Осындай қоғам мен экономиканың мүддесі үшін инновацияларды жасауға бағытталған іргелі және практикалық білімдер, құзыреттіліктердің симбиозы алдыңғы орынға шығып отырған жағдайда қазіргі жоғары білім берудің жандануы іс-әрекеттің негізгі түрлері және мамандардың біліктілігі мен құзыреттілігіне қойылатын талаптар өзгеретін индустриалдық экономикадан постиндустриялық дамуға өту; білім беру саласының, оның ұйымдастыру форматтары мен қолданылатын педагогикалық технологияларды түпкілікті өзгеріске әкелетін цифрлы білімге көшу, сол арқылы оның уақытқа, тұрғылықты орынға тәуелсіз жылдам тарауына әкелетін жаһандық процестермен анықталатындығы кездейсоқ емес.
2019 жылғы 12 сәуірде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысында және еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тікелей бастамасымен ЭКСПО-2017 аумағында IT саласында біліктілігі жоғары деңгейдегі мамандар даярлауға бағытталған Astana IT University ашылған болатын. Университетке аз уақытта көшбасшылық пен жаһандық нарықта отандық цифрлы шешімдердің экспортын қолдай отырып, Қазақстанның цифрлы трансформациясының драйвері және флагманы болуы тиіс деген күрделі міндет қойылды.
Алғашқы күннен бастап-ақ AITU (университет бүгінде нақ осы атпен көпшілікке мәлім болып отыр) жұмыс берушілердің біліктілігі жоғары мамандарға сұранысын қанағаттандыру мақсатында шетелдік академиялық серіктестерімен және IT компаниялармен бірлесіп жасалған бірегей білім бағдарламаларын іске асыруға бағыт алды. Бүгінде мұнда еліміздің IT нарығында сұранысқа ие бағдарламалық инженерия, компьютерлік ғылымдар, киберқауіпсіздік, телекоммуникациялық жүйелер, үлкен мәліметтерді талдау, медиатехнологиялар, цифрлы журналистика және IT-менеджмент бағыттары бойынша ағылшын тілінде үш жыл мерзімде мамандар даярланады.
Astana IT University құрылғаннан бастап екі жылдың ішінде үлкен жетістіктерге қол жеткізді деп айтуға негіз бар. Еуропалық тұрғылар негізінде академиялық саясат, ішкі сапаны қамтамасыз ету жүйесі, тәуекелдерді басқару саясаты мен формалды және формалды емес оқыту нәтижелерін тану (кредиттерді есепке алу) жүйесі құрылып, жұмыс істеуде. Нәтижесінде ЖОО институттық аккредиттеуден сәтті өтті, сол сияқты барлық білім бағдарламалары 5 жылдық мамандандырылған аккредиттеуге ие.
Алаштың көрнекті қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының сөзімен айтсақ, кез келген оқу орнының «жүрегі» – мұғалім. Адами капиталды тартуға бағытталған тиімді кадрлық және әлеуметтік саясат негізінде университетке еліміздің барлық түкпірінен саланың ең мықты мамандары тартылды. Шетелден Хирш индексі жоғары деңгейдегі IT бағытындағы әлеуетті ғалымдар, топ-менеджерлер шақырылып, жұмыс істеуде. Студенттерге «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген University of Southern California, Boston University, The University of Chicago (АҚШ), University College London, Imperial College London, Robert Gordon University, University of Bristol, The University of Sheffield (Ұлыбритания), Гумбольт университеті (Берлин, Германия) тәрізді әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындарының түлектері сабақ береді. Оқытушылық-профессорлық құрамның әлеуетін екі жыл қатарынан «ЖОО үздік оқытушысы» дәрежесін иеленуінен-ақ байқауға болады.
Университетте 1900-ден астам дарынды студенттер білім алуда. Айта кетерлігі, олардың 50%-ға жуығы НЗМ, БИЛ, «Дарын», т.б. инновациялық мектептердің түлектері. Студенттер қазірдің өзінде AITU Project Challenge жобасы арқылы шағын және орта бизнес, мемлекеттік және басқа да құрылымдарда өздерінің IT-шешімдерін енгізумен айналысады. Бұл жоба нақты кейстерді шешу арқылы студенттердің практикалық дағдыларын дамытуға бағытталған.
Университет талантты жастарды тарту үшін жыл сайын бағдарламалау, математика, ағылшын тілінен олимпиадалар, сол сияқты ЖОО студенттері арасында ақпараттық қауіпсіздік бойынша турнир өткізеді. Жеңімпаздар оқу гранттарын жеңіп алады. Мысалы, «AITU iCode» республикалық олимпиадасына
3 мыңнан астам оқушы қатысты, бұл жерде бағдарламалаумен айналысам деушілерге оның дағдыларын дамыту бойынша тегін курстар ұсынылды. «AITU iCode» шешуші кезеңінің (1-2 мамырда өтеді) жеңімпаздары ACM ICPC спорттық бағдарламалау бойынша университеттің құрамасына тартылады деп күтілуде.
AITU-дың келесі міндеті – білім алушылардың технологиялық кәсіпкерлігі мен StartUp бастамаларын дамыту арқылы өзінің зияткерлік өнімдері арқылы табыс табуға мүмкіндік беретін инновацияларды жасау және ілгерілету жүйесін жасау. Университеттің ЭКСПО аумағында Astana IT Hub эко-жүйесіне кіретінін ескере отырып, «AITU Talks» жобасы жасалды, бұл алаңда табысты АТ StartUp жобалардың негізін қалаушылар AITU студенттерімен өздерінің тәжірибесімен және тиімділік құпиясымен бөліседі. Өздерінің идеяларын дамытуға және кәсіп ашуға дайын студенттер «Атамекен» ҰКП және Astana IT Hub бизнес-инкубация және акселерация бағдарламаларын өтуге, әрі қарай әлемдік венчурлық қорлардың конкурстарына қатысуға мүмкіндіктері бар.
Университетте білім алушылардың практикалық құзыреттіліктерін дамыту үшін Huawei, Cisco, Kaspersky, Microsoft, Apple, Oracle, 1C, т.б. ірі халықаралық IT вендорлар тартылды. Бұл компаниялар университет базасында өз технологиялары бойынша оқыту және сертификаттаумен айналысатын зертханаларын ашты. Бұл студенттерге халықаралық АКТ нарығында сертификатталған маман болуына және шетелдік компанияларға жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді.
«Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Коркем Телеком» ЖШС, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, «Astana Innovations» ЖШС, «Epam Kazakhstan» ЖШС және басқа да еліміздің ІТ және коммуникациялар нарығының негізгі компанияларымен тығыз серіктестікке білім бағдарламаларын үнемі жетілдіруге және дер кезінде нарық сұранысына бағыттауға мүмкіндік береді. Бүгінде студенттерге IBM, Booking.com, Google, Kolesa, KazDream және басқа да IT компаниялардың қызметкерлері сабақ береді.
Университет ғылыми зерттеулер бағытында жұмыстарды белсенді жүргізуге және студенттерді даярлауда Research Oriented Study (ROS) қолдануға кірісті. Мәселен, оқу барысында студенттер пәндер арқылы зерттеудің заманауи әдістерін меңгереді және ерте курстардан бастап ғылыми жұмысқа тартылады. Бұл жерде біздің оқытушылар есеп қою, болжам жасау, әдістерді таңдау және нәтижелерді талдаудың барлық кезеңде менторлық жасайды, бұл студенттердің мамандық бойынша жұмыс істеуі барысында немесе магистратурада оқуын жалғастыруда бәсекеге қабілеттілігін арттыра түседі.
AITU-да SMART CITY, EdTech, Data Analysis Development Center, INDUSTRY 4.0, AgroTech ғылыми-инновациялық орталықтары және FabLab зертханасы ашылған. Оның мақсаты – шетелдік серіктестермен бірге Нұр-Сұлтан қаласы, білім беру және экономиканы дамыту бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу.
Бүгінде Astana IT University базасында «Scientific Journal of Astana IT University» халықаралық ғылыми журналы шығарылады. Журналда түрлі елдердің ғалымдарының мақалалары басылады және ЖОО ғылыми қауымдастығына халықаралық деңгейде тиімді ынтымақтастық құруға мүмкіндік береді. Журналды Scopus, Web of Science мәліметтер базаларына енгізу жоспарланған.
Университет ғылыми және ғылыми-техникалық іс-әрекет конкурстарына белсенді қатысады. Соның нәтижесінде БҒМ Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруы негізінде жалпы сомасы 150 млн теңгеден асатын, 2021-2023 жылдарға арналған үш ғылыми жоба іске асырылуда. Бұлар ЖОО ғылыми әлеуетін бағалаудың инновациялық технологиясы, коммуникативті емес симметриялық кеңістіктер және қалпына келтірілетін энергетика бойынша энегрожүйені моделдеу сияқты көкейкесті мәселелерді шешуге бағытталған. Сол сияқты жас ғалымдарды ынталандыру мақсатында ғылыми жобаларды іске асыру үшін университетішілік гранттар бөлінді. Бұл гранттар негізінде жас ғалымдар Нұр-Сұлтан қаласы ауасының ластануын талдау және мониторинг жасау жүйесін, қаланың аймақтары бойынша жылу энергиясын пайдалануды талдау үшін машиналық оқыту және моделдеу әдістерін, глаукоманы зерттеу үшін арнайы модель, виртуалды университет жобасын жасауда. Нәтижесінде, кейінгі екі жылда AITU оқытушылары Scopus және Web of Science мәліметтер базасының Q1-Q2 квартиліне кіретін журналдарында мақалаларын жариялады.
Қазақстандық ғылымды ілгерілету және алдыңғы қатарлы тәжірибелермен бөлісу мақсатында 2021 жылдың
28-30 сәуірінде университетте IEEE қауымдастығының қолдауымен «2021 IEEE Smart Information Systems and Technologies» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтеді, оған 17 жақын және алыс шетелдің ғалымдары, IT саласының мамандары қатысады.
Бүгінде Astana IT University АҚШ, Қытай және Еуропаның жоғары оқу орындарымен серіктестік шарттар жасасты. Бұл студенттерімізге академиялық ұтқырлық аясында білім алуға, университетке оқыту әдістерін жақсартуға және оқытушылармен алмасуға мүмкіндік береді.
Astana IT University өзінің IT платформасын дамытуда және Digital University жобасы арқылы «цифрлы іздің» предиктивті талдамасы құралдарын дамытып жатыр. Сонымен қатар таңдалған IT бағыты бойынша «өмір бойы білім алу» (Life Long Learning) құзыретін қалыптастыруға бағытталған оқытудың жаңа цифрлы сервистерін енгізу үстінде.
Биыл ЖОО-да мәліметтерді талдау, цифрлы трансформация, есептеу ғылымдары және смарт-технологиялар бағыттарында жаңа магистратура, МВА және докторантура бағдарламалары ашылмақ.
Astana IT University оқу орындарының жетістіктерін әлемдік білім беру кеңістігіне енгізуге бағытталған отандық ЖОО ғылым мен білімде академиялық үстемдікті дамыту бойынша консорциумының (альянсының) мүшесі. Отандық ЖОО жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттырудың жалғыз тиімді жолы – ресурстарды біріктіру болғандықтан, мұндай серіктестіктер ықпалы жоғары болады.
Көрініп тұрғандай, ашылғаннан бастап Astana IT University жоспарлы түрде стратегиялық мақсаттарын іске асыруда және қазақстандық қоғамның цифрлы трансформациясының әлеуетін одан әрі дамытуға дайын.
Дархан Ахмед-Заки,
Astana IT University ректоры