлан» шағын сәулет нысандары мен күймелер, тулар, тутұғырлар қойылады.
Кешен ғимаратының техникалық жағына да толыққанды көңіл бөлінген. Атап айтсақ, экспозициялар мен демонстрацияларға арналған залдар, намазхана, тамақ ішетін буфет-шайхана, қызметкерлердің тұруына арналған бөлмелер, кешенге келуші саяхатшы қауым мен қонақтарға арналған демалыс бөлмелері болады.
Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова аталған кешеннің негізгі мақсаты мен міндеті – қазақ халқының қалыптасу тарихының маңызды кезеңдерінің біріне тұрғындардың қызығушылығын арттыру үшін келушілерді тарту екендігін айтады.
– Жобаны жүзеге асыру барысында Қазақстан халқы Жезқазған қаласының ғана емес, Ұлытау ауданының да тарихи нысандарын аралауға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, бұл нысан Жезқазған өңірі мен еліміздің баға жетпес мәдени мұрасын насихаттауға да игі ықпалын тигізеді деген сенімдеміз, – дейді З.Ақылбекова.
Тарихи нысандарға барар жолда келушілер үшін негізгі демалыс орны – Жошы хан кешені мен оның аумағында орналасатын этноауыл болады. Сонымен қатар, қолөнершілерге ұлттық нақышта кәдесыйлар сататын орындар ашу жоспарланған. Ғалымдармен бірлесе отырып, «Ұлық Ұлыс» экспозициясы әзірлену үстінде.
Экскурсиядан басқа, келуші қауымның бос уақытын мәдени іс-шаралар арқылы тиімді, әрі белсенді өткізу жоспарда бар. Демалыс орындары ретінде Жезқазған қаласындағы қонақ үйлер мен мәдени нысандар ұсынылады. Сонымен қатар, маршрутқа Жезқазған қаласындағы тарихи-археологиялық және Қаныш Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік музейлерді қосу, қаланың көрікті жерлерімен танысу ұйымдастырылады.
Сондай-ақ, қала әкімінің орынбасары туристік кластерді дамыту аясында келушілерді қызықтыру үшін туристік фирмалармен бірлескен жұмыс ұйымдастырылатынын да атап өтті. Жоспар бойынша туристер ағыны жылына үш мыңнан астам адам болады деген болжам бар.
Қорыта айтқанда, Жошы ханның тарихи-мәдени кешенін жақын маңдағы әртүрлі дәуірлерге жататын ескерткіштерді, ең бірінші кезекте Алтын Орда тарихын зерттеу үшін, сондай-ақ отандық және шетелдік ғалымдардың қатысуымен тарихи тақырып бойынша ғылыми конференциялар өткізу үшін ғылыми база ретінде пайдалануға болады. Бұдан бөлек, студенттер мен оқушылардың тарих пәндерін және оқу практикаларын осы керемет тарихи-мәдени кешенде ұйымдастыру да жоспарда бар. Бір сөзбен айтқанда, бұл игі бастама тек қана Жезқазған-Ұлытау аймағы үшін ғана маңызды емес, ол Қазақстанды күллі әлемге танытатын бірегей жоба болады деген сенім бар.
Сөз соңында айта кететін тағы бір жағымды жаңалық – Жошы хан тарихи-мәдени кешенінің құрылысы биыл аяқталып, оның салтанатты ашылуы алдағы айлардың бірінде өтеді деп жоспарланған.
Қарағанды облысы,
Жезқазған қаласы