Павлодардың әлеуметтік-волонтерлық орталығы №43 орта мектепте “Ізгілік сабағы” акциясын ұйымдастырды. Бұл шара “Ізгілікті Павлодар” қайырымдылық фестивалінің заңды жалғасы іспетті болды. Акцияға “Десента” қоғамдық ұйымы бастамашылық танытса, ол өткен ақпан айында “Сыйлыққа арман”, “Менің сүйікті аулам”, “Сатып алдың — бер” шараларын да өткізген болатын. Сол жолы павлодарлықтарға қайырымдылық танытуға мүмкіндік беріліп, талантты балаларға, мүмкіндіктері шектеулі бүлдіршіндерге, үйсіз жандарға қайырымдылық көрсетілген еді. Яғни, облыс орталығының тұрғындарына мұқтаж адамдарға жақсылық жасау үшін үндеу тасталған-тын. Ал “Ізгілік сабағының” бұл жолғы шарасы сәл басқа бағытта жүрді.
– Теледидардан біз Теміртау жастарының аулалардағы спорт алаңдарын қалпына келтіріп жатқандары туралы сюжет көріп қалдық. Сөйтіп, теміртаулықтардың бастамаларын іліп әкету жөн деп шештік. Балалардың, ересектердің бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып үндесіп, ізгілікті іске ден қойғандары қандай ғанибет, – дейді Әлеуметтік-волонтерлық орталық жобаларының үйлестірушісі Светлана Гладышева.
Павлодардың №43 орта мектебінде бастау алған шараны басқа білім ордалары жалғастырып әкетпек. Өйткені, облыс орталығындағы әр мектепте волонтерлар мен еріктілер жасақтары бар. Олар төменгі сыныптарға келіп, осындай “Ізгілік сабақтарын” өткізеді. Бұл шаралардың ерекшелігі сонда, сабақтарға педагогтармен қатар, ата-аналар мен жастар қатысады. Бәріміз бірлесіп мүдделестік танытқанда ғана ізгілікті істер өте қажет екенін көрсете аламыз.
Фарида БЫҚАЙ.
ПАВЛОДАР.
СЕНАТ ДЕПУТАТЫ САЙЛАНДЫ
Қостанай облысынан шығып қалғанның орнына Парламент Сенатының депутатын сайлау болып өтті.
Өткен жылдың 11 желтоқсанында Сенаттың қаулысы қабылданып, соған орай Конституцияға сәйкес, басқа жұмысқа ауысуына байланысты Сенат депутаты Евгений Иосифович Аманның өкілеттігі тоқтатылған болатын. Облыстық сайлау комиссиясы Қостанай облысынан Парламент Сенатының депутаттығына үміткерлер Асқар Аронұлы Мұратов пен Жеңіс Мирасұлы Нұрғалиевті тіркеген еді.
Таңдаушылардың бірлескен отырысында көпшілік дауыспен Жеңіс Мирасұлы Нұрғалиев Сенат депутаттығына өтті. Ол бұған дейін Қостанай облысы әкімінің орынбасары болып қызмет істеді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
ҚОСТАНАЙ.
БАЛА КҮТУШІ ДЕ — МАМАНДЫҚ
Елбасы тапсырмасымен өткен жылдан бастап қолға алынған “Жол картасы” бағдарламасы көптеген мүмкіндіктерге жол ашып берді. Соның бірі – жұмыссыз отырған адамдарға мамандық беріп, еңбекке орналастыру.
Қазіргі кезде Орал қаласындағы Ж.Досмұхамедов атындағы педколледжде “Жол картасына” сәйкес бала күтушілер мен тәрбиешілер даярлануда.
— Әрине, қай мамандықтың да өз орны бар. Дегенмен техникалық, педагогикалық мамандықтармен қатар өмірге қажетті басқа да кәсіп түрлерін ұмытуға болмайды. Мәселен, кәдімгі бала күтушілік көп елене бермеуі мүмкін. Біз қазіргі таңда бұл мамандықтың да аса қажет екендігін түсіндірдік. Осы бастамамыз Білім және ғылым министрлігі тарапынан қолдау тауып, мемлекеттік стандартқа енгізілді, — деді газет тілшісіне колледж директоры, педагогика ғылымдарының докторы, Орал қалалық мәслихатының депутаты Шалқыма Құрманәлина. – Биыл бала күтушілер мен тәрбиешілер жиырма адамнан екі топта оқытылуда. Жұмыспен қамту органдары арқылы жолдамамен келгендер үш айлық курс кезінде ай сайын 7500 теңгеден шәкіртақы алады. Әсіресе, Қазақстан бойынша бірінші рет қолға алынған бала күтушілікке оқуға қала мен аудандардан тілек білдірушілер көп болып отыр. Қазірдің өзінде 25 адам екінші кезекке жазылды. Колледжде арнайы оқу бағдарламасы жасалып, курс тыңдаушылары сол бойынша білім алуда. Бала күтушілер мен тәрбиешілер оқуын бітіргеннен кейін келген жерлеріне барып, мектепке дейінгі балалар мекемелеріне орналасады. Колледжде биыл осы екі мамандық бойынша 60 адам оқып шықпақ. Бұл мақсатқа 5,838 млн. теңге бөлініп отыр.
Жалпы, аталмыш педколледжде “Жол картасы” бойынша да мамандар даярлау жолға қойылып, тәжірибе жинақталған. Айталық, өткен жылы ЭЕМ операторлары мен хатшы-референттер оқып шықты. Қазіргідей кезеңде адамдар өздеріне қажетті мамандық алып, жұмыс тауып жатса, мұның кім-кім үшін де пайдалы екендігі анық. “Жол картасында” алға қойылған мақсаттың бірі де осы.
Темір ҚҰСАЙЫН.
Батыс Қазақстан облысы.
ЖОЛ МЕН ЖОЛАУШЫ МӘСЕЛЕСІ БАСТЫ НАЗАРДА
Күн тәртібінен жол мен жолаушы мәселесі әсте түскен емес. Қазіргі кезде ішкі тасымалдаудағы автокөлік құралдарының жиілігі шекаралық тасымалдауға қарағанда 9 есеге артқанын көрсетеді. Өңірде тұрақты жұмыс істейтін бір ғана көліктік бақылау мекемесі бар екенін ескерсек, ол ұзындығы 6953 шақырымдық жергілікті пайдаланымдағы және ұзындығы 2664 шақырымдық республикалық маңызы бар автожолмен жүретін автокөлік құралдарын бақылайды. Осы жолдарды пайдаланған жүргізушілер тасымалдау барысындағы көлік саласы заңдарын бұзып, қауіпсіздік шараларын көбіне ұмыт қалдыратыны айтпаса да түсінікті. Осының әсерінен салмақтық, тағы басқа өлшем бірліктерінің рұқсат етілген көлемі сақталмағандықтан, жол істен шығып, жиі қосымша жөндеуді талап етеді.
Қазіргі кезде өңірдегі Алматы-Сарыөзек-Талдықорған-Үшарал-Достық, Алматы-Шонжы-Ақсай-Қалжат-Ұзынағаш-Отар бағыттарында үш ауысымда көлік бақылауын жүзеге асыратын көшпелі бекет жұмыс істеуде. Дей тұрсақ та, көктемгі және жазғы кезеңдерде жүк көліктерінің салмақтық өлшем бірліктерін сақтамауынан жол төсемдерінің мезгілсіз бұзылуына әкеліп соғуда. Осының салдарынан жолаушы мен жүк тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында соңғы бес жылда республикалық автожолдарды жөндеуге бюджеттен 560 млрд. теңге бөлініп, жолдар ретке келтірілгенін көреміз.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.